АБАЙ және ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ
2019 ж. 14 маусым
4225
0
ҚР Ұлттық кітапханасындағы Н.Дәулетова атындағы залда белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбденнің «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарыққа шыққан кітабының тұсаукесері рәсімі өтті.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова құттықтау сөзбен ашып, шараның модераторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Экономика институтының директоры Әзімхан Сатыбалдинге сөз кезегін берді.
Уәхит Шәлекенов, Ораз Баймұратов, Халық Абдуллаев, Софы Сматаев, Сағындық Сатыбалдин және Осман Асылы сынды зиялы қауым өкілдері кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, ізгі-ниеттерін білдірді.
Автор Оразалы Сәбден өз кітабының бірнеше данасын Ұлттық кітапхананың алтын қорына табыстады. Сонымен қатар, кітаптың жалпы құрылымына тоқталып, іс-шараға келген қонақтарға жете таныстырды.
Бұл кітапта жаңа әлемдік өркениетке, 7-ші формацияға өтуге арналған академиктің 10-шақты концептуалды идеялары мен жобалары берілген. Кітап 3 бөлімнен тұрады. 1.Абай әлемінің Қазақстанның жаңа өркениетке өтуге септігі (автордың 15 сөзінде берілген). Оның ішінде Абайдың «Толық Адам» философиялық ілімін іске асыру (І бөлім). 2. Түркі империясының дамуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалар (30) туралы қысқаша мәлімет. Түркі әлемінің қайта жаңғыруына серпіліс беру идеясы, оның тетіктері. Түрік халықтары тарихы атты көркем суретті панорама (ІІ бөлім). 3.Әлемдік цивилизацияға серпіліс берген ұлы тұлғалар (континенттер бойынша 70 тұлға, ІІІ бөлім). 4.Эволюциялық даму және әлемдік өркениеттің 8 басым бағыттары бойынша (әлемдік діндер, философия, Ғылым және ҒТП, пассионарлық, мемлекет құрылымы, азаматтық қоғам, мәдени-ренессанс) 7-ші формацияға интегралды-инновациялық қоғамға өту жолы.
ХХІ ғасырдағы жаһандану процесі мен жаңа сын-қатерлер жағдайында автор өз оқырмандарына ой-пікірлерін ұсынып: әлемге жаңа көзқараспен қарауға және инновациялық серпін жасауға, әлемдік өркениеттің дамуын эволюциялық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан талдауға шақырады.
Халқымыздың дана да дара кемеңгері, данышпан ақыны, әрі ұлы ойшылы – Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Бұл еңбекте Абайдың ой-тұжырымдарын ертеңгі ізгілендіру қоғамын құруға, оның моральдық кодексін жасауға пайдалану әрекеттері көрініс тапқан. Қазақ елін алға жетелейтін құндылықтардың тетіктері мен тың пікірлер берілген, болашаққа бағыттайтын жол мен жобалар да бар. Атап айтқанда, олар:
5. ХХІ ғасырдағы келешектің концепциясы.
6. Әлемдік валютаны реттеудің әдісі.
7. Кәсіпкерлікті үдемелі дамыту Қазақстан экономикасының өзегі.
8. Түркістанды рухани астана жасау. Ұлы Жібек жолында рухани-технологиялық кластерін құру.
9. Қоғамды ізгілендіру және әлемдік қауіпсіздік.
10. Жаңа қоғамды 5-тік спиралмен басқарудың парадигмасы.
Кітап Лондонда баспадан шықты, Кембридж университетінде автордың қатысуымен презентациядан өтті. Баспаның дерегі бойынша қазір әлемнің 13 дамыған мемлекеттерде сатылуда, 200 ТОП университеттерге жіберілді.
***
Шара аясында кітапхана қорынан Оразалы Сәбденнің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі қойылды.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz