Сөзімді менің сұрасаң, тұманың тұнық суынан...
2019 ж. 09 қараша
3156
0
(Ұстаздың сөз өрнегі)
Биылғы жылғы жазда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, «Құрмет белгісі», «Парасат» және І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылған қазақ тілтанымының бірегей тұлғасы Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 95 жасқа толды. Қарым-қабілеті қайран қалдыратын ғалым-ұстаздың тіл тарихының шежіресі мен бүгінгі ағымдағы тілді сабақтастыра қараған, сөздерді сөйлете отырып, сөз құдіретін танытқан, сөз мәдениетін саралаған еңбектері соншалықты ауқымды.
«Қайсыбір еңбегімді, кітап болсын, мақала болсын, жазуға кірісе бастағанымда, санама тоғытылып келген ойға қаламым ілесе алмай қалады, сол сәтте қолымды періштелер жебеп отырғандай болып, бар ойым қағаз бетіне түйдек-түйдегімен төгіле жөнеледі» - дейді Ұстаз.
Бұдан отыз бес жыл бұрын зиялы қауым бас қосқан, тіл тағдырына арналған алқалы жиында атақты Ғабит Мүсірепов мінбер биігінен «Сөз мәдениетіне келгенде Рабиға қарындастан бұрын сөз бастау қиын» деген еді.
Тағы бір жиында белгілі педагог Халима Адамовна Бекмаханованың «Рабиға – туабітті лингвист» деген бағасы есте қалды.
Ұстаздың ғажайып, өнегелі өмірінің жетпіс жылдан астам уақыты қазірге дейін де қазақ мәдениетінің, қазақ сөзінің рухын көтеруге арналып келеді. Ұстазды қалың әлеумет ең алдымен терең тілші-ғалым деп таниды. Әр маман Ұстаз еңбектерінен тілдің тарихы, сөздің төркіні мен түптамыры, сөздің санқилы мағыналық астары, сөзді жазу мен айтудың нормасы, тіпті фонетика мен фонология тәрізді әр саладан ізденіске сүйеніш боларлық тіректі таба алады. Ұстаз еңбектері сан салалы: өйткені 500-ден астам еңбегін қатарластыра қойып, қай-қайсысына да үңілсеңіз де, Ұстаз Тіл жайын ұлттың тарихымен және шежіресімен, әдебиетпен және көсемсөзбен, мәдениетпен және әлеуметпен әрдайым ұштастыра зерделейді. Академиктің іргелі монографияларын айтпағанның өзінде, сол бес жүзден асатын еңбектерінің көп бөлігін мақалалар құрайды. Әр мақаланың мазмұны ана тіліне сүйсінуге, ана тілінің қазынасын қастерлеу мен қадірлеуге қарай жетелейді.
Кең салалы еңбектерінің қатарындағы ғылыми-көпшілік мақалалардың мазмұнында Ұстаз тарапынан қоғам үшін де, тіл үшін де бірнеше мәселе алғаш рет зерделенген және осылар төңірегінде сөз қозғауға талпыныс жасап көрелік.
Біріншіден, қазіргі кезеңде тілдің ұлттық болмысты сақтаудағы, ұлтты ұйыстырушы қызметі саясаттың да, ғылымның да, әлеуметтік пікірдің де негізгі өзегіне айналды. Рухани жаңғыруға бет бұрған бағыт барлық ұлт
өкілдеріне айрықша қуат беріп отыр. Бүгінгі күн мен болашаққа деген оптимистік сезім қалыптастыратын маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бір белгісіндей биылғы жаздан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абай шығармаларын насихаттаудың жаңа бір үрдісі басталып кетті. Осы істің алғашқы үндеу-сөзін Ұстаз еңбектерінен табатынымызды мақтанышпен айта аламыз.
1992 жылғы бір мақаласында көркем әдебиетке қатысты ойларын түйіндей келе Ұстаз «көркем сөз үлгілерін қазақ тілі үшін жүргізіп келе жатқан күресіміздің бір қанатына айналдыруымыз керек. ... қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесінде көрінуі үшін шаруалар біртіндеп жүзеге асып келеді. Қазақ тілінде білім беруді қамтамасыз етуді қолға алдық. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қам-қарекет жасап жатырмыз. Бірақ осылайша қызмет өрісі кеңейіп келе жатқан тіліміздің сапасы, табиғи сипаты, әсемдігі қандай? Бұрынғы тілдің байлығы мен көркемдігін күшейтіп отырмыз ба әлде жоғалтып бара жатырмыз ба?
