Қазақ қасіреті
2019 ж. 19 қазан
3195
0
ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында жазушы Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» атты деректі романының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған шығармада 1931-1933 жылдары елімізді шарпыған ашаршылықтың қалай басталып, қалай белең алғаны, оның қасіреті мен зұлматы жұртты қалай ойрандағаны кеңінен әңгімеленеді. Сондай-ақ, кітапта дәл сол жылдары ҚазАКСР-ы және Өзбек КСР-ының халком кеңестері мен орталық атқару комитеттерінің шешімімен салынған Шымкент-Ташкент төте теміржолы құрылысының жүруі, бір жылдан кейін оның неліктен тоқтатылғаны туралы құжаттық деректерге сүйеніп жазылған мағлұматтар келтірілген. Сонымен қатар жазықсыз жалаға ұшыраған қазақ зиялылары мен қарапайым халықтың күйзелісі әсерлі баяндалады.
Роман – жазушының жеке қиялынан туындаған шығарма емес, ел өмірінен жанды естеліктер, архивтік фактілер және ашаршылықты бастарынан өткерген көнекөз қариялардың аузынан естілген деректі әңгімелер негізінде түзілген.
Кітаптың алғысөзін жазған белгілі ғалымдар – Мекемтас Мырзахметұлы мен Құлбек Еркөбектің пікірлеріне сүйенсек, патшалық Ресейдің отаршылдары өздері жаулап алуға тиіс болған немесе жаулап алған түркі халықтарының ішінде қазақтарға алабөтен өштескен. Өйткені, бұған себеп те жоқ емес. XIV ғасырдың алғашқы жартысында Алтын Орда ыдырағаннан кейін бұрын оған қараған түрлі қыпшақ жұрты түрлі иеліктер мен хандықтарға бөлініп, ілкідегі күш-қуатынан айырылса, іргедегі Ресей патшалығы күшейе түскен. Жан-жағындағы ұсақ княздіктерді біріктірген Мәскеу патшалығының көлемі уақыт өткен сайын ұлғайып, біртұтас Русия деп аталады. Жері үлкейген бұл патшалық енді үлкен арманға қол созады. Ол арманы – күні кеше өздеріне әлденеше ғасыр үстемдік еткен, кейін ішкі қырқыстар мен өзара жаулықтардың кесірінен жеке-жеке иелікке айналған түркі-қыпшақ халықтарының жерін басып алуға бағытталды.
Жойқын қару ойлап тауып, мықты ғаскер құра білген, сонымен қатар жан-жағындағы елдерді жаулап алуға ниетті отаршылдық бағытты ұстанған ел арманын іске асырудың орайын тез табады. 1552 жылы түркі жұртының төрінде отырған Қазан хандығын басып алады. Одан соң Ноғай ұлысы, Хажы Тархан хандығын жояды, Сібірді жаулайды. Сібір мен Еділ бойын иеленген соң, отаршылдар қазақ хандығымен бетпе-бет келеді. Бүкіл шығыс Еуропа мен Сібірді айналасы он-жиырма жылда табанына салған отаршылдар қазақ шегіне жеткенде аялдауға мәжбүр болады. Қазақты аяғанынан емес, жоғарыдағы хандықтардай тез жаулап алудың орайын таппағандығынан. Содан жүз елу жылдан аса уақыт қазақ шегіне өте алмайды. Бәлкім, оны жаулауға ниеті болмаған дерсіз, бәлкім, қазақ жерін керек қылмады дерсіз. Жоқ, анығы олай емес! Ол кезде сонау үнді мен Парсыға, Қытайға емін-еркін сауда жасауды, қала берді аяғы жеткен жердің барлығын бауырына басуды мақсат тұтқан орыс отаршылдары жаңа жерлерді жаулау сапарларын тоқтатуды еш ойламаған. Оларды тоқтатқан қазақ деген халықтың жаужүректілігі мен айбындылығы. Ақыры, осы кітаптың бір тарауында жазылғандай, 1731 жылы Әбілхайыр ханның орыстарға мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде бет бұруы – орыс патшаларының «Көктен іздегенін жерден таптырды». Сөйтіп қазақ бірте-бірте отарлық кепке кіріптарлық күйге түсе бастады. Дегенмен, 1865 жылға, яғни отаршылдар қазақ жерін тұтас жаулап болған уақытқа дейін, біздің ержүрек ата-бабаларымыз олармен сан мәрте шайқасқа түсті. Бұл кездерде оның отарына түскен бірде-бір түркі халқы патшаға, оның жер-жердегі басқыншы-өкілдеріне қарсы қазақтар сияқты бас көтерген емес.
