ҚОС ӨНЕРДІҢ ҚЫРАНЫ
2019 ж. 29 маусым
7416
2
...Жалынды жырлар жазатын,
Сыр толы сурет салатын.
Өнердің елі – өз елім,
Қос өнер – қос қанатым.
Өзі жазған өлеңдегі осы бір ғана шумақ суретші, ақын Әуелбек Ысқақовтың мақсат-мұратын, бүкіл өмірлік бағыты мен болмысын ашық айғақтап тұрғанын аңғарасыз. Қасиетті де киелі егіз өнерді өмірлік серік еткен Әуелбек Ысқақов алпыс атты белеске табан тіреді. Оны бүкіл Жетісу аймағы атап өтті десек те артық емес.
Жер жанаты – Жетісу өңірінде, асқар Алатаудың етегін жайлаған ақындар мен батырлардың ежелгі мекені болып келген Жамбыл ауданының атақ-даңқы алысқа кеткен. Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған – Сүйінбай, жыр алыбы – Жамбыл, өлеңнің қара жорғасы, өзгелерден оза шапқан үздік ақын – Үмбетәлінің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Елін, жерін жаудан қорғап, ерлігімен аңызға айналған Қарасай, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Қараш, Қашке, Саурық, Сұраншы, Сүттібай секілді батырлардың отаны.
Алдымен бүгінгі кейіпкеріміз суретші, ақын Әуелбек Ысқақовты «Қазақ үні» газетінің қалың оқырмандарымен жақынырақ таныстыра кетейік.Ол суретші, ақын ғана емес, әуесқой композитор, әнші, айтыскер ақын, жыршы-термеші, жұрт тойында көргісі келетін асаба, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, мұрағат-мұражай тарихын зерттеуші... Бұл атағанымыз – Әуелбектің бойына біткен қасиеттерінің бір парасы ғана. «Жігітке жеті өнер де аз» – деп осындайда, айтқан болар данышпан қазақ.Шынында, осыншама қасиет бір адамның бойына сирек бітеді емес пе?! Ал, айтпай кетуге болмайтын Әуелбектің ең басты артықшылығы бар, ол – қарапайымдылығы! Үлкенге құрметпен, кішіге қамқорлықпен қарайтын қалыпты мінезі оның беделін биіктетіп, жалпы жұрттың шынайы құрметіне бөлеп келеді.
Әуелбек Мұсаханұлы 1959 жылы Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Алматы қаласындағы №9 мектеп-интернатты бітірген соң Абай атындағы мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетіне түсіп, сурет пен сызу пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Жастайынан, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, алғашқы жазған өлеңдері мен суреттері сол кездегі «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Қазақстан мұғалімі», «Педагог» басылымдарында жарияланып, көпшілік назарына ілігеді. Отан алдындағы әскери борышын екі жыл өтеп келген соң, 1982 жылдан бері туған жері Жамбыл ауданы комсомол, білім бөлімдері саласында жұмыс істеп, 30 жылдан аса Үмбетәлі атындағы орта мектепте мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. 2011 жылдан өзінің атасы, белгілі Халық ақыныҮмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалдық музейінің директоры болып еңбек етіп келеді. Өмірмен өзектес, тарихпен тамырлас осы саладағы көп жылғы еңбегі еленіп, ҚР Мәдениет министрлігінің марапатына ие болды, «Үздік өлкетанушы» атағын алды.
Әуелбек Ысқақовтың әдебиет саласындағы еңбектері өз алдына бір төбе. «Жорғадан қалған тұяқ ем», «Үмбетәлі жырларының жалғасы», «Мен де бір мөлдір тамшымын», «Даңқты дихан Қасымбек», «Жаным Жайлымстан тараған ұрпақтар», «Әке жайлы әңгіме», «Егіз өнер» атты бірқатар кітаптары жарық көрді. Соңғы «Егіз өнер» жыр жинағының тұсауы аталмыш шығармашылық кеш үстінде кесіліп, мерейтойға келген қауымның қолына тиді.
