Соттарды қазақша сөйлетпей, сот беделін арттыра алмайсыз, Асанов мырза!
2019 ж. 26 қазан
4989
0
Өткенде (14-қазан күні) порталымызда «Екі бет жазбадан 70 қате жіберген судья сауатты ма?» атты мақала жарияланған еді. Онда ҚР Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің ісі бойынша өткен сот процесінде, аталған іске жауапты судьяның мемлекеттік тілге салғырт қарағаны туралы айтылған.
Әбішевтің қорғаушысы Абзал Құспанның 33 беттен тұратын 6 өтінішіне судья Қажымұқан Мекемтасұлы Мекемтас жауап қайтарған екен. Алайда, әлгі екі беттік жауапта (Қаулыда) әріптік, стилистикалық және логикалық қателіктер көп болды. Біз қызыл-ала шимайды сайтта жариялап, көрсеттік.
Адвокат Абзал Құспан мырза судья қаулысының мәтінін ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті, «А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК-ның лингвистикалық сараптама бөліміне жолдаған екен.
Аталған мекеме сот қаулысының мәтініне лингвистикалық сараптама жасап, қорытынды шығарып беріпті. Лингвистикалық сараптама қорытындысына институт директоры Ерден Қажыбек қол қойған. Ал сараптаманы филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Құлманов жасапты.
Енді әлгі судья Қажымұқан Мекемтас мырза шығарған Қаулы мәтініне жасалған сараптаманы назарларыңызға ұсынамыз...
БҚО адвокаттар алқасының мүшесі А.Т. Құспанның адвокаттық сұранысына байланысты сот қаулысының мәтініне жасалған лингвистикалық сараптама қорытындысы
1. Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтіні 24 (жиырма төрт) сөйлемнен тұрады.
2. Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтінінде техникалық қателер бар:
а) Нұр-Сұлтанқаласының, дұрысы – Нұр-Сұлтан қаласының;
ә) 24 - бабы, дұрысы – 24-бабы;
б) 366 - бабы, дұрысы – 366-бабы;
в) 28 - бабы, дұрысы – 28-бабы;
г) 1,3 тармақтармен, дұрысы – 1, 3-тармақтарымен;
ғ) С.А.Тукиевтіңде, дұрысы – С.А Тукиевтің де;
д) мән - жайларды, дұрысы – мән-жайларды;
е) қорғаушы - адвокат, дұрысы – қорғаушы-адвокат;
Сонымен қатар лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтініндегі кейбір техникалық қателер бірнеше рет қайталанады.
3. Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтінінде грамматикалық қателер бар:
- кыркүйек, дұрысы – қыркүйек;
- қорғаушы-адвокатдың, дұрысы – қорғаушы-адвокаттардың;
- С.А.Тукиевтың, дұрысы – С.А. Тукиевтің;
- Е.А.Абишевтың, дұрысы – Е.А.Абишевтің;
- айыпталы, дұрысы – айыпталып,
- тындау, дұрысы – тыңдау,
- өтінішңне – дұрысы – өтінішіне;
- келірулері, дұрысы – келтірулері;
- денсалығына, дұрысы – денсаулығына;
- қорғаушы - адвокатыдың, дұрысы – қорғаушы-адвокаттың;
- 2019 жылдың 17 қыркүйекте, дұрысы – 2019 жылғы 17 қыркүйекте;
- іс жүргізу қабылдауға, дұрысы – іс жүргізуге қабылдауға;
- зертелініп, дұрысы – зерттелініп;
- тізіменде, дұрысы – тізімінде;
- тергу, дұрысы – тергеу;
- Баска, дұрысы – Басқа;
- 2019 жылдың 14 казан, дұрысы – 2019 жылғы 14 қазан;
- көрсетілгендей, дұрысы – көрсетілген.
4. Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтінінде пунктуациялық қателер бар:
- «Аталған қылмыстық іс, Нұр-Сұлтанқаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына, 2019 жылдың 17 қыркүйекте келіп түскен.», дұрысы – «Аталған қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2019 жылғы 17 қыркүйекте келіп түскен.»;
- «Қорғаушы - адвокат А.Т.Құспанның өтінішңе ұқсас адвокат Е.М.Макенов, сотталушы С.А.Тукиевтіңде бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап. Өзінің өтінішінде көрсетілгендей негіздермен қуаттады.», дұрысы – «Қорғаушы-адвокат А.Т.Құспанның өтінішіне ұқсас адвокат Е.М.Макенов сотталушы С.А.Тукиевтің де бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап, өзінің өтінішінде көрсетілген негіздермен қуаттады.»;
- «Жоғарыда аталған өтініштерді талдап сот қанағаттандырусыз қалуға жатады деп санайды себебі сотталушы С.А.Тукиев ауыр санатты қылмыс бойынша сотқа берілген, тергеудің мәліметіне сәйкес сотталушылар бостандықта болса істің объективті қаралуына кедергі келірулері мүмкін деп көрсетілген, одан басқа өтініштерде көрсетілгендей мән - жайларды тергеу барысында да баға берілген, одан басқа сотталушы И.Абишевтің денсалығына қатысты құжаттар сотқа тапсырылмаған.»; дұрысы – «Жоғарыда аталған өтініштерді талдап, сот қанағаттандырусыз қалуға жатады деп санайды. Себебі сотталушы С.А.Тукиев ауыр санатты қылмыс бойынша сотқа берілген. Тергеудің мәліметіне сәйкес, сотталушылар бостандықта болса, істің объективті қаралуына кедергі келтірулері мүмкін деп көрсетілген, одан басқа өтініштерде көрсетілген мән-жайларға тергеу барысында да баға берілген, одан басқа сотталушы И.Абишевтің денсалығына қатысты құжаттар сотқа тапсырылмаған.»;
- «Келесі, қорғаушы - адвокат А.Т.Құспанның өтініші, қылмыстық істі прокурорға кері қайтару немесе қысқарту. Өзінің өтінішінде көрсетілгендей негіздермен қуаттады.»; дұрысы – «Келесі, қорғаушы-адвокат А.Т.Құспанның өтініші – қылмыстық істі прокурорға кері қайтару немесе қысқарту. Өзінің өтінішінде көрсетілген негіздермен қуаттады.»;
- «Келесі, қорғаушы - адвокат А.Т.Құспанның өтініші, куә ретінде А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыртып жауап алуға өтініш білдірді өзінің өтінішінде көрсетілгендей негіздермен қуаттады.»; дұрысы – «Келесі, қорғаушы-адвокат А.Т.Құспанның өтініші, куә ретінде А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыртып, жауап алуға өтініш білдірді, өзінің өтінішінде көрсетілген негіздермен қуаттады.»;
- «Жоғарыда аталған өтінішті талдап сот қанағаттандырусыз қалуға жатады деп санайды себебі А.Шпекбаевты алдын ала тергу барысында куә ретінде жауап алынбаған және сотқа шақырылуға жататын тізіменде көрсетілмеген.», дұрысы – «Жоғарыда аталған өтінішті талдап, сот қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деп санайды. Себебі А.Шпекбаевтан алдын ала тергеу барысында куә ретінде жауап алынбаған және сотқа шақырылуға тиісті адамдар (куәлар) тізімінде көрсетілмеген.»;
- «... 1,3 тармақтармен, көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда айыпталып сотқа берілгені туралы ...», дұрысы – «1, 3-тармақтармен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда айыпталып, сотқа берілгені туралы ...».
5. Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтінінде стилистикалық және семантикалық қателер бар:
- Нұр-Сұлтанқаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы К.М.Мекемтас, сот хатшылығына сот отырысының хатшысы С.С.Мәлікті ала отырып, мемлекеттік айыптаушы С.Ш.Сулейменовтың, сотталушылар И.А.Абишевтың, С.А.Тукиевтың, қорғаушы-адвокатдың А.Т.Кұспанның, Е.М.Макеновтың, Л.К.Ахатованың, А.А.Абдрахмановтың, қорғаушы Е.А.Абишевтың, Абишев Ислам Алмаханович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24 - бабы 3-бөлігі, 366 - бабы 4-бөлігімен, Тукиев Серик Адамович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28 - бабы 5-бөлігі, 366 - бабы 3-бөлігі 1,3 тармақтармен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда айыпталы сотқа берілген қылмыстық істі алдын ала тыңдауда қарап, төмендегі жағдайларды - АНЫҚТАДЫ:»,
дұрысы:
«Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы К.М.Мекемтас, сот хатшылығына сот отырысының хатшысы С.С.Мәлікті қатыстыра отырып, мемлекеттік айыптаушы С.Ш.Сулейменовтың, сотталушылар И.А.Абишевтің, С.А.Тукиевтің, қорғаушы-адвокаттардың – А.Т.Құспанның, Е.М.Макеновтың, Л.К.Ахатованың, А.А.Абдрахмановтың, қорғаушы Е.А.Абишевтің қатысуымен Абишев Ислам Алмахановичке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігімен, 366-бабы 4-бөлігімен, Тукиев Серик Адамовичке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігімен, 366-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық бойынша айыпталып, сотқа берілген қылмыстық істі алдын ала тыңдауда қарап, төмендегі жағдайларды АНЫҚТАДЫ:»;
- «Іс бойынша тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлар мен жағдайлар жоқ.»,
дұрысы:
«Іс бойынша тоқтата тұруға негіз болатын мән-жайлар мен жағдайлар жоқ.»;
- «Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде сот мәжілісін тағайындауға кедегі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілмеген.»,
дұрысы:
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде сот мәжілісін тағайындауға кедегі келтіретін жайттар анықталмаған, қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілмеген.»;
- «Іс жүргізу тілі ретінде мемлекеттік тілі таңдалған.»,
дұрысы:
«Іс жүргізу тілі ретінде мемлекеттік тіл таңдалған.»;
- «Сотталушылар И.Абишке және С.А.Тукиевке қатысты күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгертіп, «үй қамағына» ауыстыру, қылмыстық істі прокурорға кері қайтару немесе қысқарту, куә ретінде А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыру туралы қорғаушы - адвокаттардың өтініштері қанағаттандырусызға жатады.»,
дұрысы:
«Сотталушылар И.Абишке және С.А.Тукиевке қатысты күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгертіп, «үй қамағына» ауыстыру, қылмыстық істі прокурорға кері қайтару немесе қысқарту, куә ретінде А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыру туралы қорғаушы-адвокаттардың өтініштері қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.»;
- «Басты сот талқылауына мемлекеттік айыптаушы, сотталушылар, қорғаушы - адвокатыдың, қорғаушылардың және тізімде көрсетілген куәлар, соның ішінде азаматтық талапкер шақырылсын.»,
дұрысы:
«Басты сот талқылауына мемлекеттік айыптаушы, сотталушылар, қорғаушы-адвокаттардың, қорғаушылардың тізімінде көрсетілген куәлар, соның ішінде азаматтық талапкер шақырылсын.».
Лингвистикалық сараптамаға жолданған сот қаулысының мәтініне жасалған лингвистикалық сараптама қорытындысы:
- техникалық қателер бар;
- грамматикалық қателер бар;
- пунктуациялық қателер бар;
- стилистикалық және семантикалық қателер бар.
С. Құлманов, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Сіздерге түсініктірек болуы үшін әуелі судья М.Қ.Мекемтас мырза шығарған Қаулы мен «А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК мамандарының лингвистикалық сараптамасын қатар жариялағанды жөн көрдік.
Бұл судья Қ.Мекемтас мырзаның Қаулысы:
Түйін. Қазір Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов мырза. Сондықтан, дәл осы материалды сол кісінің назарына ұсынып отырмыз.
Құрметті Жақып Қажыманұлы!
Бұл судья Қажымұқан Мекемтасұлы Мекемтас мырзаның Ислам Әбішев ісі қаралып жатқан сот процесінде шығарған Қаулысы. Ислам Әбішевтің не үшін сотқа тартылып жатқаны бөлек әңгіме. Біз судьяның мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарауы туралы, дәлірек айтсақ, оның мемлекеттік тілге құрметсіздігі немесе мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі туралы сөз етіп отырмыз.
Бұл судья Қаулысы. Бұл ресми құжат. 2 беттік Қаулы мәтінінен осынша қате жіберген сот төрағасы сауатты дей аласыз ба? Бізше болса - жоқ! Сөзсіз. Себебі жоғарыда айтылды.
Құрметті Жақып Қажыманұлы!
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған бойда, мемлекетті құрушы ұлттың тілі - қазақ тілін, мемлекеттік тіл етіп бекітті. Қазір Қазақстанда Заң бойынша мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Ол Конституцияның 7-бабының 1-бөлігінде көрсетілген.
Ол аз десеңіз, 1997 жылдың 11-ші шілдесіндегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» № 151 Заңы бар. Осы Заңының 4-бөлігінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
ҚР «Тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп көрсетілген.
Жақып Қажыманұлы!
Сыпайылап айтсақ, қазір ел-халықтың соттарға сенімі азайған. Бұл туралы Қазақстан президенті де бірнеше мәрте сөз етті. Бұл туралы өзіңіз де талай мінберде тұрып сөйледіңіз.
Ахмет Байтұрсыновтың «Ана тіліңде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен құрметтесең ғана, өзгелерге ана тілінді құрметтете аласың» деген сөзі бар.
Қазір Қазақстан халқының 75 пайызы қазақша сөйлеп-жаза алатын жағдайда. Бірер жыл бұрын министр болған Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкіметтегі кезекті баяндамаларының бірінде елдегі қазақ тілін меңгергендердің саны 83 пайызға жете-қабыл деп еді. Сондықтан, Қазақстанның соттарын қазақша сауатты сөйлетпей жатып, сот жүйесінің беделін арттыру мүмкін емес мәселе екенін тағы қайталап айтамыз.
Жоғарыдағы судья Қажымұқан Мекемтасұлы Мекемтас мырзаның мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін көріп отырсыз. Біз судьяның бұл Қаулысын мемлекеттік тілді мазақ ету, оны құрметтемеу деп түсіндік.
Бұл бір ғана мысал. Мемлекеттік тілге немкетті қараған судьяның кәсіби сауаттылығы һәм оның мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені қайта тексерілуі керек! Әйтпесе, бұл Сізге, Сіз төрағалық ететін сот жүйесіне ауыр сын!
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz