МЫРЗАШӨЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ
2019 ж. 14 маусым
6333
1
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Оңтүстік Қазақстанның жүрегі – Мырзашөл» деген лебізі қанатты сөзге айналып кетті. Ал, Мырзашөл дегеніңіз екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы болып түйісіп, тұтасып жатқан шұрайлы да шырайлы өлке.Осыдан небәрі бір ғасыр ғана бұрын бұл жер шағыл басып жатқан құла дүз, сағымды сары дала болатын. Сол даланы игеруге, гүлдендіруге белсене атсалысқандардың бірі әрі бірегейі – Бегім Серікұлы ағамыз.
Тағдыр деген тосындығымен, жұмбақтығымен, тіпті, қиындығымен де қызық қой.Ол кезде Компартияның қылышы қылшылдап тұрған кез. Айтты, бітті, бұйрығы сөзсіз орындалатын. Сол Компартия Бекеңді өз ауылында түрлі комсомол, шаруашылық, партия мектептерінен өтіп, енді жетіле бастаған шағында 1967 жылы осы қасиетті дала Мырзашөл өңірінен ашылған Мырзашөл аупарткомына ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп алып келді. Алайда, бұл келіс аттай 33 жылға созыларын ол кезде өзі де, өзгелер де сезген жоқ. Аупарткомда тапжылмай үш жылдай отырды. Жаңа аудан шаңырақ көтеріп, түрлі жаңа шаруашылықтармен толыға түсті. Содан кейін Бекеңді енді ғана ашылған 19 «А» шаруашылығына директор етіп жіберді. Ол кезде Бегім Серікұлының жасы небәрі 31-де еді.
1971 жылдың мамыр айында қазақтың нар тұлғалы ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың табандылығымен 1963 жылы Өзбекстанның құрамына берілген оңтүстіктегі үш аудан – Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары Қазақстанға қайтарылды. Шынында да, бұл өзбек ағайындар үшін күткен де, күтпеген де жағдай еді. Олар істің бұлай боларын алдын-ала сезді ме, осы аудандардағы жарамды техникаларды, басқа да құрал-жабдықтарды өздеріне қарай тасып, аймақты түгел Қазақстанға тапсыруға дайындалғандай болды. Қоғам және мемлекет қайраткері Егемқұл Тасанбаев ағамыз «Өзім өскен өлкеде» кітабында құжатта «сол кездегі шекара бойынша» деудің орнына, «қазіргі шекара» делініп кетуінің салдарынан біраз жер Өзбекстанда қалып қойғандығы туралы жазған. Дәл сол себеппен Бекең қызмет еткен шаруашылық та көрші елдің еншісінде кетеді.
Бекең жаңа кеңшарда жұмысын жалғастыра берді.
Әрбір адамның өмірінде бақытты да естен кетпес сәттері болады емес пе?! Бекең де сондай бір сағынышты сәттерін ұмытпайды. 1980 жылы тамызда Алматыда өткен Қазақ КСР-інің 60 жылдық мерейтойы көнекөздердің әлі есінде болса керек. Бұл тойға КОКП ОК Бас хатшысы, Димаш Ахметұлының сыйлас досы Леонид Ильич Брежневтің өзі қатысатын болған. Осыған орай Саяси Бюро мүшелері, республикалар мен Одақтың түрлі саладағы басшылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мерейтойға түгел шақырылған. Өзбекстаннан Ш.Рашидов бастаған үш адамдық делегацияны аэропортта Димаш Ахметұлының өзі күтіп алды. Делегация құрамында кімдер бар еді дейсіз ғой? Әрине, мұндай жиынға елдің назарындағы, халықтың нағыз құрметіне ие азаматтар шақырылатыны сөзсіз. Шараф ака қасына Чкалов атындағы Ташкент ұшақ жасау зауытының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сивец Виктор Николаевичті ертіпті.
Ал, енді үшінші делегат кім? Ол туысқан Димекеңнің қолын алып, осынау дүбірлі тойдың куәсі болған Өзбекстаннан келген жалғыз қазақ Бегім аға еді. Шараф акаңыз екі елдің тарихын терең білетін, ақылды да көреген саясаткер ғой, қуаң даланы маңдайы тершіп игеріп жатқан қазақ баласы дегісі келді ме, таңдауды Б.Серіковке жасапты. Содан болса керек, аэропорттан қарсы алып жатқанда:
– Мырзашөл аупарткомының бірінші хатшысы, шөлейт жерлерді игеруге үлкен еңбек сіңірген Серіков Бегім, – деп таныстырыпты.
Бұл сөзге Димаш Ахметұлы біраз ойланып қалады.
– Иә, баяғы тарихи Мырзашөлден десеңізші, – дейді.
– Иә, өзіңіз жақсы білетін Мырзашөлден, – дейді қонақ. Әңгіме осымен тәмам болып, барлығы күтіп тұрған көліктерге отырады.
Шынында да, Өзбекстанда тұратын бір жарым миллион қазақтың ішінен таңдаудың (олардың арасында министр, облыс, аудан басшысы болған қандастарымыз аз емес еді) Бекеңе түсуі кездейсоқтық емес. Оның еңбексүйгіштігі, ұқыптылығы, қарым-қабілеті таң қалдырмай қоймайтын. Сөйтіп, Бегім аға туған елінің тойында республиканың бірінші хатшысымен дидарласып, түрлі іс-шараларға қатысып, қуанышы қойнына сыймай қайтып еді.
Бекең шаруашылыққа ғана емес, руханиятқа да қамшы салдырмайтын азамат еді. Сол кезде осы аймақта қазақ тілінде «Достық» атты газет шығып тұрды, онда елімізге белгілі ақындар мен қаламгерлер жұмыс істеді. Солардың ішінен Шарапхан Кенжеханов, Есенғали Раушанов, Мылтықбай Ерімбетов, Бекшүкір Қаршалов, Ақылбек Төребеков, Темірхан Әлиханов, Ақшагүл Рамазанова, тағы басқаларын ерекше атап өтуге болады. Бұлардан бөлек қолына қалам ұстаған қаншама жас талант түлеп ұшты. Бекең осы талантты іні-қарындастарының баспасөз беттеріндегі «артық сөз», ерке қылықтарын кешіре білді, жоғарыға да білдірмей жіберетін. Содан да болар, «Достық» газетінде қазақ үшін өзекті мәселелер оябын тауып айтылып жататын. Бірде «Есенғали, сенен түбі мықты ақын шығады, Алматыға бар» деп батасын да беріпті. Сол үшін де олар қамқор ағаларын ұмытпай сәлемдерін айтып жүреді.
Мырзашөл даласы Өзбекстанға қарағанымен қазақ өнер шеберлерінің сағына жететін мекені болатын. Көрші Жетісай ауданына келген өнерпаздарды Бекең аттай қалап шақырып, міндетті түрде қонақ етіп жіберетін, аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастыратын. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Қалдарбек Найманбаев, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Фариза, Ысрайылдан бастап Күләш Ахметоваға дейін қазақ өнері мен әдебиетінің майталмандары Мырзашөл жерінде қадірлі қонақ болып, төрден орын алды. Мұның бәрі де аудан басшысының өз тіліне, салт-дәстүріне деген сый-құрметінің белгісі еді…
Бұл елде тағы бір саяси шара – республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау науқаны басталды. Билік орындары бұл орынға көрші шаруашылықтардың басшыларын ұсынды. Бекең де өз ауылындағы дос-жарандарымен ақылдасып, осы науқанға араласуды ұйғарады. Өйткені, Бегім Серікұлын жұрттың бәрі біледі, бәрі де оны құрметтейді, өзінің ортасында мойындалған адам. Бегім Серікұлы бұл сында да доданы жарып өтіп, 70 пайыз дауыспен Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды.
Бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіздік алғаннан кейін өздеріндегі облыс, аудандық басқару жүйелерін жапатармағай өздерінше атауға талпынды. Олий Кеңесінің кезекті сессиясында өзбек ағайындар да Ресей, Қазақстан сияқты «Әкімшілік басшысы» деген қаулының жобасын мақұлдады. «Бұл көршілерден көшірме ғой, өзіміздің халықтың дәстүріне, тарихына сай атау берейік» деп оны бұздырған, сөйтіп «Хоким» деген ұсынысты қабылдатқан қазақ азаматы Бегім Серікұлы екенін бүгінде біреу білер, біреу білмес. Өзі де бұрын екі рет аупарткомның бірінші хатшысы қызметінде аймақты өрге сүйресе, енді хоким атанып, үшінші рет аудан басқарды.
Бегім Серікұлының кешегі өткен Ислам Каримовпен қарым-қатынасы да екі ел перзентінің бір-біріне деген риясыз достығын аңғартады. Кезекті президент сайлауының қарсаңында Ислам Каримов аудандардың аужайын байқау үшін жанына облыс әкімін ертіп Мырзашөлге келеді.
– Ислам Әбдіғаниевич, ойланбаңыз, халық Сіздің жағыңызда, ең кемі 85-86 пайыз дауыс жинайсыз, – деп алаң көңілді алғаш басқан да Бекең еді. Ислам Әбдіғаниұлының кетерінде қимастықпен:
– Мен Сізге сенемін, – деп айқара құшақтап, қоштасуы Бекеңе деген құрметтің шынайы көрінісі болатын. Артынша И.Каримов сайлауда жеңіске жетіп, кейін Бекеңе арнайы рахметін айтқан еді.
Көп ұзамай өз өтініші бойынша у-шусыз, артық әңгімесіз орнын босатып, кезінде іргетасын өзі қалаған С.Сегізбаев атындағы шаруашылығына оралып, халқымен қайта қауышады. Бұл Бекеңнің осы шаруашылыққа осымен үшінші рет келуі еді. Бұл 1994 жыл болатын.
Шаруашылық жұмысы Бекең келсе дұрыс жолға қойылатын, басқа қызметке ауысса, қайтадан қожырап сала беретін. Содан ба, оның келгеніне бәрі қуанды, құшақтарын жая қарсы алды. Бұл жолы да Бекеңнің арқасында қырманға мақта, қамбаға бидай толды. Мемлекеттік қызмет мұрша бермей кетіп еді, енді осынау тыныштау кезеңді пайдаланып, кандидаттық диссертациясын жаза бастады.
Бірақ, тағы да жоғары жақ бас бұрғызбады. Бұл жолы оқиға басқашалау өрбіді. Арада бір жыл өткенде облысқа жаңа әкім болып өзінің депутаттық корпустағы танысы әрі әріптесі Шавкат Мирамонұлы Мирзиёев тағайындалды. Ол өзінің алғашқы сөзінде Жызақтың экономикасын көтеру үшін ауыл шаруашылығы жөнінен мәслихат кеңесін құратынын, оның жетекшісі етіп өмір көрген, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол, елдің де, жердің де жағдайын жақсы білетін Бегім Серікұлын бекітетінін мәлімдеді. Бекең біреу сенім артса, оны абыроймен орындауға, ұятқа қалдырмауға тырысатын жан. Қанына сіңген қасиет қой. Баяғыда Мырзашөл ауданының ең алғашқы басшысы Сатай Керімов те сеніп, өзін шақыртып еді. Сол сенімнен шығуға бар күшін салды. Кеңшарға алғаш директор болып қызметке кіріскенде де оның іскерлігіне күдік келтіріп жүргендердің аузына құм құйылды. Шараф аканың сенімін ақтап, ауданды түлетті. Содан соң халық депутаттығына сайланып, жаңа заманға лайықты ойларымен жұртты аузына қаратты. Сонда Бекең мінберде тұрып сөз сөйлеген кезде зал сілтідей тынатын. Бірде Өзбекстан президенті И.Каримов келіп «Мен Сізге сенемін» деп еді, ауданнан 90 пайыз артық дауыс жинап берді. Енді, міне, Шавкат Мирамонұлының (ол кезде байтақ елдің екінші президенті болатының ешкім білген де, сезген де жоқ еді ғой) мейірімі түсіп отыр. Меселін қалай қайтарсын?! Оның адамдық ниетін, азаматтық сөзін жерге тастай алмады. Бекең кіріссе, береке болатынын жаңа басшы сезгендей-ау шамасы. Сонымен, Бекеңді кеңесші етіп сайлап, жанына жақын тартты, қосымша облыстық астық дайындау мекемесін басқарды, дегенмен, негізгі жұмысы ретінде дала өнімдерін молайтудың жолдарын қарастырумен айналысты. Мұндай лауазымды қызметтерге шынында да Бекеңнің білімі де, тәжірибесі де толықтай жететін. Талай құнды пікір, ұсыныстарды, талаптарды облыс әкімінің аузымен айтқызды. Құдайға шүкір, ел-жұрт одан жаман болмады. Көздеген межелер орындалып, өңірде тың өзгерістер орын алды. Облыс өрлеудің жаңа сатысына көтерілді. Бұған, біріншіден, халық қуанды, басшылыққа ерекше ризашылықтарын білдірді. Екінші жағынан Бекең де, облыс әкімі де маңызды істер тындырып, елдің алғысын арқалады.
Жызақ жерінде жемісті жылдар, айдарлы айлар, қайта айналып келмес қызықты күндер зымырап өтіп жатты. Облыс басшысы Шавкат Мирамонұлы бірде Бекеңнің жүрегіндегі толқуды көріп тұрғандай ойламаған жерден бір ұсыныс айтады:
– Бегим Серикович, сіз біз үшін туысқансыз, елдің ағасы ретінде сыйлаймыз. Сондықтан, сіздің мерейтойыңызды өзім басында тұрып, өткізіп беремін, шақыратын дос-жарандарыңыздың санын айтыңыз, – дейді.
– Сізге рахмет, Шавкат Мирамонович! Өзіміз-ақ өткізерміз, – деп ізетпен жауап қайырады.
– Бегим Серикович, укаларыңыз тұрғанда, ешнәрсеге де алаң болмаңыз, – деп Шавкат Мирамонұлы көнбей қояды.
Сөйтіп Бекеңнің 60 жылдық мерейтойы 1999 жылы 5 мамырда Жызақ қаласындағы «Форум» мейрамханасында ерекше салтанатпен өтеді. Мұндай үлкен құрмет, сый кісі елі тұрмақ, өз еліңде кем көрсетілетін, кей басшылар ескере бермейтін іс-шара екені шындық қой. Мұндай сыйды миллиондардың ішінен тек Бекеңе бұйырған бақыт десек қателеспейміз. Бұл тойға Ташкент шаһарынан өзбек эстрадасының танымал жұлдыздары әнші Фахруддин Умаров пен Ходжаакбар Ниязов келіп, әсем дауыстарымен қонақтарға ән шырқап береді. Мерейтойды сол кездегі облыс әкімі, бүгінгі республика президенті Шавкат Мирамонұлының өзі ашып, ақтарыла сөйлеп, мерейтой иесіне ризалығын білдіріп, иығына зерлі шапан жабады. Бұл тойға бұрынғы Үкімет басшысы Н.Худойбердыев, Орталық Комитеттің хатшысы А.Шагазатов, министр Х.Қойбағаров, облыс әкімі болған Ә.Айдарқұлов, академик Қ.Сейданов, жалпы облыс басшылығы түгел қатысса, Қазақстаннан сол кездегі аудан әкімдері К.Төлебаев, И.Үмбетаев, «Ақ алтын» акционерлік қоғамының президенті А.Өтенұлы оның орынбасары Ж.Әбдіәзімов секілді тағы да басқа азаматтар қонақ ретінде шақырылды. Жалпы, өзбек елі Бегім ағаны ерекше бағалап, құрметтеді. Адамды бағалау, еңбегін ескеру, құрметтеу деген осындай-ақ болсын. Мемлекетке қызметі өткен жандарды қалай сыйлау керектігін өзбек ағайындардан үйренсек, қанеки!
Өзбекстанда тұрған уақытында Шараф акасының 75 жасқа толуына орай қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағасы келген. Тәшкеннен күтіп алып, Жызақтағы алқалы жиынға әкелген. Бұрынғы ескі достары Өзбекстан, Түркіменстанның бірінші басшылары Н.А.Мухиддинов пен М.Гапуровпен кездеседі, сонда үш арыстың иығына қазақтың ұлттық шапанын жапқан осы Бекең-тұғын. Қашан да үлкенді құрметтейтінін көрсетіп, қазақтың ата дәстүріне сай қариялардың батасын алды. Кейін де ағасының отбасында қонақ болып, ел ақсақалдарымен шай үстінде сұхбат құрып еді.
Жалпы, Бекеңнің бойында үнемі алға сүйрейтін бір тылсым күш бар, әсіресе, өзін-өзі тәртіпке бағындыра алатын қасиеті сүйсіндірмей қоймайды. Алдына мақсат қойды ма, соған жетпей тынбайды. Бұл – әке қанымен, ана сүтімен дарыған қасиет. Бұрынғы атақ-даңқын бұлдауды қойып, өзін таныту, мойындату үшін де бір тынбайды. Елдегі ағайындардан екі ұсыныс түседі, бірі су шаруашылығы саласындағы қызмет болса, екіншісі «Сырдария» университетінде ұстаздық еңбек. Екеуі де көңіліне қонды, бірақ таңдауды соңғысына жасайды. Өйткені, сыртта жүрген қандас бауырларына қамқорлық жасауды борышы санады. Ұстаз болып талай шәкірт тәрбиеледі, қазір жүздеген бала сол кісіден тәлім алуда, келешекте олар атамекенінде қалады деген үміт басым, ата-аналары да ұл-қыздарының артынан елге келіп қосылар. Иә, бұл да Бекеңнің алыстан ойлай білетін көрегендік қасиеті.
Қазір Бегім аға бабында, сексенде де сергек қалпы. Біз адамның еңбегі жасымен емес, жасаған еңбегімен өлшенетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлі де ойда тың идеялар көп, оны өзінің кейінгі кітабында былайша баяндайды: «Жалпы, қоғамның, Елбасы саясатының талаптарына сәйкес алға қадам басуына, еліміздің, халқымыздың мерейін үстем етуге, Қазақстанның жарқын болашағы үшін жаппай қозғалыста өз орнымызды табу, ұлы мақсаттарға жету жолында өнегелі істер жасауымыз керек».
Иә, өзінен артық біз не дейміз, мақсатыңызға жете беріңіз, екі елге де еңбегі сіңген қадірлі тұлға, аяулы аға!
Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЫ,
Жетісай ауданының құрметті азаматы
Түркістан облысы
qazaquni.kz