Орыс отаршылдары әу бастан-ақ түркі халықтарының бәрін, оның ішінде әсіресе қазақтарды түп-тұқиянымен құртып, болмаса ұлтынан бездіріп, тілі мен дінінен айырып, шоқындырып жіберуді мұрат еткен. Алайда оған түпкілікті қол-жеткізе алмады. Бірақ қаншама жылдар бойы осы бағытта жұмыс істеді. Сөйтсе де, ақылдысы мен батыры көп қазақ оған жаппай кіріге қоймады.
Кеңес өкіметінің «халықшыл шенеуніктері» де бұрынғы патша басқыншылары тәрізді шовинистік көзқарастан арылмады. Олар «КСРО халықтарының барлығының терезесі тең, құқықтары бірдей» деп ұран салғанымен, қазаққа келгенде іштері тарылып, барлық тарапта шовинистік бағыт ұстанды. Түркі халықтарының ішінде ең өжет те қайсар, батыр да ержүрек қазақты, қала берді, ақылды көсемдері мен қайраткерлері көп шығатын елдің сағын сындыруды олар да бірінші кезекке қойған. Расында, тарихқа көз салыңызшы: орыс отаршылдары қазақты жүз елу жылда зорға басып алды. Ал 1865 жылдан кейін қазақта жоқ әрі болмаған зеңбірек пен мылтығы, әр ірі қалаларында билік те мықты қорған-қамалдары бар орта Азиядағы үш хандықты үш-ақ жылда быт-шыт қылды.
Қазақтарға деген өшпенділік қызыл империя басшыларының көкейінен кеңес өкіметі орнағаннан кейін де ұзақ жыл бойы кетпеді. Оның айшықты табы 1930 жылдары анық байқалды. Сталиннің Қазақстандағы қолшоқпары Голощекиннің қазақ халқын әдейі ашаршылыққа ұшыратып, соғыссыз-ақ қыруы – осы сұрқиялылықтың белгісі.
Төрт бөлімнен тұратын «Зобалаң» романындағы оқиғалар, былай қарағанда, желісі үзілмей, бір-біріне байланыстырылып жазылғанымен, әр тарауы бір әңгіме іспеттес бұл кітаптың айтар ойы мен көтерген жүгі ара-жігі ажырағысыз екі тақырыпқа арналған. Бірі – ашаршылықтың туындау себебі мен оның қасіреті туралы болса, екіншісі – көпшілік сырын біле бермейтін, орны әлі күнге дейін жар-жар, төбе-төбе болып бұзылмай жатқан, 1931-32 жылдары жүз мыңға жуық қазақты аштықтан аман алып қалуға септігі тиген Шымкент-Ташкент теміржол кұрылысының жүруі жайындағы кең көлемді дерек. Бұл жол қазіргі Арыс, Сарыағаш арқылы өтіп, екі қала арасын жалғайтын теміржол емес, Қазығұрт етегі мен Келес суын бойлай салынбақ болған төте жол. Кітапта оның қандай мақсатпен салына бастағаны, сондай- ақ құрылыстың неліктен аяқталмай тоқтатылып тасталғаны, ондағы жұмыс атқарған еңбекші қазақтардың ауыр тірлігі, жан-жақтан ауып келген аш босқындардың ол жерге жұмысқа тұру үшін тартқан машақаттары өте тартымды баяндалған.
Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы:
– «Зобалаң» деректі романы қолыма кездейсоқ түсті. Оқып шығып өте риза болдым. Біздің 5,5 миллион қазақтың 3,5 миллионы қырылған ең бір зұлмат, аса ауыр тиген ашаршылық жайындағы тартымды шығарма екен. Және мұны автор қамшының өріміндей әдемілеп, тарау-тарауымен кестелеген. Сол кездегі советтік дәуірдің сұрқия саясаты, қазақ халқына жасаған қиянаты, зұлымдығы нақты деректер арқылы әшкереленеді. Шығарма еліміздің оңтүстік өңірі тарихымен жан-жақты байланыстырыла өрбиді. Жалпы, бұл тақырыпта жазып жүрген қаламгерлеріміз некен-саяқ. Момбек Әбдәкімұлы – солардың бірі. «Зобалаңда» баяндалатын шындықты ұрпақ білуі керек. Қазіргі жастардың көпшілігі бір замандарда қазақтың қынадай қырылғанын, оның нақты себептері сырынан хабарсыз. Сол себептен, бұл сол жас буынға дүбірлі дәуірлерден жеткен аманаттай шығарма деп білемін.
***
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне белгілі қаламгерлер – Көлбай Адырбек, Болат Шарахымбай, Төреғали Тәшен мен шежіретанушы ғалым Сәбит Дүйсенбай және басқалар қатысып, шығарма туралы шынайы пікірлерін айтты.
Автор кеш соңында осынау еңбекті жариялап, еңбекті насихаттау ісіне тікелей мұрындық болған «Дария» даму орталығының директоры Ерболат Солтамуратқа шексіз ризалығын білдірді.
Құлан САҒАТҰЛЫ
Алматы
qazaquni.kz