Робототехника – болашақтың бағдары
2018 ж. 02 наурыз
17851
1
ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Астана қаласында орналасқан «Шаг» Компьютерлер Академиясының да мақсаты – сол.
Бұл академияның елордамыздан бөлек, Алматы, Қарағанды қалаларында филиалдары бар. Жалпы, әлемнің 16 елінде, 45 филиалы жұмыс жасайды. Оқу бағдарламалары 9-11 жас (5 жыл) пен 12-14 жас (3 жыл) аралығындағы балаларға арналған.
Мұнда оқыған балалар түрлі жобаларды жоспарлап, оны дамытуды, Windows 10 ОЖ-ін орнатуды және баптауды, Microsoft Оffice пакетінің: Word Excel, PowerPoint бағдарламаларымен жұмыс жасауды меңгереді. Сондай-ақ, ұялы телефонға және компьютерге арналған ойындар құрастыруды, Lego роботтарын жинап, әрі бағдарламауды, Photoshop пен Illustrator-да жұмыс жасауды, 3D-обьектілер мен интерьерді моделдеуді де меңгеріп шығатын болады. Оған қоса, Web-сайттарды әзірлеуді, кәсіби фотосуретке түсіруді, видеоларды өңдеуді, қарапайым қолданбалы қосымшаларды жасауды, Arduino микроконтроллерін бағдарламауды, Anime Studio бағдарламасында мультфильмдер жасауды үйренетін болады.
Осы академияда робототехникадан жаттықтырушы болып жүрген жас маман Талант Төлеубековтің айтуынша, бұл оқу орнында дәріс алатын баланың ғылымға, техникаға деген қызығушылығы жоғары болып, болашақта керекті маманның иесі болып шығады. Өзі жаттықтырып жүрген Дамир мен Ерсұлтанның да болашағына сеніммен қарайды.
«Дамир мен Ерсұлтан екеуі бір команда болып, қазір Мәскеуде болатын ірі турнирге дайындық жүргізіп жатыр. Онда өтетін жарысқа Шығыс Сібір аймағынан үздік шығып, жалғыз жолдаманы жеңіп алды», – дейді.
Дамир Әбілқасым Астана қаласындағы №27 мектеп-лицейінің оқушысы, ал серіктесі Ерсұлтан Нұрпапа №67 мектеп-гимназиясында білім алады. Екеуі де 4 сынып оқушысы.
Дамир бұл академияға жазғы лагерь кезінде келген екен. Оның алғырлығын Талант сол кезде байқайды. Ал Ерсұлтанның бұл екінші оқу жылы. Академия жарысқа балалар апару үшін хабарландыру жариялап, іріктеу жүргізген. Сонда Ерсұлтан өзінің техникаға деген білгірлігін көрсете білген. Осылайша, жаттықтырушы команда құру үшін Ерсұлтанға серік болатын алғыр оқушыны іздейді. Есіне, жазғы лагерьде бәрінен оқ бойы озық жүретін Дамир түседі. Бұл екеуінің алғашқы қадамдары жаман емес. Ендігі меже – Мәскеуде өтетін «Бүкілресейлік РОБОФЕСТ-2018» жарысында топ жару. Онда өздері секілді әртүрлі аймақтардан алғашқы орынды жеңіп алған командалар бақ сынайтын болады.
Балалардың мақсаты – мынандай робот жасап, оған арнайы бағдарламаны құйып, дұрыс жүргізіп, керекті ұпай жинау. Жұмыс істейтін бағдарламанын аты – Lego EV3 mindstorms.
«Академияда жұмыс істеп жүргеніме бір жылдың шамасы болды, – дейді Талант. – Ал Роботехника саласында жүргеніме 3 жылдай болып қалды. Өзім Қазақ технология мен бизнес университетіндегі IТ мамандығын бітіргенмін. Қазір Еуразия ұлттық университетінде магистратурада оқимын. Менің қазіргі диссертациямның да тақырыбы осы робототехникамен тығыз байланысты, яғни – электронды оқулық жасау. «Робототехниканы қалай дұрыс жасаса болады?», «Қандай бағдарламаларды пайдалану керек?» деген сияқты сауалдарға жауап іздеп жатырмын. Legо жалпы 9 жастан жоғары балаларға арналған, ал мен 7-20 жас аралығындағы балаларға лайықты оқулық жазып жатырмын. Мақсатым – ауылдағы оқушыларға да қол жетімді ету. Мәселен, мына роботтың құрылыстары 150 мың теңге тұрады. Яғни, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Диссертациямда 10 сабақ тәжірибе тапсырмаларымен қоса берілетін болады».
«Робот» адамның көмегінсіз өзі бір нәрсені жасай алу керек. Ал мынаны балалардың өзі бағдарламалағанымен, толық роботқа жатпайды. Күзде Санкт-Петербург қаласында жарысқа қатысқанымызда, ұйымдастырушылар робот деген бағдарламалап жібере салу емес, жалпы соны істеу барысында «несімен робот?» екеніне мән беру керектігін баса айтқан еді. Яғни, робот сырттан қарастырылмаған жағдайда өзі дұрыс шешім қабылдап, күтпеген қадамдар жасауы керек».
Жаттықтырушы робототехника – физика, геометрия, жаратылыстану, математика және тағы басқа ғылымдардың заңдарының бір-бірімен байланысу негізінде жүзеге асатынын айтады.
«Мысалы, мұнда моторды алға қарай жүргізу, бұру сияқты дайын бағдарламалар бар. Омск қаласында біздің қарсыластарымыз осындай блогтармен жұмыс істегенде, жинаудан гөрі, бір-біріне ұзын етіп жалғап кете берді. Дамир мен Ерсұлтан математика, физика заңдылықтарын жақсы түсінбесе де, байланыстырып, бір-біріне қосу арқылы көптеген блогтарды қысып, екі ғана блок жасады. Градустар мен сантиметрлерді өздеріне ыңғайландырып алды. Ал қалған қарсыластары жинауды білмей, ұзын етіп 30-40-қа дейін созып кете берді. Ондай сәтте олар роботтың бұрылуы мен алға жылжуында қателіктер жібереді. 30-40 блогтан бала түгілі ересектің өзі шатасатыны белгілі. Сол сияқты онда балалар роботты өздері жинап шығады. Роботтың сызатын қарандашы бар. Оны көтеріп-түсіретін бөлігін Ерсұлтан, негізгі бөлігін Дамир жинайды. Шамамен 6-8 минутта олар дайын робот құрастыра алады», – дейді Талант.
Омскте өткен турнирдің бірінші айналымында 2 орынға тұрақтаған команданың ұпайы 150 болса, Дамир мен Ерсұлтан 225 ұпайға қол жеткізген.
«Егер робот мына қара нүктеге түссе 50 балл, қара шеңберге кірсе 25 балл береді, ал мүлде кірмесе айып салынады. Біздің балалардың бағдарламасында қателіктер аз болады, олар компьютерде өздері жианаған екі блогқа бұрылыс грдусы мен роботтың қанша сантиметр жүретінін жазады. Соның арқасында алуға болатын 700 баллдан оқушыларым 500-ін жинады. Ал екінші орынға тұрақтаған команданың жиған ұпайы 300 ғана болды».
Таланттың балаларды жаттықтыруға деген ынтасы өте жоғары. Роботтың жүріп өткен жолын мұқият қарап, қай жерде қандай қателіктер болып жатқанын балалармен бірге талқылап жатыр.
«Міне, мұнда робот қиыс кетті, қара шеңберге жетпей қалды. Ол үшін стартты дұрыс бастау керек еді. Қайта бастаңдар!», «Алғашқы бұрылыстар өте сәтті болды. Мұндағы градусты дұрыс епсептеңдер. Сантиметрді қанша деп жазып едіңдер?» – деп, ақыл-кеңесін айтып жатыр.
Осында қызмет етіп келе жатқан бір жылдың ішінде Таланттың шәкірттері біраз белестерді бағындырған. Қалаішілік жарыстарда, сол сияқты Айжан Жакеева басқаратын Қазақстандағы жалғыз «Қазроботикс» федерациясы ұйымдастыратын турнирлерде бірнеше категория бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінген.
«Биатлон, футбол секілді бірнеше категориялар бар. Онда балалар робот құрастырып, сол ойындарды ойнайды. Әзірге Қазақстанда Ресейдегі секілді сызу роботтары ұйымдастырылмайды», – дейді Талант.
Таланттың арманы - Қазақстандағы робототехника саласын жетілдіру, еліміздің болашағы болатын бүлдіршіндерді осы салаға бейімдеу.
Дереккөз: el.kz