Осылардың баршасы орындалған күннің өзінде қазақ тілінің тек қатынас құралы болып, өзінің қалыптасқан әсемдігінен, көркемдік қазынасынан, табиғат берген үнді сазынан айырылмасын деп ойлайық. Алайда тілдің ұлттық танымға сай қызметі шамалы болып бара жатыр. Сондықтан Махамбет, Дулат, Абай сияқты поэзия алыптарының мұраларын көпшілік қауымға тек кітаптар арқылы емес, баспасөз беттері мен теледидар үндері, әртүрлі конкурстар жариялау арқылы да таныстыра түсу керек» деп ұсыныс жасаған екен.
Екіншіден, Ұстаздың мақалаларында, «сөз мәдениетіне қатысты жанайқайы» бар. Бұл жанайқайының бір «айқайы» негізінен шаршы топ алдындағы сөйлеу мәдениетіне қатысты. Сонау 80-інші жылдардың өзінде-ақ ғалым көпшілік алдында ауызша сөйлеудің жай-күйі мен сын-сипаты қандай дегенді зерделеп, «Әдеби тілдің ауызша түрі дегеніміз не?» деген сауалға жауап іздеді және бұл саланың бағдарламасын жасап берді. Әсіресе қазіргі заманғы ауызша әдеби сөйлеудің саяси, әлеуметтік, академиялық, радио мен теледидарға, сұқбаттасуға арналған түрлерінің және осы түрлердің мақсаттарына қарай қазақ сөзінің және сөз сазының қалайша топтасатындығы мен түрленетіндігінің сан үлгісін көрсетіп, бұдан жарты ғасыр бұрын дәлелдеген ұстаз пікірі ұлт тілінің өміршеңдігін сақтап қалудағы және қастерлеудегі, тілді насихаттаудағы бүгінгі шараларға тірек боларлық, ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да аса өзекті.
Үшіншіден, Ұстаздың іргелі еңбектері де, бір шоғыр ғылыми-көпшілік мақалалары да қазақ көркем сөзі мен тіл арасындағы бейне бір көпір іспеттес.
Ұстаздың ғылыми танымының бір саласы көркем әдеби шығармалардағы қазақ сөзінің өрнегі мен сазын ұлттық болмыс, ұлтты ұйыстырушы құрал ретінде зерделеуге бағытталған.
Жалпы, көркем әдебиеттегі тіл өрнегін іздеуге Ұстаз жиі барған. «Жазушының тілі, стилі» дегеннен гөрі «тіл өрнегі» деген оралымды қолданып, сонау ауыз әдебиетінен бастап қазірге дейінгі ақын-жазушылардың, кейінірек айтыс өнерінің табиғатына қалам тартқан Ұстаз
көркем сөздің бар қасиетіне сусындаудың қажеттігін насихаттау арқылы қазақ сөзінің рухын көтеруді мүдде тұтады.
Заңғар жазушы Мұқтар Әуезовтің «Әдебиет – тілмен әдебиет» деген сөзін тірек ете отырып, Ұстаз әдебиетті тілдің азығы деп танып, көркем әдебиет тілінде барлық тілдерге ортақ универсалийлер бар екендігін, алайда қазақ көркем әдебиет тілінің айырым-белгілерінің айрықшалығын баса айтады. Әрине, ғалымның Абай шығармаларының тілі туралы еңбектерінің орны бөлек. А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлының, Қ.Жұбановтың тілге, ғылымға қатысты пікірлерін қорытуы өзгеше биікте. Сонымен қатар ақын-жыраулар поэзиясын, Дулат пен Махамбет жырларын, М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Кекілбаев пен С.Бегалиннің, О.Бөкеев пен С.Бердіқұловтың, К.Сегізбаев пен М.Қабанбаевтың тілі мен стилін түйсініп, сүйсіне зерделейді. Ғалым барлық пікірінде Дулаттың «Жырымды менің сұрасаң, Сары алтынның буынан, Сөзімді менің сұрасаң, Тұманың тұнық суынан»; Махамбеттің «Еменнің түбі – сары бал», Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы», Ғ.