Жайсаңның жан шуағы
2019 ж. 22 маусым
3784
2
Сынаптай сырғып өтіп жатқан уақытқа дауа бар ма, белгілі фототілші Рахымбай Ханалымен алғаш танысқаныма да тура 46 жыл болған екен. Сол кездегі еліміздегі жалғыз университеттің (Қазақ мемлекеттік университеті) журналистика факультеті студенті атанған жылдар болатын. Ару Алматыға арман қуып келген жастарға одан артық бақыт болып па!..
Студенттік кездің қызығын айтып тауыса алмайсыз. Содан да болар қызығы мол жылдардың көзді ашып жұмғанша өте шығатындығы. Бірге оқыған курстастарымыздың басым бөлігі қазір елге танымал тұлғаларға айналды. Ал, Рахымбайды білмейтін қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Сонау студенттік кезінен бастап газет жұмысына араласқан Рахаң «Қазақстан пионері» газетінен бастап (қазіргі «Ұлан») «Жас алаш», ең беделді деген, оқырмандардың сүйікті «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де көп жылдар қызмет етті. Ол түсірген фотосуреттер Қазақстанның барлық басылымдарында, тіпті шетелдік газеттерде де жарияланатын.
Мына шұғыл жазылған шағын ғана жазбамда Рахымбайдың әуесқой композитор, музықалық аспаптарда шебер ойнайтыны секілді өзге де бірқатар өнерін былай қойып, тек қана өзі бар ынтасымен айналысқан мамандығын шебер меңгергендігі туралы ғана ой қозғамақпын. Сурет демекші, жетпісінші жылдарда түрлі-түсті сурет өте сирек болатын. Сол ақ-қара түсті суреттің өзі қолға тие бермейтін-ді. Ол үшін арнайы фотоательеге барып түсіп, шыққанша бірнеше күн тосу керек болатын. Біздің бір артықшылығымыз – өзіміздің фототілшіміз күнделікті қасымызда жүргендігі еді. Студент кезімізде Рахымбай түсірген суреттер қазір сол кезде журналистика факультетінде оқыған жастардың барлығында сақталғанына сенімдімін, мәңгілік естелік болып қалды.
Өз кейіпкерінің мінезі мен келбетін ақын өлеңмен, жазушы көркем сөзбен жеткізсе, фотожурналист соның бәрін өзі түсірген бір ғана суреттегі қасқағым сәтке сиғызуға тиісті. Ең бастысы – өз кейіпкерінің көңіл-күйін, мінезі мен ерекшелігін тауып, көзді ашып жұмғанша қағып алу қиынның қиыны. Әрине, ол әркімнің қолынан келе бермесі белгілі. Рахымбайдың шеберлігі де сонда жатыр. Рахаңның кейіпкерлері балабақшадағы баладан бастап, ауылдағы шопан, кенші, құрылысшы, атақты ақын-жазушылар, әртіс, танымал саясаткер, тіпті, ғарышкерлерге дейін жалғасып кете береді. Оны атақты ақын Тұманбай Молдағалиевтің:
«Жылт еткен бір қуанышты
жібермей,
Шырылдайды,
аппараттан жыр өңкей.
Болашаққа барып
қалсақ дегендей,
Замандастар өтті алдыңнан
түгелдей...»
– деген Рахымбайға арналған өлеңінің мына бір шумағы анық жеткізіп тұр. Кейіпкерлердің жас шамасы, мамандығы, ұлты тағы басқа ерекшеліктері әртүрлі болғанмен солардың бәрімен тіл табысу аса маңызды. Ол жағынан мінезі жайсаң Рахаң ешбір қинала қоймайтын, кімді де болса жайлы мінезімен баурап ала қоятын.
«Жайсаңдармен жанасып,
Жақсылармен жарасып,
Жүреді алып-берісіп,
Беремін десе қолы ашық...
Жалғауы қиын үзікті,
Қисайту оңай түзікті...
Көңілсіз мына дүние
Рахымбаймен қызықты!-деген екен ақын Қадыр Мырза Әли өзінің арнау өлеңінде. Бұл жыр жолдары Рахаңның өзін кейіпкерге айналдырып, оған берілген мінездемедей емес пе?!.
Отыз жылдай өзінің сүйікті мамандығымен айналысқан Рахаңның соңында мол мұра қалды. Оны еліміздің ширек ғасырлық шежіресі десек те болады. Кезінде түсірілген суреттер бүгін тарихи құндылықтарға айналды. Оның басым бөлігі әлі де жарық көріп үлгерген жоқ. Өкініштісі, сол суреттер таспа күйінде қаттаулы жатыр. Өмірлік жары Африза Айтбайқызының ұқыптылғы арқасында жоғалмаған, жеке мұрағатында сақтаулы тұр. Бүгінгі күн кешегіге ұқсамайды. Баяғыдай таспаға түсіріп, қағазға басып шығару келмеске кетті. Цифрлық технологияның келуімен, оны шығаратын ескі құрал-жабдықтар да қазір таптырмайды. Мол мұраны «тірілтіп» жарыққа шығару үшін қыруар қаржы қажеттігі өз алдына, қазіргі шеберлер ондай іске мойын бұрғысы да келмейді. Соның бәрін мына заманғы техникаға сай қайта шығарып, өзі қызмет еткен халқына қайтарса құба-құп болар еді. Сол кезде шежіреге тіл бітіп, өткен тарихымыз туралы сыр шертер еді ғой...
Бүгінгі өміріміздің ертеңгі күні тарихқа айналатынын жете білсек те, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп соған мән бермейтініміз бар. Адам баласына берілген ғұмырдың қамшының сабындай тым қысқа екенін де еске алмаймыз-ау. Алда әлі де ұзақ, шексіз өмір күтіп тұрғандай бейқам жүретінімізді қайтерсіз. Аңқылдаған жайсаң мінезінен аумай өткен, күні-түні қолынан фотоаппараты бір түспей шапқылап жүретін Рахымбайды еске алғанда, ол көбіміз елей бермейтін осы бір заңдылықты жадында қатаң ұстаған ба деп қаласыз. Пешенесіне жазылған санаулы ғұмырын ұтымды пайдаланып, соңына мол мұра қалдыруды бұлжымас бағыт еткенін, соны іске асыруға үнемі асығып жүрген бе дерсіз.Тынымсыз еңбегімен ел құрметіне бөленіп қана қоймай, ол түсірген суреттер тұтас тарихи құнды дүниеге айналғанына бүгін көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі және келешек ұрпақ үшін оның маңызы жылдар өткен сайын арта түсері де сөзсіз.
Ширек ғасырдан аса Рахаң түсірген сол суреттер шежіресі енді ғана шешіле сөйлей бастаған секілді. Газет бетінің көлемі көтермегендіктен Рахымбай түсірген, бұрындар ешқайда жарияланбаған сирек суреттердің бірнешеуін ғана оқырмандарға ұсынып отырмыз. Рахымбай Ханалы туралы да замандастары, бірге қызметтес болған қаламдас әріптестері бірқатар естеліктер жазып, жарыққа шығара бастады. Өзі түсірген, туған жердің тарихына айналған сан мыңдаған суреттері секілді, Рахаң туралы жазылар жылы лебіздер легі де толастамасына сенімдіміз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz