Философия социалистік қоғамда схолостикалық мағынада қызмет атқарады
2019 ж. 09 қараша
3402
0
Философияны коммунистер ілімін насихаттауда пайдаланғанын өз тәжірибемнен өткіздім. Ұзақ жылдар маркстік-лениндік философиядан жоғары мектеп шәкірттеріне дәріс оқыдым. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ленин еңбектерін жатқа білетін халге жеттім. Айтпағым, философия социалистік қоғамда схоластикалық мағынада қызмет атқарды, оны ғылыми тілде апологетика деуге де болады. Маркстік-лениндік философия өзінің саясатқа жалдамалық қызметін мейлінше атқарды. Миллиондаған адамдардың санасын түбегейлі сапалық өзгеріске салды. Бұл істің салдары әлі де сақталуда.
Маркстік-лениндік философияның негізін салушылар өз істерінің шеберлері еді. Карл Маркстің «Фейербах туралы тезистері», Фридрих Энгельстің «Табиғат диалектикасы», «Анти-Дюринг», «Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры», Владимир Лениннің «Марксизмнің үш негізгі және үш құрамдас бөлігі», «Материализм эмпириокритицизм», «Философиялық дәптерлер» деген еңбектерін басшылыққа ала отырып, большевизм идеологтары білім саласына диалектикалық материализм және тарихи материализм деген екі пән енгізді. Осы пәндерді оқыту кезінде Ленин атап айтқан марксизмнің үш жаңалығы студенттер қауымына «білім» ретінде жеткізілді. Ол қандай жаңалықтар еді дегенге келсек: 1. Карл Маркстің «Капитал» деген еңбегінде ашқан «қосымша құн» теориясы. Ол қанаудың экономикалық негізі. Содан тап күресі шықпақ; 2. Тап күресінің пролетариат диктатурасына дейін жетуі туралы ақиқат; 3. Тарихты материалистік тұрғыда түсіну немесе «тарихты жасаушы тұлғалар емес, бұқара халық» деген теория. Маркстік философия осы теорияларды дәлелдеп, насихаттауды өз міндетіне алды. Сөйтіп, ол схоластикалық мазмұнын айқын аңғартты. Мұны қабылдамағандар Сталин заманында «халық жаулары» атанды, кейінгі жылдарда еркін ойлаушылар партиялық жазаларға тартылып отырды.
Ленин философияны саясатқа түбегейлі бағындырды. Осы мақсатта жоғарыда айтылған «Диалектика – марксизмнің жаны» деген қағида қоғам тануда нық орнықты. Бұл саяси күрес, саяси мақсат үшін таптырмайтын тезис. Диалектикасыз марксизмнің саяси құны жоқ екенін ол нақты түсінді. Пролетариат көсемі осы мақсатқа орай атап өтілген «Марксизмнің үш негізгі және үш құрамдас бөлігі» деген мақаласында маркстік философияға теориялық алғы шарт болған неміс классикалық философиясы деген түйін жасады. Неміс классикалық философиясы дегенде, әсіресе Гегельдің идеалистік диалектикасы ерекше бағаланды. Біз студенттерге дәрістерімізде осы бағытты ұстандық. Өзгеше айтуға «рұқсат» болмады.
Диалектика және оның мәселелерін зерттеу модаға айналып, немістің классикалық философиясына ашықтан-ашық табыну басталып кетті. Бұл істі коммунистік партияның атқарушы органдары қолдап, әрі бақылап отырды. Материализм, атеизмге негізделгендіктен, «Ғылыми атеизм негіздері» деген пәнді жоғарғы курс студенттері жаппай оқыды. Бұл пәнді меңгермеген студентке жоғары білімі бар деген диплом берілмейтін тәртіп орнады. Фридрих Энгельс «Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры» деген еңбегінде «неміс классикалық философиясы» деген ұғымды енгізіп еді, сол әлі қолданыстан шықпай келеді. Неге, неміс философтары ғана классик болуы керек, грек, француз, ағылшын, араб философтары қайда қалмақ? Оған жауап, неміс философиясы әлем философиясының шыңы. Кеңес заманында Гегель философиясына сын айтпақ түгіл, оған күдік келтіру қауіпті іске айналды, себебі бұл философия коммунистік режимнің қызметінде болды. Коммунистік партия диалектика мәселесімен шұғылданғандарға ризашылық білдіріп, оларды қаражаттандырып, марапаттап отырды.
Ғарифолла Есім
академик, жазушы
qazaquni.kz