ҚЫЗЫЛҚҰМДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ТҮЛЕКТЕР КЕЗДЕСУІ
2019 ж. 31 мамыр
5110
0
Соңғы қоңырау салтанатты шарасы Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қызылқұм ауылында да өзiндiк ерекшелiгiмен есте қалардай болып өттi. Өйткенi, аталған шараға мектеп оқушылары мен бiтiрушi түлектер, аудан басшылары мен ауыл басшылары, ақсақалдар мен мектептi бiтiргендерiне 10, 20 жыл толған түлектер мен осы мектептiң тұңғыш түлектерi қатысты. Тұңғыш түлектердiң бiлiм ордасынан қанат қаққандарына биыл 40 жыл болыпты.
Іс-шара басталысымен аталған түлектер мектеп алаңында сап түзедi. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкiмiнiң орынбасары Ағатай Тәженов жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, мектеп бiтiрушi түлектерге сәт-сапар тiледi. Мұнан соң ауыл әкiмi Нұралы Исаев пен мектеп директоры Нұрлан Сазанбаевтар да өздерiнiң жүрекжарды лебiздерiн бiлдiрдi.
Келесi кезекте сөз алған аталған мектептi 1979 жылы бiтiрген түлектер бiр сәт балалық шақтарын еске алып, әсерлi әңгiмелер шерттi. Түлектер атынан белгiлi ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының, лауреаты, «Парасат" және "Құрмет» орденiнiң, С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үнi» газетiнiң президенті Қазыбек Иса бiр кездерi өздерiн бiлiм нәрiмен сусындатқан ардагер ұстаздар – Нұрғали Ыбырайым мен Үсен Қалыбектiң иығына оқалы шапан жапты. Сонымен бiрге осы шараға арнайы дайындап әкелген «Тұңғыш түлектер» атты естелiк кiтабының салтанатты тұсаукесері болды. Аталған кiтапты оқи отырып мектеп тарихы мен ауыл туралы мол мағлұмат ала аласыз.
Осындай үлкен қуаныштың қарсаңында ауылға ат басын бұрған ақын келесi оқу жылында осы мектептің ең үздiк бiтiрушiлерне және өзі 8 жыл оқыған "Қоссейіт" жалпы орта мектебінің озаттарын 50 мың теңгеден , бәрі 100 мың теңге көлемiндегi стипендия тағайындайтынын жеткiздi. Ауыл тұрғындары арқалы ақын ұлдарының жастарға көрсеткен қолдауы үшiн дән риза болысып, бәрекелдi дестi.
Қазыбек Исаның ұстазы, ақын, ҚР Оқу ісінің үздігі, "Ақ жол" партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаеваның Шардара ауданындағы сенімді өкілі Нұрғали Ибрайым елімізде өтіп жатқан Президент сайлауына тоқталып, Ақжолдық үміткерге Ақ жол тіледі.
Осы күнi аталған мектептегі 2012 жылы ақын Қазыбек Исаның ел болып тойлаған 50 жасқа толуы құрметіне ашылған «Қазыбек Иса» атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне ардагер ұстаздар мен ақынның құрдастары бас қосты. 40 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер мектеп басшыларына ризалықтарын бiлдiрдi. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерiн жатқа оқып, Қазыбек Исаның шығармашылық жолы жайында әсерлi бейнефильмдi тамашалады.
Мектеп бiтiргендерiне 40 жыл болған түлектер үшін Қазыбек Иса осы күнi кешкi мезгiлде арнайы ауызашар беріп, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөлендi.
qazaquni.kz