Франциядағы қазақ жастары: Әрқайсымыз қазақылықты іздейміз
2017 ж. 18 қазан
4768
2
Олар – Францияны бағындырып жүрген білімді жандар.
Олар – ауызбіршілік пен ынтымақты жандарына серік еткен қазақ жастары.
Олар – Франциядағы Қазақстанның достары.
Әсел Қамажан – Алматының тумасы, халықаралық сауда және бизнес мамандығының студенті. Алмас Жәнібек – Қарағандының тумасы, болашақ программист. Құрманбек Дәуітхан – Қытайда туған қандасымыз, биомедицина маманы. Алуа Бекқожа – Астананың тумасы, болашақ тіл маманы. Ақерке Әбсалықова – Жезқазғанның тумасы, болашақ медицина саласының инженері. Айша Жұмабекова – Семей өңірінің тумасы, арбитражды сот саласынан тағылымдамадан өтуші. Арман Төреғожин – Талдықорғанның тумасы, болашақ білікті аспаз. Дәмира Әлмаханова – Байқоңырдың тумасы, 3D технологиясының эксперт менеджері... Иә, олар – әр түрлі саланың мамандары. Бірақ оларды біріктіретін бір ұлы күш бар: олардың бәрі де Қазақтың балалары. Бірі білімін ұштап жатса, енді бірі оқуын тәмамдаған соң, жұмыс жасап, тәжірибе жинақтауға кірісіп кеткен. Күздің жаймашуақ күнінде ашық аспан астында, ақ дастархан басында өткен «Бас қосу» шарасына біз де қатысып, ұйымдастырушылары мен қатысушыларын бір-екі ауыз сөзге тартқан едік.
Нұрболат Мұса, «JAAK» қоғамының президенті, Сорбонна университетінің заң мамандығының студенті:
«Франциядағы Қазақстанның достары» (JAAK – Jeune Alliance des amis du Kazakhstan) атты қоғамдық ұйымның жұмысын бастағанымызға біраз жыл болып қалды, бірақ ресми тіркелгенімізге төрт жыл енді толды. Баян Жанбауова және Гуля Долат есімді вице-президенттеріміз бар. Сол ұйымымыздың «Бас қосу» атты дәстүрлі шарасын биыл төртінші жыл өткізіп жатырмыз. Алғашында жиынды «пикник» деп атап, жиі-жиі кездесетінбіз, кейіннен жаңа оқу жылы басталып, оң-солына қарап, таныстық іздей бастайтын осы қазан айын тұрақты түрде кездесу уақыты деп белгіледік. Негізгі ой – осында жүрген қазақтар бір-бірін танып, бір-біріне жаны ашып, бірігіп жүрсін деген мақсат. Екіншіден, осындай қоғам бар екенін, бізді де біліп жүрсін, қажет болсақ хабарласып жүрсін деген ниет. Әсіресе Францияға, Парижге бірінші рет ұзақ уақытқа келіп жатқан жастарға көмегіміз көп тиіп жатады, біз дәнекерміз десек болады. Олардың оқуына, пәтер табуға байланысты көптеген сұрақтары туындауы заңдылық, ал осындай бас қосуларда танысып, еркін ой алмасу арқылы көптеген түйіткілді сұрақтарына жауап алып кетіп жатады. Сондай-ақ біріккен бірнеше жобаларымыз бар. Мәселен, саяхатқа шығу. Қоғамымыздың кейбір мүшелері басқа қалада тұрады, ара-тұра өзімізше ұйымдасып, сол қаладағы қандасымызға арқа сүйеп, жаңадан жер танып, саяхат жасаймыз. Сондай-ақ мәдени шараларымыз да бар. Былтыр мәселен, Еуропадағы қазақтардың Наурызы Германиядағы Нюренберг қаласында тойланған еді, соған біздің қыздар барып, ұлттық биімізді билеп қайтты. Ал негізі, менің ойымша бұл «Бас қосуға» әрқайсымыз қазақылықты іздеп келеміз. Сондықтан бұндай басқосуларымздың ақ дастарханында міндетті түрде ұлттық тағамдарымыз, бауырсақ болады. Бұл жиын – біз үшін туған елге деген сағынышымызды баса алатын басқосу.
Гуля Долат, «JAAK» қоғамының вице-президенті:
«Төрт жылдай уақыт бұрын Қазақстаннан келген қазақ жастары болып кездесе бастадық. Алғашында жақын қалаларға бірге саяхатқа шығып жүрдік. Содан кейін «Jeune Alliance des amis du Kazakhstan» атты ұйымның негізін қаладық. Сайлау арқылы қоғам президентін анықтадық. Содан бері біз кей мәдени шаралармен жүйелі түрде, ден қойып айналыса бастадық. Мысалы, бізде ұлттық би билейтін тобымыз бар. Қордың жарнасына жиналған кішігірім қаражатқа елден ұлттық костюмдер алдыртамыз.Түрлі қалалардағы іс шараларға қатысып, өнер көрсетіп, қазақтың өнерін, елін танытуға шамамыз келгенше атсалысып жүрміз. Біздің басым бағытымыздың бірі – француз халқына қазақ деген ұлттың кім екенін, қандай екенінен хабар беру. Осылайша, еліміз туралы оң пікір қалыптасып, Қазақстанға келетін туристер саны артса, біздің де бір мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Мәселен, «Экспо-2017» алдында біз туған еліміздің қауіпсіздігі мен әсем табиғаты, мәдениеті туралы көбірек айтуға, құлақтандыруға тырыстық десем болады. Араласып жүрген он бес шақты француз досымыз біздің ұсынысымызбен биыл сол Экспоны көріп келді.
Құрманбек Дәуітхан, қоғам мүшесі, магистрант:
Мен негізі Үрімшіде туған қазақпын. Соңғы бес жылдан бері Францияда білім алып жатырмын. Қазіргі уақытта Руан атты қаладағы оқу орнының биомедицина саласы бойынша 2-курс магистрантымын. Бүгінгі басқосу туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы біліп, арнайы Париж қаласына ат басын бұрып келіп қалдым. Француз тілін Үрімшіде және Пекинде үш айдай оқып, экзамендерден өтіп, виза алып келдім. Бірінші жылы тілдік курсты оқыдым, сосын одан өткен соң университетке кірдім. Қазір осында білімімізді шыңдап жатырмыз. Мен әзірге Қытай азаматымын, алайда, болашақта туған елге, Қазақстанға бару ойым өте күшті, өйткені кейінгі ұрпақтың жағдайы қалай болады деп ойлаймыз, әрине. Сондықтан, осы жақтағы білімімді толықтырып, диплом алып, тәжірибе жинақтаған соң, Қазақстанға барып тұрғым келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстанда төрт-бес рет болғам. Осындай отырыстар арқылы өзімізге әр түрлі салада жүрген қандас бауыр, көп дос, пікірлес жолдас табатынымызға қуаныштымын.
Алма Сайлауқызы,
Қазақ үніАстана - Париж