Жаңа заманның серісі
2019 ж. 05 қазан
2834
0
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Атқа міну мәдениеті» тарауында жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын айта келіп, ата-бабамыздың жаһандық ауқымда шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқанын лайықты мақтан етеді. Сондай-ақ осы еңбектің «Аң стилі» бөлімінде де бабаларымыздың қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өз құндылықтарын қалыптастырғанына тоқталады. Қарап отырсақ, осынау игі дәстүрді әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан замандастарымыз аз емес.
Егер ғарыштық биіктіктен қараса, орбита кеңістігінде сұп-суық ақ шулан бұлттарға оранып, ақырын ғана маңып бара жатқандай әсер қалдыратын алып глобус іспеттес ғаламшардың бір бүйіріндегі осынау үш үйлі қыстақ көрінер ме еді, жоқ әлде, көзге ілікпей ме мүлде?..
Ай, ілікпейді-ау. Жер бетіндегі екі жүздей мемлекетке қарайтын жеті миллиардқа жуық тұрғыны бар нөпір-тасқын елді-мекендердің ішінен құлазыған қу медиен даладағы сіздің шошайған үш үйіңіз назарға қайдан түсе қойсын.
Дегенмен, көрінер еді. Шын көргісі келген адамға, әлбетте. Шын іздеген кісіге. Оның үстіне қазіргі қиялға сыймайтындай ұшқыр техника ғасырында космостық кемеде отырып-ақ цифрлық фоткамералар арқылы жорғалап бара жатқан жәндіктің мұртына дейін мөлдіретіп суретке тартып алатын таңғажайып мүмкіндіктер көбейген.
Енді бір мезет сол зеңгір көктен құлдилап төмен түсіп, қыран қанаты жететіндей қашықтықтан қиғаштай келіп, айнала шолсаңыз, айдаладағы осы мекеннің сырт көрінісінің өзі таңдандырмай қоймасы анық. Жусанды-тырсалы жатаған жалдар мен өкпек жел өтіндегі теңіздей толқыған бетегелі, қызылселеулі қырқалар қойнауында бұйыққан аппақ жұмырқадай жайлардың сыртында әлемнің түкпір-түкпірінен хабар алдыратын спутниктік антенналар сораяды. Бір шеті іркес-тіркесе күмбез шоқылар көкжиегіне сіңіп барып жоғалатын ұзақ-сонар бағаналар да осы шайқурайы мен шегіргүлі желбіреген құба жондардың озық дәуір өркениеті көшінен ешбір қалмағанын байқатып тұр. Онымен бірге ток болмай қалған жағдайда қолма-қол қоса қоятын жел мен күн агрегаттары және дайын. Бұл аз десеңіз, қосалқы электрстанса ол тұр.
Мұнда аңдап қараған адамды селт еткізерліктей басқа да тартымды көріністер жеткілікті секілді.
Тасбаздағы сырт көзді елең еткізетін басқа да көріністер дегеніңіз сол – ауладағы тұғырда «тепсе жілік сындырған қыран бүркіт мен едім» деп Сейфолланың Сәкені жырлайтынындай, қайрат-күші таудай тұрқы мен қанжардай сойдиған тырнақтарынан-ақ сезілген мұзбалақ құс отыр. Сонадайдағы киіз үй көлеңкесінде мүлгіп тұрған есік пен төрдей кертөбел аттың тура алдында аяғына басын сүйеп, бір мезет мұңайып ойлана қалғандай аш күзенше бүгіліп, құбарлан құмай тазы жатыр.
Расында да, қызық емес пе, қала мәдениеті мен дала өркениетінің шыңы құла түзде түйісе қалуы қалай таңырқатпасын.
