Алаштың айбыны - Бауыржан
2019 ж. 12 қазан
4595
0
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деген жолдар бар. Қазақ халқының даңқын айдай әлемге жайған асыл ұлдардың бірі – Совет Одағының Батыры, даңқты Бауыржан Момышұлы екені анық. Төменде автор халықтың осынау ардақты перзенті туралы ой толғайды.
Бауыржан Момышұлы. Өрліктің синониміне, ерліктің символына айналған аса ардақгы әрі айбынды есім. Оның алып тұлғасы бар биіктің ішіндегі заңғардай, қыран қия тәрізді қиырдан мұнартады.
Ұлы баба есімі әр кез еске алынып, ерліктері жас ұрпақ алдында сырдай сөз болып, жұрт алдында жырдай айтылып отырса, оның өнегесі талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып, қанаттандыра берері сөзсіз.
Ерекше айтар жайт, Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн» деген сөзі менің ұсынысыммен ескерткішке қашалып жазылды. Өйткені, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғанынан кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, тарихи әділдік қалпына келтірілді. Сонда батырдың ұлы Бақытжан Момышұлын ең алғаш болып құттықтаған Н.Ә.Назарбаев өз хатында осылай жазған.
Батыр бабаның жаңа ескерткішінің ашылу рәсіміне мәртебелі меймандар, Баукеңнің туған-туыстары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, генералдар, Кеңес Одағының Батыры, ауған ардагерлері, Парламент депутаттары, қоғам кайраткерлері, жалпы, есебі үш мыңға жуық адам қатысқан.
Ескерткіштің ашылу салтанаты аясында Бауыржан атындағы білім ордасының табалдырығын енді аттаған шәкірттер ант қабылдады. Сондай-ақ жарыс ұйымдастырылып, мектеп-интернаттың түлектері мен ат спорты секцияларының өкілдері көкпардан сайысқа түскен.
Айтқандай, Кеңес кезінде-ақ Бауыржан Момышұлы ата-бабамыздың батырлық дәстүрлерін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт пен өнерді дамыту ісін ілгерілетуге үлес қосқаны мәлім. Бұған батырдың 1940 және одан кейінгі жылдардағы сол тұстағы Қазақстанның бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовке жазған хаттары айғақ.
Біз мұндай шаралармен шектелмек емеспіз. Батыр баба мұрасын орыстілді оқырманға да етене ету үшін «Герой» атты кітап жаздым.
Мұның сыртында ҚР Қорғаныс министрлігінің төрт өңірлік қолбасшылығының сұранысы бойынша шыққан «Қолбасшы күнделігі – Дневник полководца» атты кітап та бар. Бұл жинақ елі емірене қадірлейтін, білімін – бағдар, өмірін – өнеге, тағдырын, талантын, тазалығын – тағылым тұтатын асылымыз, ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерінен құрастырылған.
Б.Момышұлы қанша уақыт өтсе де, тот баспайтын, құндылығын жоғалтпайтын ақиқат-шындықты шыңдап қана қоймай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа шегелеп қалдырды. Ұлттык рухы мен ұлттык сана-сезімі батыр бабалардың ерлік, өрлік істерінен нәр алып жатқан ұрпақ қана мемлекетімізді «Мәңгілік елге» айналдырмақ. Бауыржан Момышұлының құдіреті ғажап, көркемдік қуаты мол нақыл сөздері мен толғаныс-тебіреністері парасаттылық пен кісіліктің, тазалық пен тектіліктің айдынын аңсаған барша оқырман үшін қызықты болары сөзсіз.
Тағдырдың тезінен аман өткеніміз де, Тәуелсіздік таңына абыроймен жеткеніміз де, ең алдымен, Алаштың арғы-бергі тарихындағы Бауыржандай асыл азаматтардың арқасы.
Ол артына сарқылмас мұра, таусылмас мирас тастап кетті. Біле білсеңіз, тіпті, ешбір мүйізі қарағайдай маршалдардан да осыншама үлкен, ұлағатты, тек әскерилерге ғана емес, басқаларға да ұстаздық өсиет ретінде қызмет етер өнегелі өмір жинағы, мұралары қалған жоқ. Жазса, бірнеше кітап, естеліктер жазған шығар. Ал, бірақ жүз томдыққа жүк болардай асыл құндылық тек Бауыржаннан ғана табылды.
Оны ұғыну, бойымызға сіңіру – бізге сын.
Біз оның бар қазынасын таныдық деп айта алмаймыз. Көзіміз шалып, ойымыз танып болмаған асқар биігі мен тұңғиық тереңі қаншама?!