Әуелбек Ысқақовтың шығармашылық кешіне алыс-жақыннанкелген құрметті қонақтары,туған-туысқандары, жерлестері, өзі еңбек ететін ұжым мен мектептегі шәкірттері,өнер сүйер қауым аудан орталығы Ұзынағаш кентіндегі үлкен мәдениет үйін лық толтырды.Шығармашылық іс-шараға белгілі қаламгерлер Нағашыбек Қапалбеков, Жұмабай Шаштайұлы, оқушы, студенттік шағын бірге өткізген, танымал суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов, белгілі актриса Күлзия Қожахметова тағы да басқа өнер шеберлері мен елге танымал тұлғалар мерей той иесіне жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонау бала шағы мектеп-интернатта оқып жүргеннен, университет бітіріп шыққанша ұстазы болған ғалым, профессор Африза Айтбайқызы Әуелбек Ысқақовтың кішкентайынан өнерлі, алғыр, белсенді болғаны жайында қызықты естеліктер айтып берді.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» – дейді халық даналығы. Бұл да Әуелбек үшін айтылған секілді. Алтынның сынығы, асылдың тұяғындай Әуелбек жастайынан Сүйінбай, Жамбыл және Үмбетәлі атасының жырларын жаттап өседі. Өзі де өлең шығарып, жыр-термелерді домбырамен орындап машықтанады. Кейін келе үлкен сахналарға шығып, айтыстарға да қатысып көпшілік қошаметіне бөленген.
Ұйтқысы болған
өнер ордасының,
Мен де бір өлең-өзен
арнасымын.
Шашасына шаң
жұқпас Үмбетәлі,
Жырларының жалынды
жалғасымын,
– деп жазуы осыған нақты дәлел болса керек.
Шәкіртсіз ұстаз – тұл, соңыңнан қалар ізіңді өшірмей, жалғастыратын да солар. Отыз жылдық ұстаздық өмірінде оның алдынан жүздеген шәкірттер білім алып, үлкен өмірге жолдама алды. Сурет атты сиқырлы әлемге бет бұрған ізбасарлары да баршылық. Олар түрлі байқауларда көзге түсіп, мектеп пен ұстаз мерейін өсірді. Әуелхан Мұсаханұлы оқушыларын сурет өнеріне ғана емес, өлең өлкесіне де бағыттап, Үмбетәлі ақынның әдеби-мемориялдық музейі қасынан әдебиет үйірмесін ашып, жастарды баулумен келеді. Ертең олардың да арасынан халқына жауһар жырлар сыйлайтын ақындар шығарына ұстаз сенімді.
Мерейтойға келушілер мәдениет үйінің залында қойылған суретші Әуелбек Ысқақовтың «Ұлы дала бояулары» атты шығармашылық көрмесін де тамашалауға мүмкіндік алды.Мамандардың айтуынша Әуелбек Ысқақовтың суреттерітұңғиық ойдан туындаған картиналарымен құнды және өзіндік графикасымен ерекшеленеді. Портреттік суреттері де мамандар мен көрермендер тарапынан лайықты бағасын алған. Оның жеке сурет көрмелері Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы мұражайда табыспен өтті. Сол сияқты облыстағы аудан орталықтары мен Талдықорған, Жаркент қаласындағы көрермендер тамашалай алды.
«Әуелбек менің досым ғана еме, өнердегі ұстазым. Сурет салуды алдымен содан үйрендім. Ол болмағанда суретші мамандығын қаламаған болар едім. Ол бірыңғай сурет өнерінің соңына түссе одан керемет суретші шығар еді. Суретші-ұстаз ретіндегі еңбегі зор. Еңбектері бірқатар катологтарға еніп, бірнеше ақын-жазушылардың кітаптарына графикалық суреттері шықты. Әуелбек соңғы кезде төл мамандығына ден қоя бастағаны қуантады мені. Екі жылдың айналасында елуге тарта картина жазып үлгеріпті. Оның талантына мен жоғары баға беремін»-дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші Алпысбай Қазығұлов.
Ия, егіз өнердің тізгінін тең ұстау оңай емес, ол бәрінің бірдей қолынан келе бермейді.Қос өнердің көгінде қырандай қалықтаған Әуелбек Мұсаханұлына біздің қалың оқырмандар атынан «Қанатың талмасын, қос өнердің қыраны!» – деген тілегін жеткізгіміз келеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz