КЕРЕМЕТТЕЙ КЕШ ӨТТІ ҚОССЕЙІТТЕ
2019 ж. 31 мамыр
6152
1
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қоссейiт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебiнде белгiлi ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, "Парасат" және «Құрмет» орденiнiң, С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үнi» газетiнiң президенті Қазыбек Исаның мектеп оқушыларымен және мектеп бiтiргендерiне 40 жыл толған түлектермен кездесу кешi болып өттi.
Кереметтей ұйымдастырылған кешке ұстаздар мен оқушылар, аудандық Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бiрлестiктiң мүшелерi – ақын Нұрғали Ыбырайым, Қасқыр Серiкбайұлы, Жүсiпбек Тiлеубергенов, «Шартарап-Шарайна» газетiнiң бас редакторы Нұрмахан Қары, «Өскен өңiр» газетi бас редакторының орынбасары Сәбит Лахановтар қатысты. Әсерлi кештiң ашылу салтанатында сөз алған мектеп директоры Ж.Нұралиева мен директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары Н.Дүйсеновалар ақын мен оның құрдастарына деген iзгi лебiздерiн бiлдiрдi. Сонымен бiрге мұндай шаралардың шығармашыл бағыттағы шәкiрттерге берер тәлiмi мол екенiн жеткiздi. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ш.Қалауова ақындардың қоғамдағы орны туралы атап көрсетті. Мектеп оқушылары ақын шығармаларын жатқа оқып, ақынның сөзiне жазылған әндердi әуелете орындап шықты. Кездесу барысында кластас достарының атынан Сансызбай Молдалы ақынның иығына қазақтың салтымен шапан жапса, шараға қонақ болып қатысқан ақындар тобы iзгi тiлектерiн жыр жолдарымен жеткiздi.
– Осы мектепте 8 жыл оқыдым. Өзiмдi осы мектептiң түлегiмiн деп санаймын. Бiздi бiлiм нәрiмен сусындатқан ұстаздар қауымына әрдайым бас иемiз. Бүгiнгi 40 жылдық кездесуiмiздiң құрметiне орай осы мектептi және кейін екі жыл оқып бітірген Қызылқұм жалпы орта мектебінің ең үздiк бiтiрген оқушыларына әр мектепке 50 мың теңгеден, бәрі 100 мың теңге стипендия тағайындаймын, – деген Қазыбек Иса мектеп ұжымына жыр жинақтарын тарту еттi.
Қазыбек Исаның ұстазы, ақын, ҚР Оқу ісінің үздігі, "Ақ жол" партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаеваның Шардара ауданындағы сенімді өкілі Нұрғали Ибрайым елімізде өтіп жатқан Президент сайлауына тоқталып, Ақжолдық үміткерге Ақ жол тіледі.
Шара соңында оқушылар ақыннан қолтаңба алып, естелiкке суретке түстi. Сол күні Жұма намазға қатысқан 40 жылдық кездесуге келген түлектер кешке мешіт жамағатына ауызашар беріп, ұстаздары мен ауыл ақсақалдарына шапан жапты. Сөз сөйлеген Қазыбек Иса ұстаздарына және Алыс-жақыннан бас қосқан кластастарына алғыс айтты.Сонымен бірге түлектер атынан достары Батырбек Матбек пен жары Әлия Молдағұлова екеуіне Сарыағаш шипажайына жолдама тарту етті. Қоссейіт орта мектебінің 1979 жылы бітірген 40 жылдық кездесуі еста қаларлықтай тағылымды да, тартымды болды. qazaquni.kz