Бұл күні қожайын да таңалагеуімнен оянған еді. Жер-жаһанды шыжғырған қырық күн шілде аптаптың беті қайтып, қоңырсалқын леп ескен жаймашуақ мезгіл-тін. Күні-түні ойды серік еткен көкірегі ояу адамның ұйқысы да сергек. Қунақ тұрып, аздап қызарған аялы көзі шырадай жанып, жақсы оянды. Асықпай барып жуынып-шайынды да, баяғы сал-сері бабаларының салтымен қойған шағын ғана дөңгелек сақалын аз-маз баптап, қол сыртымен иегінің астын қағып, айна алдында өз кескініне өзі олай-бұлай біраз ажырая қарап тұрған соң, жұмыс бөлмесіне кірді. Сәл отырып, компьютерді қосты.
Есенбектің Тілеуғабылы дейді бұ кісіні. Кейінгі «лауазымы» – фермер. Әлдебір тілшілер газет-журналдарға кәсіпкер деп те жазып жатады. Отставкадағы офицер. Біреулер бүркітші деп атайды. Әйтеуір, есімі бүкіл Орталық Қазақстан аймағына, қала берді республикаға белгілі азамат. Кәнігі аңшы. Ал Сарыарқа өлкесінде ұлттың құсбегілік Салбыруын салтын сонау Абай дәуірінен кейін қайта тірілткеннен бері, тіпті, әлемнің бірталай жеріне танымал бола бастаған жан.
Электронды поштасына үш-төрт хат келіп түскен екен. Алғашқысын ашып еді, Хорватияда тұратын Бриджит ханымнан келіпті. Ақын әйел. Кезінде Қазақ-француз альянсының директоры болған. Қазақстан бойынша Әлемдік Банкінің басшысы қызметін атқарған күйеуі екеуі осы Тасбазға талай келіп апталап жатып, Тілеуғабылмен бірге құс салудың қызықтарын тамашалаған. Қыстақпен іргелес жатқан Қазығұрт, Қаракемер, Қотыр Қызылтау, Сақалбайдың қыры, Қызылқия, Қатымет, Қоянды Қойтас адыр-белестерінің түкпір-түкпірін түгел аралап, суретке түсірген. Ел мен жер тарихына қатысты көптеген деректерге қаныққан. Енді соның бәрін пайдаланып, француз тілінде осы өлкенің қайталанбайтын табиғатына, қазақтың таңғажайып құсбегілік өнеріне, өмір салты-тұрмыс мәдениетіне арнап керемет фотальбом шығарыпты. Қуанып, соны хабарлаған беті көрінеді. Кешіктірмей біраз данасын салып жібереміз депті. Қастерлі қазақ жерін, сол өлкені мекендеген ғажайып халықтың мәдениетін сағынамыз, атқа мініп, құс ұшыруды аңсаймыз депті. Зайыбы екеуін қонаққа шақырыпты.
Күн сайын мұндай хаттардың бірнешеуі келеді. Астана, Алматыны былай қойып сонау Мәскеуден, Токиодан, Вена мен Лондоннан, Берлиннен, Ригадан... Толып жатыр. Дүние жүзінің тұс-тұсынан хабарласып жататын тілектестері көп. Бәрінің де елшілері мен хатшылары кезінде осы үйден дәм татқан...
Бүгін өзі азырақ саяттап қайтуды ұйғарған еді. Бұл шешімге де аяқ астынан келе қоймаған, табиғат аясына шығып бой жазу талайдан бері діттеген шаруасы болатын. Бүркіті Айсарының да өзінің қалықтауы үшін жаратылған көк жүзінде арындап самғамағалы біршама өткен-ді. Сондықтан, біртіндеп шау тарта бастаған шөгелінің шабытын шыңдап, бір мезгіл томаға тартып қайтуды көптен көздеген.
Өзі, әр нәрсенің ыңғайы болатыны рас. Ақыры, талайдан мазасы кеткендей қаншалықты іштей тықыршыса да, түрлі шаруалардан босай алмай, бір мезгіл қырға шығып, сейіл құрып қайтудың сәті енді ғана түскендей екен.
***
Бүркітші балдақтың дүмін өзіне қарай жылжытыңқырап, құсын ыңғайлырақ отыру үшін кеудесіне сүйеңкірей орналастырды. Жол әжептәуір ұзақ еді; діттеген алғашқы меженің өзі талай жерде жатыр. Иесінің көңіл күйін тақым ыңғайынан-ақ аңдайтын Кертөбел ат митыңтай тартып, бетегелі-тырсықты Қызылқия беткейлеріне қарай қиялай салып келеді. Айнала төңіректегі іркес-тіркес тұтаса жалғасқан жатаған шоқылар мен өркеш-өркеш қыратты-жоталы қырқалардан көз сүрінді. Бір қарғанада, сәл құлазыңқырап, қоңырайып қана жататын осынау құба жондардың қатпар-қатпар астыңғы қабаттарындағы дәулетті жергілікті жұрттың көпшілігі ескере қоймайды. Әйтпесе, әлемде жоқ нешеқилы минерал түрлері мен қорғасын, мырыш пен тотыққан мыс кені мынау алақандай Тасбаздың айналасынан-ақ молынан табылар еді. Е-е, тіпті, тым алысқа ұзамай-ақ дәл қазір өзі келе жатқан нүктеден жүз шақырымдай ғана диаметр аралығындағы Алмалы, Өспен, Бесшоқы, Ақбиік, Жаман қойтас, Спасск, Сырғанақ, Қайрақты қойнауындағы байлық баяғыдан белгілі екен-ау. Бұл өңірде кең даланың төсін тіліп, еркелей аққан дариялар да баршылық сияқты. Егер біртіндеп санап, Нұра, Шерубай-Нұра, Сілеті, Өлеңті, Шідерті, Ащысу, Жарлы, Талды... деп тізе берсе, кемінде жиырмаға тарта өзен-жылға аттары шығады. Иә, Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары толқыған салқар атырап дегеніңіз осы.
Алдыдағы бір қиқуды сезіп, басымдағы томағаны қашан шешесің дегендей анда-санда бір шаңқ етіп қойып қозғалақтап келе жатқан қолындағы Айсары бүркітті бауырына қарай тақай түсіп, айналасын шола қараған Тілеуғабыл бір сәт таң нұрына шомылып, маужырай оянған даланың сұлу кескінін жаңа көргендей таңырқады. Көз ұшынан мұнартып Ақшоқының шойтастары қол бұлғап шақырғандай болады. Балбөбек балалық шағы өткен жерлері ғой. Бастауыш мектепті сонда оқып еді.
Селеулі-бетегелі, жусанды-сораңды дала тал-терек пен шілікті жыныс қалыңдарынан да кенде емес-ті. Өзінің кіндік қаны тамған Қазығұрт жайлауымен жапсарлас осы Тасбазда Бетқайың аталатын әжептәуір ауқымды, сыңсыған шоқ тоғай болатын-ды. Кейін түрлі жағдайларға қарай сиреп кетті. Бала кезінде Ақшоқы мен жиырма бес шақырымдайға созылған сол екі аралықта шағын «Орленок» велосипедімен талай жүйткіген...
Осыны ойлағанша, кенет, қыңсыл қаға, серпіле ытқып, аттың алдына арқан бойы озып шыққан Аққұстың қимылы тез ширатты. Итінің мінезін жақсы білетін саяткер қозы көш жердей бүйірдегі қырға жалт етіп қарап, сылаңдап, дөң асып бара жатқан түлкіні байқады. Хайуанның өзі де әдейі бояғандай-ақ қып-қызыл екен. Әм өте ірі мақұлық. Ара-қашықтық бірталай алыс болса да, көзге оттай басылған аңның сұлбасы сүтке малғандай құйрығының ұшы ағараңдап, айқын көрінеді. «Иә, сәт!» деді бүркітші іштей.
Әлгіндегідей, «тойдың болғанынан боладысы қызық» – күніұзын діттеп келе жатқан шешуші кездің түйіні де тез тарқатылып қалғандай еді. Қарбалас, толқулы шақта ұмсына қарманып, ыңғайланып, қамданып үлгергенше бір мезгіл назардан ғайып болған аң келесі белеске қайқаң етіп көтеріліп, тағы да жарқ етті. Сезімтал құс та елең-елең еткен. Тілеуғабыл жалма-жан бүркітінің томағасын сыпырды. Тұмшаланған көзі ашыла сала жемтігін көрген қырағы Айсары желке түгі дүмпие, дүр сілкініп, шаңқылға басты. Ашуға мінгендегі дағдысымен иесінің білегін бүре сығымдап, қалың биялай қорғамаса, тіпті, сындырып, үгітіп жіберуден тайынбайтындай. Құсын қолынан сілкіп ұшырған бүркітші:
– Әп, бәрекелді! Тарт, жарықтығым! Заула! – деді дауыстап.
Ендігі бір кезекте Аққұс тазы түлкіні қақпайлап, аңның алдын кесу үшін, әдетінше, сондайдан айнала орағытқан күйі құлақтарын жымырып алып, оқтай зымырады. Лезде көкке шырқап көтерілген қыран құс та а дегенше қыр астына және ылдилаған нысанасына қарай тастай сорғалап құлап бара жатты.
Өзі де қиялай шауып келіп, көп күттірген айқастағы ең айшықты мезеттің дәп үстінен түскенін аңдамай да қалғандай. Алғыр қыран «апа» дегізген жоқ, анадайдан бұл жеткенше жемтігін сұрапыл екпінмен келіп соғып, қан шеңгелді салды.
Апыр-топыр арпалыс тез аяқталған. Айсары бұл жолы да кәнігі әдісін қолданған екен. Сарт еткізіп, төбе құйқа мен бөкседен қатар бүріпті. Шарасыз қалған аң байғұс екі бүктеле, тісін шақылдатып, тыпыр-тыпыр етеді. Аңшы да жанындағы шағын қолнайзасын суырып алып, атынан секіріп түсті.
Түлкі тез тыншыған...
– Ал, майлансын! – деді саятшы аң алған сәттегі әдетімен, тіл білмесе де иелерінің әр қимылын бағып, икемделіп тұратын серіктерімен сөйлескендей. – Үйірімен үш тоғыз! Олжамыз берекелі болсын!..
Аңның терісін сыпыру да аса ұзаққа созылған жоқ. Машықтанған аңшы қолы түлкіні көзді ашып-жұмғанша лып еткізіп тез сойған соң теріні бір сілкіп жіберіп, қанжығаға байлап та тастады. Одан мейірге толы көзі боталап, талай жылғы адал серіктеріне сүйсіне қараған қожайын Кертөбел атын сауырдан сипап, Аққұс тазының құлақ түбінен ақырын қысып, ризалығын аңдатты. Иесінің көңіл күйін жазбай ажырататын сезгір ит те құйрығын бұлғаңдатып, сүйкене түсіп, еркелеп тұр. Сонадайда бүркітші кесіп берген бір жапырақ түлкі етін тұмсығымен жұлып жеп, өз бетімен отырған Айсары да саңқ-саңқ етіп, бұларға қарай көз тігіп қояды.
Жаңа ғана тез біткен қияпат күреске куә болған маң дала тағы да ештеңені аңдамаған жұп-жуас, аңғал кейіппен батар күннің алау нұрына шомылып, манаурап жатты.
Аттың айыл-тартпасын қатайтып, ертоқымын оңдап, олай-былай күйбеңдеп жүріп, құсын көтеріп келіп үзеңгіге аяқ салғанша қас та қарайды. Ауылға қарай аяңдап келе жатқан Тілеуғабыл кенет өзінің ыңылдап әндеткісі келетінін аңдайды. Кеудесін сәл мұңдылау бір беймәлім әуен тербейтіндей.
Қызылқия қайқаңынан асқанда ауыл төбесі жарқ етіп бір көрінді. Тасбаз оттары жымың-жымың етіп, алыстан қол бұлғады.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы