ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ
2019 ж. 12 қараша
2244
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай «Жұмабек Кенжалин – Журналист, Ғалым, Ұстаз. Қайраткер» атты шара өтті. Шара барысындағы Жұмабек Кенжалин атындағы «баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының ашылу салтанатына Ж.Кенжалинмен әр жылдары бірге қызметтес болған әріптестері, қоғам қайраткерлері, белгілі журналистер, ғалымдар, студенттер өзге де қоғам өкілдері қатысты.
Келген қонақтар алдымен университеттің тарихын баяндайтын мұражаймен танысты. Сол сияқты факультет жайлы түсірілген деректі фильм қатысушылар назарына ұсынылды. Жиынды жүргізуші Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубек Жұмабек Кенжалинның өмір жолын баяндап, қаламгердің жемісті де үлгілі еңбек жолына кеңірек тоқталды. Алғашқы болып сөз алған университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов журналистика факультетінен осы жылдарда көптеген белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шықанын атап өтті. Соның бірі Жұмабек Кенжалин де факультеттің ғана емес бүкіл университеттің мақтанышы екенін, сол себепті еңбегін бағалап, оның атын студенттер білім алатын дәрісханалардың біріне беру ұйғарылғанын жеткізді.
Дәрісханаға Ж. Кенжалин атының берілу салтанатына жазушы-публицист, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сарбас Ақтаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Сәбит Досанов, ҚР Парламенті депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сауытбек Абдрахманов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жұмабек Кенжалиннің курстасы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай және де бірқатар қаламгерлер қатысып, Кенжалиннің журналистік және қоғамдық қызметі, оның жоғары адамгершілік қасиеттері туралы сыр шертіп, осы дәрісханада білім алған жастар Жұмабектің жолын жалғастырады деген сенімдерін білдірді.
Айта кетелік, Жұмабек Кенжалин 1954 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген. 1971 жылы Арқалық ауданындағы орта мектепті бітіріп шаруашылықта жұмыс істеген. 1973-1975 жылдары Қарулы күштер қатарында қызмет етті. 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студеттердің форумдарына қатысты. Университетте үздік оқып, сол кездегі ең жоғары саналатын Лениндік степендиат атанды. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаттығына сайланды. 1981 жылы оқу бітірген соң журналистикалық еңбек жолын «Егемен Қазақстан» газетінде қатардағы тілшіден бастады. 1986-1988 жылдары «Зерде» журналының жауапты хатшысы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редаторы, 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторы қызметін атқарды. 1999-2006, 2009-2017 жылдары
«Қазақ газеттері» ЖШС - нің бас директоры, Редакторлар кеңесінің төрағасы болды. 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саяси ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. «Желкілдеп өскен құрақтай», «Қалам қанаты» сияқты он шақты кітаптың авторы Жұмабек Кенжалин ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының, ҚР Журналистер одағы сйылықтарының лауреаты. Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, «Құмет» орденінің иегері, « Қазақстан республикасына – 20 жыл» медалімен марапатталған. 2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында «Серке сөздің сардары» атты кітап жарық көрді.
Жиын барысында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Жұмабек Кенжалинге сабақ берген Тұрымтай Дүйсебаева, Қожаберген Ахметов секілді ардагер ұстаздарды Университет басшылығының Алғыс хатымен марапаттады. Соңынан сөз алған Жұмабектің жары Әлима Әбдірахманқызы университет, факультет басшылығына және жиналған қауымға зор алғысын білдірді. Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен шарадан соң «Алтын адам» мейрамханасында бақилық болған ұстаздарға құран бағышталып ас берілді.
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні