Алматы әкімі ағаш отырғызды
2017 ж. 21 қараша
3204
1
Алматы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін питомниктерде өсірілген, 100% тамыр жайып кететін бұтақ жарған ағаштар: терек, қайың, емен отырғызылды. Жалпы, жоба бойынша қайта жаңғырған бес көшеде аллеялы және пейзажды 2312 ағаш, 3 мыңнан астам бұтақ пен көптеген гүлзар отырғызу жоспарланған. Ағаштың басым көпшілігі осы айда, ал қалғандары көктемгі маусымда отырғызылады.
Келер жылы реконструкцияланған көшелерде декоративті алма ағаштары, акация, бұтақтар, спирея, қарақат пен кеңтамыр гүл жаратын болады.
«Алматы - бақпен көмкерілген ару қала, сондықтан біз бұрыннан бар ағаштарды сақтай отырып, жасыл желек қорын ұлғайтуға міндеттіміз. Бүгінгі күні қала бизнесмендері «Туған жер» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды жобаларға ғана емес, сонымен қатар ағаш отырғызуға да белсене қатысуда, ал бұл өте маңызды. Біздің әсем қаламыз бұрынғыдан да сұлу әрі жасыл желекке молынан бөленуі үшін қалалықтарды осы бастаманы қолдауға шақырамын», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Жалпы, биылғы жылы Алматыда 26 мыңнан астам ағаш отырғызылды, тағы да 5 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұлардан өзге, компенсациялық және бастамашыл тұрғыда 7 мың ағаш отырғызылатын болады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалада жыл аяғына дейін 210 ағаш отырғызылады. Мысалы, кәсіпкерлер Меңдіқұлов көшесінің бойына 15 ағаш, көлік тұрағы болған Фурманов көшесінің бойына (Сәтпаев көшесінен төмен) 31 терек отырғызды.
Алматыда биылғы жылы қаланың тарихи орталығының үштен бірі қайта жасалды, жаңғыру аясында ғимараттардың сыртқы келбеті әрленді, құрғақ фонтандар пайда болды, авторлық архитектуралық кіші пішіндер қойылды, демалыс аймақтары, балалар алаңдары жасалды, жасыл желекті суару желісі жүргізілді.