Өнегелі өмір иесі
2019 ж. 05 сәуір
10604
8
Бір қарағанда қарапайым көп қазақтың біріндей ғана көрінетін Тұрлықожа Морымбаев өзіндік өмір өрнегі, өзіндік қолтаңбасы бар азамат. Бүкіл саналы өмірінде туған жерінің түлеуіне, гүлденуіне үлкен үлес қосып, ұрпақтарын тәрбиелеп өсіріп, жетпістің бесеуіне жетіп отыр. Мал дәрігері маманы болғанымен өлең өлкесіне де өгей емес, қолына қалам ұстаған ақындығы да бар. Біз Тұрлығожа Несіпбайұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз. Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанында топтан қалмай, жүзінде де жыр айдынында жүзе берсін.
Тұрлықожа Несіпбайұлы Морымбаев 1944 жылдың сәуір айының 5 жұлдызында Қытай Халық Республикасындағы қазақтың ежелгі ата қонысы саналатын табиғаты сұлу Сайрамкөлдің жағасында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Кеңестік қызыл империяның қолшоқпары Голощекиннің Қазақстанға басшы болған жылдары қолдан жасаған сұрқия саясатының нәтижесінде елді ашаршылық жайлағаны тарихтан жақсы таныс. Ол бір ел басына күн туған аумалы-төкпелі заман болатын. Аштан қырылатын болған соң, көпшілікпен бірге Тұрлықожаның әке-шешесі де ауылдастарымен бірге жан сақтау қамымымен туып өскен мекендері Ынталы жерін амалсыз тастап, Қытай елінің батыс өлкесі Шығыс Түркістанға қоныс аударуға мәжбүр болады.
Кеңестер одағы мен Қытай арасындағы саяси ахуал түзеліп, кезінде ашаршылыққа байланысты шетел асып кеткен қандастарымыз өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында атажұртына қайта оралды. Көзі ашық, көкірегі ояу әкесі Несіпбай одақтық маңызға ие болған тың және тыңайған жерлерді игеруге мыңдап Ресей, Украина, Белоруссиядан келгендермен бірге тың игеруге белсене қатысты. Сол кезде көбісі біле бермейтін трактор жүргізуді шебер меңгеріп, жер жыртып, егін егіп, оны жинауға қатысып, талай мәрте жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Сол үшін бірнеше рет марапаттауларға ие болды.
Тұрлықожа әке-шешесі бауырларымен бірге 1956 жылдың күз маусымында Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылдық округінің Ынталы ауылына қоныс аударады. Мектепте орта білім алып, Қорғас ауылындағы №110 арнайы кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіріп, орта буын маман атанады. Одан кейін де тоқтап қалмай, Тұрлықожа Семей зоотехникалық мал дәрігерлік институтының мал дәрігерлік бөліміне түсіп, 1970 жылы жоғары оқу орнын үздік бітіреді.
1970 жылдың қазан айында Гвардия ауданының Ленин атындағы асыл тұқымды мал зауытында мал дәрігері болып істеп, еңбекқорлығымен танылған жас маман Т.Морымбаев «Октябрь» кеңшарының білікті басшысы И.Кузнецовтың назарына ілініп, осы шаруашылыққа жұмысқа шақырылды. 1972-1976 жылдары мал дәрігерлік қызметті абыроймен атқарады. Өмір мен еңбек тәжірибесін жинақтаған жас маманның қызметі өрлеп, 1976-1978 жылдары Панфилов, Гвардия, Кербұлақ аудандаралық малдәрігерлік санитариялық мекемесінің бас инспекторы лауазымын атқарады. 1978 жылдың наурыз айынан бастап 1982 жылға дейін ауданның «Красный восток» ұжымдық шаруашылығында бас мал дәрігері, бастықтың орынбасары, қызметтерін атқарады. 1982-1983 жылдары Социалистік Еңбек ері Н.Голавацкий басқаратын даңқы әлемге әйгілі «Қазанның 40 жылдығы» ұжымдық шаруашылығында мал дәрігері қызметінде болды. 1983-1993 жылдары ауданның мал азықтандыру, жем-шөп, макро-микро элементтерін өндіру лабораториясының инспекторы, 1994-1996 жылдары Киров атындағы ұжымдық шаруашылықтың мал-дәрігер инспекторы, 1996-1999 жылдары «Қызыл еспе» акционерлік қоғамының бас мал дәрігері, 2000-2007 жылдары «Ақбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал базарында мал дәрігерлік қызметтерін абыроймен атқарып, 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Тұрлықожа Несіпбайұлы қай жерде қызмет етсе де, өзінің жоғары адамгершілік келбетімен, еңбекқорлығымен, өзіне тапсырылған іске аса жауапкершілікпен қарайтындығымен ел арасында үлкен беделге ие болған азамат. Бұл туралы онымен бірге қызмет еткен мамандар және өзге де замандастары жиі айтып, бүгінгі жастарға үлгі етіп отырады. Әрине, бүгінгі күні біздің жастарымызға үлгі тұтар азаматтардың болғаны қажет-ақ.
Алдында айтқанымыздай, Тұрлықожа Несіпбайұлы қазақтың қара өлеңіне де қаражаяу емес. Оның өлеңдері отан, туған жер, ата-бабамыз сан ғасырлар бойы күрес жүргізе отырып, армандаған тәуелсіздігіміз туралы сыр шертеді. Көшбасшымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін, еліміздің тәуелсіздік тұсында жеткен жетістіктерін жырлаған шығармасы да бар. Тұрлықожа Несіпбайұлының туындыларымен танысқан Елбасы өзіне көрсетілген құрметі мен ықылас-ниеті үшін алғыс білдіріп, амандық пен игіліктер тілеген сәлемін арнайы жолдаған болатын. Оны ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков 2016 жылы 19-тамыздағы №ЖТ-М-9798 ақжолтай хатымен жеткізді.
Жоғары білім алып, қызығы мол студенттік шағы өткен даналардың Отаны – қасиетті Семей жерінен Бәтима Кәкеновадай адал жарын тауып, отбасы құрған кездер Тұрлықожаның ең бір бақытты жылдары. 2012 жылы бақилық болғанша, Бәтимамен жұптары жазылған жоқ. Өздерінен өрбіген ұрпақтарына тәлімді тәрбие беріп, бәрін оқытып, білікті маман етіп шығарды. Қазір олардың әрқайсысының өз отбасы бар. Олар да әке-шешесіндей өз балаларын тәрбиелеп-өсіріп, еліне қызмет етуде. Өмір ұрпағыңмен жалғасады деген осы.
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
ЕЛ АҒАСЫ Жапырақтың жақсы ғой жайқалғаны, Терең тамыр – әулеттің айтар мәні. Елеулі еңбек еттіңіз Ел ағасы, Өз ісінің атанып майталманы. Ұясына қонды ғой ұл-қыздарың, Аталап жүр үйіңде жұлдыздарың. Абыройлы ағасыз аймағыңа, Сыйластықтың көріп біз жүрміз бәрін. Ізгілікті әрдайым іздеп өткін, Талай асу асырар Сіздегі екпін. Шалқи берсін шаңырақ шаттықпенен, Жүзің жарқын күйіңде Жүзге жеткін! Құрметпен, Қазыбек Иса qazaquni.kz