Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халықты таңғалдырды
2018 ж. 01 ақпан
5027
4
Астана қаласында ұлттық академиялық кітапханада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халық назарына ұсынылды. Кітап 1532 жылы шығарылған, “Таңғажайып кітаптар мен қолжазбалар” көрмесіне қойылды.
“Қолжазба латын тілінде жазылған. Оны ешкім оқымапты, не туралы екенін ешкім білмейді. Бұл өлі тіл. Біреудің күнделігі болса керек, мұқабасы ақ нәсілді адамның терісінен жасалғаны көрініп тұр”, — деп жауап берді кітапхана баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Бес ғасыр бұрын шыққанына қарамастан, кітап жақсы сақталған. Ұлттық кітапханада арнайы температурада сақталады.
“Кітаптың Қазақстанға қайдан келгенін айта алмаймын, оны нақты білмейміз. Біздің сирек кездесетін кітаптар қорында болған. Бес ғасыр ішінде адамның терісі біраз жиырылып қалыпты”, — деп жазды баспасөз қызметі.
Көрме 28 ақпанға дейін созылады.