Оның мұрасына, даналығына үңілсеңіз, әр сөзінің астарындағы отты сәулесі жасындай жарқ етіп, төңіректі нұрландырып жібергендей сезімде боласыз.
Даралық дариясы, тағылым телегейі қанша алсаң да таязданбайды. Қиялы ұшқыр, рухы асқақ Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерінің құдіреті ғажап, тәрбиелік куаты мол. Оның толқыныс-толғаныстары жүректі тербейді. Идеялық мұратының биіктігі, білім-танымының тереңдігі, философиялық көзқарасының кемелдігі қайран қалдырады. Оның ерлігі әрқашан әр қазақ баласының көкірегінде мақтаныш сезімін тұтатып тұрары сөзсіз.
Мұның барлығы Бауыржан Момышұлының мәңгілік өмірінің куәсіндей. Қазақ аман тұрғанда, Бауыржан аты өшпейді. Елбасы ұсынысымен, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген ұлықты да рухты сөзі ұлы қаған Күлтегіннің, ұлы үш бидің өсиеттерімен бірге, Парламент төріне жазылды.
Осындай ұл тудырған, ұрпақ берген біздің ел «Мәңгілік ел» болуға тиіс және бұл оның табиғи кұқы!
Біз осынау Ұлы даланы мұраға қалдырған бабалардың лайықты ұландары екендігімізді сезінуге, солардың рухымен рухтануға тиіспіз. «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» дейді Ұлт көшбасшысы.
Демек, қазақты қара шаңырақтың құт-иесі ретінде ұрпаққа таныту үшін батырларымызды ұлықтау, сөйтіп, түптеп келгенде, төл тарихымызды танып-білу маңызды. Қазақ елінің жаңа тынысын ұлттық рухпен жарастыра үйлестіру бізді өзіміз армандаған көкжиекке алып шығары анық.
Бауыржан Момышұлы өз тұсында шепті жарып, шеңбер бұзды. Құрсауланған дәуірде тас шайнап, от жұтқан батыр еркіндік үшін бұлқынды. Азаттық ауасын аңсады. Ұлтының елдігі мен теңдігін талап етті. Азаттықтың да бастауында осындай елін қалтқысыз сүйген, қиындықтан қаймықпай, дүлей соққан дауылға қарсы жүрген қазақтың қыран мінезді ұлдары тұр. Олардың найзағай намысы мызғымас саналған, тегеуріні қатты, өкімі өктем империяның тас қамалының да қабырғасын қақыратты.
Бұл дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, жүзін сыртқа, арқасын ыққа бермей, ақ адал ғұмыр кешу тек дараларға ғана даритын сирек қасиет.
Барша Қазақстан халқы, жастарымыз Бауыржанды оқып, жадырасын, желпінсін.
Жүректерінде тазалық, өрлік, адалдық, адамдық қасиеттер атойласын! Отан үшін қанымызды төксек те, арымызды төкпей, Бауыржанмен рухтансақ, жігеріміз жалындап, бойымызды кернеген қуат күш ел тізгінін ұстаған, ел жүгін арқалаған Елбасымен бірге Отанымызды өрлету жолында алға қарай жетелей берері сөзсіз.
Тәубе! Тәубе!
Тәуелсіздік – теңдігің,
Ұлы дала егеменді ел бүгін.
Бауыржанның батырлығын ескерген,
Елбасының ұмытпайды ел ерлігін.
Ыңыранып ыршып шыққан қамыстан,
Тұла бойы жаратылған намыстан.
Отан үшін отқа түсіп Бауыржан,
Ата жаумен арыстандай алысқан.
Бауыр болып, дос құшағын жайғанда,
Ел мүддесі айналады айбарға.
Ұлы Баукең Мәскеу үшін қан кешті,
Панфиловпен тізе қосып майданда.
Ол ерлердің даңқы өшкен жоқ әлі,
Жұлдыздардай самғай берер жоғары.
Бірлік, достық, ынтымағы бар елге,
Бақ-береке мәңгілікке қонады.
Айбарланып Алатаудың бөктері,
Көк байрағым нұр төгеді көктегі.
Қалғытпашы қазағымның рухын,
Алашымның азулысы, көк бөрім.
Біз – қазақпыз досқа құшақ ашатын,
Біз емеспіз жауды көрсе қашатын.
Бауыржандай батыры бар біртуар,
Қазақстан Республикасы жасасын!
Бақытбек СМАҒҮЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы
qazaquni.kz