ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ЖАСАСА ДА, ЖАДЫ МЫҚТЫ ЕДІ...
2019 ж. 28 маусым
45876
0
Өмірден 95-ке қараған шағында Бикүл апа да өтіпті. Бұл кісіні ғасырға жуық жасаған тірі шежіре деуге болады. Соның ең үлкені – 13 жасында 1938 жылы Алаш идеясы үшін айдалып кеткен Перуаш Кәрімұлының түрмеден елге жазған жырын жаттап алып, кеше өмірден өткенше, айтып келгенін айтуға болады. Алашорда материалдарын таратқаны үшін ұсталып кетіп, құрбан болған Перуаш Кәрімұлының бұл өлең жолдары 1938 жылы Ақмоладағы НКВД-ның түрмесінде газет бетіне сүтпен жазылған болатын. Өйткені, оның хаттарын цензура сыртқа шығармайтын. Осы жыр жазылған газетпен кір киімдерін орап, үйіне жууға жібереді. Пакетті жеткізген адам газетті лақтырып тастамай, оны күйемен тазалау керектігін айтады. Осылайша, пайда болған бұл өлең жолдарын Перуаштың 13 жастағы оқушысы Бикүл Мұқанова (суретте) жаттап алып, сақтап қалған. Бұл дастанды оқығаны үшін, оны үш күннен кейін НКВД-ның қызметкерлері ұстаған. «Алашордашыл П.Кәрімовтің өлеңін тараттың» деп айыптап, соққыға жығады. Бикүлді НКВД-ның аудандық бөліміне жүгіріп жеткен өзінің анасы Жұмаш өте балуан кісі болған екен. Дәу бір қап бидайды бір қолымен-ақ көтеріп кете беретін еді дейді ел. Сол кісі қамаудың есігін бір теуіп ашып, кіріп барып, «Ойбай-ау, бұл бала емес пе? Бала да бір ит те бір, қызыққанына жүгіреді, не істеп жатқанын біледі ме?» – деп, қолынан сүйреп алып шығады. НКВД қызметкерлерінен қылмыстық іс көтермеуді талап етіп, құтқарып қалады. Перуаш Кәрімұлының елмен қоштасу жыры Ерейментау өңіріне жылдам тарап кетті. Оның жеке шумақтарын білетін әртүрлі жастағы адамдар да әр кезде айтып жүретін еді. Өлеңнің толық нұсқасын бүгінде 89 жасында Бикүл апаның өзі 2014 жылы Перуаш Кәрімұлының туған немересі Азат Перуашевқа айтып береді. Өлеңмен жазылған толғау хатты оқып беру туралы өтінішке де уайымды жүзбен алаңдап: «Мені сол үшін қайтадан қамап тастамай ма?» деп үрейлене сұрайды. Иә, 76 жыл бойы бойдан кетпеген үрей еді бұл!.. «Бір мені балаушы еді бір тайпа елге» деп ат қойған, жалпы 20 шумақтан да асып кететін бұл ұзақ жырды Бикүл апа бір демде айтып шығады.
Қолыма қалам алар кезім келді,
Жүректі ой тербетіп сөзін берді.
Март күні 26-шы жазған хаттан,
Төкеннің қолтаңбасын көзім көрді.
Үй-тұрмыс, жазыпсыздар елдің жайын,
Ата-анам, Төкен менің уайымым.
Саясат ызғарымен кеттім деймін,
Басқасын ойыма алып не қылайын.
«Аман бол, әке» депсің, жазған сөзің,
Бір сенің суретіңді көрді көзім.
Түрмеде біз сияқты жатыр талай,
Тоқтаттым осыны ойлап өзімді-өзім.
Ажалсыз атқан оқтан қалғам талай,
Бауырым күдер үзбе, көрмес жандай.
Әділдік келсе, жойып қиянатты,
Еш қылмас еңбегімді әлдеқандай.
Қорқыныш осы жерден болмай сенім,
Жақсы жоқ, жаман айтпай дегендейін.
Ырзамын туып-өскен Қоржынкөлім,
Малтабар – кіндік қаным тамған жерім…
Ал енді, қош айтамын, дұғада бол,
Жүруге дайындалдым, бір ұзақ жол.
Бұл сапар «Барсакелмес» деген еді,
Ақырын қайыр етсін, ел аман бол!
Ал 2018 жылы 29 қыркүйекте біз Азат Перуашевпен бірге Бикүл апаның халын сұрауға Ерейментау ауданы «Жаңа жол» ауылына бардық. Қасымызда жол бастаушы , осы ауылдың түлегі, сол кезде Перуаш Кәрімұлы атындағы мектеп директоры болған, қазір Ерейментаудағы агроколледж директоры Руслан Хамзин мен ел ағалары Жылқыбай Абақаев пен Ербол Әубәкір және Азекеңнің тұңғыш ұлы Әнуар Перуаш бауырымыз да болды. Зұлмат сепкен 1938 жылдардан арада 80 жыл өтсе де, 94-тегі Бикүл апа бұл жырды әлі жатқа айтады екен. Өлеңді есіне салып едік, түгел жатқа айтып шықты да: «Мені тағы да ұстап әкетпей ме?» деп сұрады.
Қазақтың бас көтерерін түгел айдап-атып тастаған Кеңес империясының 80 жыл өтсе де кетпеген үрейі еді бұл… Бикүл апа сол күні баяғы Перуаш ағасының өлеңін оқығаны үшін қамалғанын еске алды. Содан кейін де НКВД-шылар оны бірнеше рет іздеп келген екен. Бір іздеп келгенде жанып тұрған пештің мұржасының төбесіне шығып кетіп, тығылып отырып, табаны күйіп қалғанын еске салды. Сонымен бірге, бұл жырды жатқа айтқанында бұрын біз естімеген шумақтар да қосылып кетті... Соған қарағанда, бұл қоштасу жыры біз ойлағаннан да, бізге жеткеннен де ұзақ болуы мүмкін деп ойладық. Мен өзім видеоға жазып алған бұл көріністен қатты әсер алдым. 95-ке жақындаған апамыздың есте сақтау қабілетіне таң қалдым. Бұл сапарымыздан керемет әсер алдық. Апамыз бізді күтіп жүрген қызы Бақытжанға бұйрық беріп, бізге сақтаған сыбағасын, жылқының сүр етін салдырды қазанына. «Мал өрісте еді, кешке қалыңдар, қой соямыз» деді қайта-қайта ескертіп. Өзі бізбен бірге дастарханға отырып, дәм татты... Кетерде Азекең екеуміз балалық шағымызды еске түсіріп, сөреге шығып, жайылып тұрған апамыздың құртынан «ұрладық..» Мен сол кезде апамызға: «95-ке аман-есен жетіңіз, тойыңызды атап өтеміз» деген болатынмын риза болып. Бикүл апа 95-ке сәл ғана жетпей өмірден өтті. Егер Бикүл апаның ерен ерлігі мен феномендік дәрежедегі есте сақтау қабілеті болмағанда, бізге Алаш арысы Перуаш Кәрімұлының сол бір зобалаң жылдарының шежіресіндей болған жыры жетпес еді... Ал осы жырды негізге алған ақындар 2014 жылы Ерейментау ауданы, Малтабарда өткен Перуаш Кәрімұлының 100 жылдығына арналған Халықаралық жыр мүшәйрасында жүздеген арнау жыр жазып, 24 ақынға бәйге берілді. Мүшәйра қорытындысы кітап та болып шықты сол кезде. Ал осы жырдың басына жазған Перуаш атаның отбасына жазған хатындағы «Мен де аман келермін» деген сөздері мені де қатты тебірентіп, мен осы аттас әсерлі жыр жазған едім.
Өмірден Ел анасы деуге лайық Бикүл апа да өткеніне қырық күннің жүзі болыпты. Жатқан жері жайлы болсын. Алды пейіш, арты кеніш болғай... Алла ұрпақтарына да ұзақ ғұмыр бергей! Иманы салауат болғай!
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні» газеті
qazaquni.kz