ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ...
2018 ж. 29 мамыр
11966
0
Оңтүстіктегі досымыз Әлішер Толыбаевтың өмірден өткенін жеткізген суық хабар төбемізден жай түскендей әсер етті. Дүние –жалған деген осы екен ғой дедік еріксіз.
Әлішер досымызбен өмірдің өрісінде, тірліктің талай бел-белесінде тізе қосып, қатар жүрдік. Елдің қамын, жердің жайын ойлап, ұлттық мүдделерімізді ұлықтап жүретін жайсаң жан еді.
Әлішердің есімін Оңтүстікте бәрі біледі, еліміздің өзге аймақтарына да таныс. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарығаш ауданы Абай кеңшарында туған Әлішер Толыбаев туған жер, өскен өлкесін көркейтуге зор үлес қосты. Білікті де, білімді кәсіпкер ретінде кәсіпорын құрып, облыс экономикасы мен әлеуетінің артуына зор үлес қосты. «Тау самалы» демалыс үйін ашып, халықтың еркін демалуына ерекше жағдай жасады. Ол демалыс орнына елімізге белгілі талай қаламгерлер мен қайраткерлер ат басын бұрып, көптеген туындыларының туғанын жақсы білеміз. Сондай-ақ, әдебиет пен өнерге жақын, жаны нәзік , ақ көңіл Әлішердің өзі де шығармашылық өкілдерімен жақсы аралас-құралас болды. Руханиятқа да қамқорлық көрсетіп, республикалық «Қазақ үні» газеті және т.б. ақпарат құралдарын мекеме ұжымына жаздырып алып, насихаттап жүретін еді.
Үлкен құрылыс мекемесінің қатардағы қарапайым жұмысшысынан басшысына дейін еңбек жолынан өтті. 1998 жылдан бері қарымды кәсіпорындар ашып, қанатын биікке сермеді. Ол артында қандай із қалдырғанын Шымкент қаласындағы Ордабасы мешітіне жаназаға жиналған қалың елдің қарасынан-ақ аңғаруға болады.
Алды пейіш, арты кеніш болып, иманы салауат болсын!
Алла артында қалған ұрпақтарына , отбасына ұзақ ғұмыр бергей.
Атпал азаматтың артындаға туған-туыстарының, отбасының, жұбайы Рәшкүл Оспанәлиеваның қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз.
Ислам Әбішев, Мәлікаждар Исмаилов, Қазыбек Иса