Мүсіреповтің «көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сырты емес, ішкі сөз» тәріздес ойларын өз еңбектерінде сан мәрте қайталайды. Ғалым осылайша ұстанған позицияның екі ұшы бар деген ойдамыз. Біріншіден, сөз жоқ, көркем әдебиет – тілдің азығы; демек, қазақ жазушысы табиғатты, кейіпкерді, оқиғаны суреттегенде, мазмұн мен түрді, жанр мен тілді үйлесімді етуде, ғалымның пікірінше, қазақ сөзінің бар байлығын сарқа пайдаланады; қазақтың дүние танудағы образ-теңеулер, ұқсатулар арсеналының түрленуін көрсетеді. Мәселен, Ұстаздың мақалаларында көркем сөз шеберлерінің туындыларындағы кескекті ер, қом сулар, бұлан, бүлу, еңсеу, қалықпан, сой (Махамбет), Сөз – жібек жіп, жыр – кесте, айшығы айқын көрінбес, өрнексіз қылып баттаса; Қарасаңшы бір мезгіл, Қолдарыңа айна алып (Дулат); жошын, сөдеген (Әуезов); қырымпозданып, қарындарын алдына өңгеріп, екі тізесінің алдына өңгеріп отырған (жағымсыз кейіпкер – Ғ.Мүсірепов); уыз езу бошалаң, ойға батып, бүк түскен адырлар, көбік түкірген көл, тәкаппар тас, ойшыл орман, ән салады шағылдар, момақан тыныштық, Бұқтырманың менмен мінезі, озаңдау, қоймірет, алғұлымдау (О.Бөкеев); веложарыстың ақперені, желтабан арғымақтар, велосипедшілер құйысқан тістесті, бұйда бойы алда келу, кейқуат әзіл, қаланың сақина жолы керсамал қонақ үй, желтең әзіл, шамдағай қимыл (С.Бердіқұлов) тәрізділерді талдау бар. Талдаулар тек қаламгерлердің сөз өрнегін (слог писателя) таратып қана қоймайды, бұл арада туабітті тілші-ғалымның өз мақсаты (ішкі «интересі») бар, ол – тасаға қарай ығыстырылып кеткен қазақ сөзінің бір легін, қазақ сөзінің қаншалықты астарлы орамдылығын пікірлеріне арқау ете отырып, тілдің өміршеңдігін дәлелдеу.
«Тілдің адамдар арасындағы тек қатынас құралы ғана емес, сол адамдарды белгілі бір халықтың өкілі етіп тәрбиелейтін, ұлттық сананы, ұлттық психологияны құрал екенін де қатты ескеру. Тіл осы қызметінде қолайлы, әсерлі, әсем болса ғана қолданыс табады. Қазақ тілінің көркемдік қазынасы, образды сөз тіркестері мұраларда сақталған. Сол себептен де
олар тек сандықта жататын асыл бұйымдар емес, кәдеге жаратып, нәр алатын азығымыз, күш жиятын қаруымыз, үлгі алатын қалыбымыз болуы тиіс» - деп жазды Ұстаз.
Ғалым сөзі дәл бүгінгі таңда тіпті өзекті. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, ауызша әдеби тілге қарағанда жазба тілдің айрықша басымдығынан ба, жоғары технологияның ақпарат көзі болуынан ба, көркем шығарманы оқудың бәсеңдеуінен бе, әйтпесе басқа да себептері бар болар, қалай болғанда да көптеген тілдерде баяндау тәсілдері тым қарапайымданған, айтатын ойды жеткізетін сөз мазмұны мен көлемі жағынан шектеле түскен.
Төртіншіден, ғалымның өз сөз қолдануы мен сөз таңдауы да – ана тілін ұлт қазынасы деп санаған өзіндік сөз өрнегінің айқын көрінісі.
Ғылымда «жеке стиль» деген термин жиі айтылғанымен, алайда бұл аталым ғылым тіліне қатысты сирек қолданылып келеді. Ал ғылымдағы жеке стильдің жарқын үлгілері ғалым еңбектерінен, әсіресе көпшілік қауымға арналған мақалаларынан айқын байқалады. Ұстаздың өз баяндауы – жоғары интеллектінің, лингвистикалық ойлаудың генетикасының ғажап көрінісі. Қандайда бір ғылыми идеяны ұсынғанда, тыңдаушы аудиторияны иландыруда, тақырыпқа өзек болған мәселеге ойландыруда, қалыпқа түскен көзқарасын өзгертуде, сөзге ұйытуда азаматтық позициясы өте жоғары.
Аристотель еңбектерінде айтылатынындай, ауызша немесе жазбаша түрде болсын, баяндаушының азаматтық позициясы жоғары болуы тиіс, сөзі тыңдаушының (оқушының) ұлттық, адамдық сезімдеріне әсер ететіндей болуы керек. Мәселен, Ұстаз еңбектерінің қайсысында да алдыңғы лек ғалымдардың, өз қатарластарының, кейінгі буынның аты-жөндерін бірін де қалдырмай құрметпен атай отырып, мәселеге қатысты пікірлерін талдайды, саралайды, сыпайы ыңғайда баға береді, өзі тұжырымдарымен әрі қарай тарқатады. Бұл – Ұстаздың ғалымдық этиканы сақтауының, үлгі етіп ұсынуының биік бір белгісі.
Ғылым тіліндегі өз жеке стилін қалыптастырған ғалымның еңбектері құрылым жағынан өзгешелеу. Ұстаз, әдетте, қайсыбір тақырыпты талдауды алдымен, адресатқа риторикалық сұрақ қоюдан бастайды. «Дулатты танып болдық па? Шаршы топ алдындағы сөйлеу мәдениетіміз қандай?» типтес айрықша әсерлі, оқушысын елең еткізетін, оның материалды оқуына деген ықыласын арттыратын тақырып атаулары немесе баяндау легінде кездесетін осындай үлгілер арқылы ғалым сөз болатын мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін және бұларға өзінің жауап бере алатындығын бекітеді. Ал «Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ; Әдебиет – тілмен әдебиет» тәрізді тақырыптар беруі де ғалымның өз ғылыми сөз өрнегін қалыптастыру тенденциясының болғандығының және қалыптастырғандығының дәлелі бола алады.
Ғалым тілінде қандай да тақырыпқа қатысты болса да, сөзді астарлап, сөзбен орағыту жоқ. Баяндалатын проблеманың маңыздылығы тікесінен айтылады, сондықтан, әсіресе ғылыми-көпшілік мақалалары «алдын ала ескертеміз; осыған қатысты бағыт-бағдар сілтейтін түйіндерімізді ұсынамыз;
зер салып талдадық» тәріздес сөз тіркестерін қолданумен басталып, аргумент пен факт беріліп, ғылыми қорытынды немесе ұсыныс жасалады.
Ғалымның тіл қолданысы, әсіресе баяндауы қарапайым, алайда сөз таңдауы, сөзді үйлестіруі, сөзді үндестіруі өрілген қамшыдай жымдасып жатады, оқушысын іштей риза етеді. Түсінікті, жеңіл мәтіннің өзінде әсер ету, ықпал жасап сендіру үшін пайдаланылған параллель конструкциялардың өзара мағыналас сөздердің сан үлгісі – ғалым еңбектерінің өзіндік қолтаңбасының бір белгісі.
Қазақ тілінің қоғамның әр саласындағы қызметінің арта түскен орны мен рөлі тілді мақсатты қолдануды даралаудың да қажеттілігін айқындап отыр. Осыған байланысты «саяси дискурс, діни дискурс, ғылыми дискурс» деген аталымдар да таныс бола бастады. Аталғандардың қай-қайсысында да, оның ішінде ғылыми дискурста да жазбаша немесе ауызша баяндаушының өз сөзіне деген азаматтық жауапкершілігі, талданатын мәселеге биік адамгершілік көзқарасы, әрбір сөздің ой салуы және алға жетелеуі, жағдаятқа қарай баяндаудың формасын дәл анықтауы, сөз мағынасының айтылатын ойға дәл түсетіндей болуы маңызды болып саналады, сонда ғана бір-бірінен айырмаланатын дискурс түрлері қалыптасады. Ұстаздың ғылыми көзқарастарының баршасы, өзіндік сөз саптасының тұлға-тәсілдері, ғылыми дискурстың нақты үлгісі ретінде алдағы кезеңдерде тіл ғылымындағы басым жобалардың негізіне айналуы тиіс.
Дегенмен ғалым зерттеулерінде қазіргі ағымдағы тіл жағдайына қатысты бір шоғыр, өзгеше маңызды мәселе бар. Ұстаз алдымен өзінің жарты ғасырдан астам ғылыми-шығармашылық ғұмырын сөз мәдениетіне, оның ішінде емле нормаларына арнағаны мәлім. Бұл реттегі назар аудартпағымыз – қазірге дейін қолданыста болып келе жатқан, Ұстаздың өзі жасаған емле ережелерінің күллі қазақытілді қауымның жоғары сауаттылығын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі ғана. Академик соңғы жылдары қазақ әліпбиінің өзгеруі, жаңартылуы тиіс емле ережелерінің жайын да қалт жібермей қадағалап, өзінің нақты ұсыныстарын көпшілік талқысына ұсынып келеді және осы ұсыныстар жаңа әліпби үшін де, емле нормаларының жаңа нұсқасы үшін де бағыт-бағдар болып отыр.
Туған тілдің табиғатын жан-тәнімен сезінетін, туған тілдің жыршысы болып келе жатқан, қоғамның ғылыми, мәдени-рухани ортасында Бәйтеректей орны бар Ұстазға халықтың құрметі мен ықыласы, сүйіспеншілігі мен ілтипаты ерекше. Сондықтан қалың жұртшылық қазақтың біртуар ғалым қызына бекем денсаулық пен амандық тілеп, ұлттың мәдениеті мен тіліне қатысты ойларын әрдайым күтіп жүреді.
А.Алдашева,
филология ғылымдарының
докторы, профессор