АТЫНА САЙ АЛТЫНБАЙ ЕРДІҢ ЖАСЫ ЕЛУДЕ! (фото)
2018 ж. 10 қараша
13030
2
ҚР Мәдениет қайраткері және қоғам қайраткері, әнші, "Алтын Алма" ансамблінің жетекшісі Алтынбай Сәдуақасұлы Ердің жасы- Елуге толды!
Осыдан отыз бес жыл бұрын киелі Түркістан өлкесі Мырзашөл өңірінен, Жиделі Байсын - Жетісайдың жерінен, Алпамыс батыр туған Қоңыраттың елінен Сарыарқаға сапар шеккен Алтынбай бауырымыз бүгін Астананың төрінде Алты Алаштың басын қосып, мерейтойын тойлады! Ақ боранды Арқаға Оңтүстіктің жылуын - ыстық сәлемін алғаш әкелген бауырларымыздың бірегейі! Босқа келген жоқ -Целиноградты Ақмолаға, Ақмоланы Астанаға ауыстыруға зор үлес қосқан азаматтардың бірі болды! Қазақша сөйлеудің өзі мұң болған Ақмолада алғаш ақындар айтысын өткізіп, қазақтың бас сардары Бөгенбай батырдың ескерткішін тұрғызуға қоғамдық пікір қалыптастыруда зор үлес қосты.
"Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол" дегендей, Алтынбайдың үйі мейманнан үзілген емес. Қашан көрсең, салтанатты сәні дайын, дастарxаны жаюлы-дәмі дайын, ансамблі құрулы - әні дайын!
Алтынбай деген атты да ата-анасы тегін қоймаған. Өзі де алтын, сөзі де алтын!
былтыр Алтынбай мүшел жасқа толғанда:
Атын айтсам -Алтынбай!
Затын айтсам – алтындай!
Шабытың еш сарқылмай,
Жайнай бергін жарқылдай!
Өмір деген бәйге ғой,
Алда болғын алқынбай!
Сақтай білгін әрдайым,
Саф алтындай қалпыңды-ай!
Атына сай Алтынбай!
Алтынбай бауырымыз, туған күнің құтты болсын! Мерекең берекеге ұлассын! Мүшелге кірдің – мүдірмей шығып, ел болып тойлайтын Елуіңе есен жете бер! -деп жазған екенбіз. Енді міне Елуін ел тойлап жатыр.
Алтынбай бауырым, Алтын сері атанып, алтындай Алма келінмен қол ұстасып, алтын ұядағы алтын асықтай ұл-қыздарың аман ержетіп, жұлдыздары жарқырай берсін! Шаңырағыңда шаттық шалқып, Алла жар болсын!
Алдыңнан дәйім ашыла берсін жарқын жол,
Ардақтап елің, алғысын айтсын xалқың мол.
Алтын ұяда бола да берсін қарқын зор.
Азамат болып алтын асықтай ұл-қызың,
Алтынбай десе, Алма екеуің де Алтын бол!
Әлемге әйгілі ақиық ақынымыз Мұқтар Шаxановтың сырқаттанып келе алмауына байланысты Алтынбайдың 50-жасқа толған мерейтойын ашу құрметі бізге бұйырды. Алтынбайға Ақ тілегімізді ақтарып, "Ақ жол" партиясы шығарған "Қазақ xандығына -550 жыл" естелік медалын төсіне тақтық.
"Елуің - екі Жиырма бес"-дегендей, енді екі есе қуатпен Елудің екеуін жасай бер, Алтеке!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz