«Биліктен биік тұлға» деректі фильмі жарық көрді
2019 ж. 11 қыркүйек
3525
5
Халқына қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін танытқан ХХ-ншы ғасырдағы арыстарымыз туралы ғибратты фильмдер жарыққа шықты.
Ардақты арыстарымыз туралы фильмдерді «ҮouTube» арқылы «Назгүл Абутрапова» деп теріп, осы автоpдың арнасынан көруге болады.
Қай заманда да, қай халыққа болсын жер мен тіл мәселесі қасиетті де киелі ұғым. Өйткені ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын екі-ақ нәрсе болса, ол - Жері мен Тілі! Осы екеуін жоғалтқан жұрттың өзі де жоғалады. Қазақ елі үшін азабы мен ғажабы, соры мен бағы қатар өрілген ХХ-ншы ғасырды саралайтын болсақ, кезеңдер туғызған құнды құбылыстар мен қайшылықтар қарапайым халықпен қатар, билік басындағылардың да тағдырында көрініс тауып жатты.
«Ұлтының үлесіне ұлы құбылыс жасау жолында сол ХХ-ншы ғасырдың алыптары өз бәсекелестерінің бәсін түсіріп, кегін қоздырды. Көре алмаушылық қойсын ба, билік бұлардың бәрін енді жолын кеспестей етіп, биік шыңнан құзға қарай домалатты ... Бұл алыптардың қатарында кімдер бар еді?... Фильмде осы жөнінде ерекше толғаныспен айтылады, халқымыздың ірі тұлғалары туралы тарихи деректер молынан кездеседі» дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметінің басшысы - хатшысы С. Төлеуұлы.
Сонау 1920 жылы қазақ жерінің тұтастығы жолында басын қатерге тігіп В.Ленинге дейін барған, сөйтіп 5,5 млн қазақ ұлты тұрып жатқан 3.467.922 шаршы шақырым жер көлемін бекіттіріп, өз миссиясын адал атқарып шыққан небәрі 29 жастағы Әлімхан Ермеков пен Алаш көсемдері болды. Кешегі Кеңестер Одағын Хрущев басқарғандағы ең зор саяси қателігі - қазақ даласын сынақ алаңына айналдыруы мен жерін бөлшектеп Мәскеуге бағындырғысы келуі, ал, мұнайлы аймағын Түркіменстан мен Әзірбайжанға, оңтүстік өңірді Өзбекстанға бере салуы сияқты зұлымдық идеясына ашықтан-ашық қарсы шығып, ұлтының мүддесін қолындағы биліктен де биік қойған Нұртас Оңдасынов, «Кісендеулі жолбарыс» атанған Жұмабек Тәшенев, жан баспаған жапан даламыздың қойнауынан «қара алтынның» қоймасын ашқан Қаныш Сәтпаев пен Шахмардан Есеновтер, сондай-ақ, «Азияның асау жүрегі» атанған Оспан батыр еді...
Ендеше, осы алыптардың телегей-теңіз ғұмыр-дариясы кино тілінде көпшілік халықпен дидарласуға дайын!
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков фильм түсіру идеясын ұсынып, кеңесшілік көрсетті.
Назгүл Абутрапова,
Фильмдердің авторы