Абайдың мерейтойына орай жол жөндеуге 25 миллион, түрлі іс-шараға 400 миллион бөлінбек
2019 ж. 17 қыркүйек
4023
0
Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Абай ауданында болып, Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық жұмыстары жөніндегі облыстық жұмыс комиссиясының отырысын өткізді. Облыс əкімі ауданға сапары барысында Сырт-Қасқабұлақ, Ақшоқы орындарында болып, аталмыш тарихи жерлерге апаратын жоллдарды жөндеу туралы тапсырма берді. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Аудан орталығында өңір әкімі Абай алаңының абаттандырылу жұмысымен танысты. Қарауылдың қақ ортасында, былтыр ашылған Ұлы ақынның қола ескерткіші алдына созылған алаң заманға сай абаттандырылып отыр. Ұзындығы 150 метрлік алаң бойына әуенді субұрқақ, балаларға арналған ойын құрылғылары, воркаут, жайлы орындықтар, сахна қойылып, жарықтандырылған.
Аудандағы абаттандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғаспақ. Келер жылғы ұлан-асыр тойға дейін Қарауылдың бірқатар көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылатын болады. Даниал Ахметов бұл іске қажетті 25 миллион теңгені бөлуді тапсырды.
Комиссия отырысында мерейтой аясында облыстық деңгейде 330 іргелі іс-шара өткізіліп, оған 400 миллион теңге бөлінетіні айтылды. Абаттандыру жұмыстарына қарастырылған 480 миллион теңге сомасы тағы ұлғайтылмақ.
Аймақ басшысы аудан жұртшылығының сұранысына орай Қарауылға жаңа мектеп ғимараты салынып, елдімекенді сумен қамту жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Бұған 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар әкім Құнанбай əулеті жатқан Ақшоқы жеріне орташа мұражай салу жөнінде тапсырма берді.
«Ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту – басты міндет, ортақ парызымыз. Негізгі мақсат ат шаптырып, ас ішу емес, жоспарланған іс-шаралар арқылы Абайдың құнды мұрасын жан-жақты насихаттау, тарихи орындарды заманға сай абаттандыру, жолдарды жөндеп, келушілерге жайлы жағдай жасау. Осылайша, біз жергілікті əлеуметтік мəселелерді де шешеміз», - деді Даниал Ахметов.