"Наздың" жаңа қойылымы көпшілік көңілінен шықты
2018 ж. 20 наурыз
8474
1
Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК-ны Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған «U-Sana» атты жаңа қойылымын көрермен назарына ұсынды. Қойылымды тек балалар ғана емес ата-аналар да ерекше қызығушылықпен тамашалады. Себебі, бұл жағдаймен қазіргі кезде бүкіл отбасы таныс. Ол гаджеттерге тәуелділік. Ұлттық құндылықтан айрылып, ғаламтордың жетегінде кеткен жастардың жай-күйі хореография тілінде тамаша берілген. Бір отбасының тағдыры арқылы әлемдік мәселені арқау еткен шығарма. «У-сана» деген аттың өзі қойылымның мағанасын дәл бергендей. Компютерлік ойындардан санасы уланған балалардың, ата-ана, бауырынан да безініп басқа әлемде өмір сүруі қоғамға келген індет екені жасырын емес.
Спектакльдің қоюшы режиссері Арман Баймағамбаев,Ұлан Изенаев, Сағит Дүзбаев. Либретто авторы - Сағаділдә Үсібәлі. Композиторы -Байдалы Рыспанбет. Рөлдерде - Қарлығаш Насен, Гауһар Исмагулова, Ержан Құдайбергенов, Марғұлан Жеңісов, Асхат Маден, Айдана Дайрабекова, Данияр Джаппасов және Сәрсен Жұмабаев.
Айдана Дайрабекова: Алғашқыда мен сомдайтын рөлдің мақсатын түсінбедім. Биді жаттап жүріп сол процесске қалай еніп кеткенімді байқамай да қалдым. Асхат екеумізде жетекші рөл болғандықтан, қойылымның басынан соңына дейін сахнада жүріп би қимылымызбен актерлық шеберлікпен халықтың назарын ұстап тұру басты міндетіміз болды. Біздің театрға бұл қойылым жаңа леп әкелді десем қателеспеймін. Себебі халықтың көпшілігі биді көп көре бермейді... Ал қойылымның көтерер жүгі де, салмағы да көп. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «У-сана» спектаклі талай сұрақтарға жауап бере алады. Ғаламтордан шектен тыс қажетті, қажетсіз ақпараттарды қабылдау. Ақ қараны айыра алмау. Санамызды улап жатқанынына мән бермейміз. Дәл осы жыланға арбалғандай мінез-құлықты беру оңай шаруа емес. Асхат екеумізге қиындау соққаны да осы.Образымызда көңіл-күйдің әртүлі борлып өзгере беруі. Біресе көңілді, біресе ерке, мұңды, ашуланшақ, ойынқұмарлық. Осы мінездерге сахнадан кетпей ауыса беру. Бірақ қойылым соңында көрермендердің ыстық ықыласы қиналған сәттерді ұмыттырып жіберді.
Бұл менің үлкен сахнадағы екінші рөлім. Ең алғаш шығыс ертегісінің желісі бойынша қойылған «Мың бір түн» қойлымы болатын. Менің арманым қазақ биінің дамуына үлес қосу. Және барлық елдер қазақ биін таныса екен деп армандаймын.Ал либретто авторы Сағаділдә Үсібәліні «Қазақ елі» тұңғыш анимациялық фильмінің сценарийін жазған, балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгер әрі актер ретінде танимыз.
Сағаділдә Үсібәлі:
Алдымен театр ұжымын премьерамен құттықтаймын. Аянбай тер төккен артистерге, қоюшы хореографтарға және композиторға алғысым шексіз. Артистер дене пластикасымен тілсіз барлық оқиғаны мінсіз бейнелеп берді. Әсіресе музыкасын жазған Байдалы бауырымның еңбегіне ризамын. Ал театрдың анасы Қадиша Ермекбайқызының табандылығының арқасында аз уақытта осындай дүние өмірге келіп, репертуар қоржыны бір қойылыммен толықты.
Кейбір түсінбеген жандар «Сіз сонда компьютер, гаджеттерге қарсысыз ба?» деп сұрап жатыр. Жоқ. Өркениеттен біз еш қалмауымыз керек. Қайта білімімізбен елдің алдына шығуымыз керек. Тек «у»-дың өзін аздап пайдалансаң дәріге айналады. Ал дәрінің өзін көп пайдалансаң у-ға айналады дегенді есте ұстауымыз керек. Бала тәрбиесіне әрқашанда ата-ана жауапты. Ұлттық сананы қалыптастыру үйдегі тәрбиеге байланысты.
Қойылымның көңілінен шыққанын, балалардың бал-бұл жанған жүзінен бірден байқауға болады. Алғысын айтқан ата-аналар, кәсіби мамандар барлығы өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
«Наз» мемлекеттік би театры сан түрлі ұлт пен ұлыстардың билерін, хореографиялық қойылымдар мен композицияларды сахналаған Қазақстандағы бірден-бір кәсіби би театры. Біз де көрермен ретінде осы ұжымға шығармашылық табыстар тілейміз!
qazaquni.kz