ТАЛМАЙ ШАПҚАН ТАРЛАН ЕДІ !..

      Өмірден белгілі ел ағасы, Социалистік Еңбек Ері, қоғам  қайраткері  Боранбек Шүкірбекұлы да өтті... Тоқсанға таяған жасына дейін топты жарып, толғап сөйлеп, елдің жайын ойлап кеткен ағамыздың өмір жолы кез келгенге өнеге боларлықтай. Боранбек  Шүкірбекұлы 1930 жылы 10 қараша күні Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында туған. Еңбек  жолын 15 жасынан  бастап, шопан мен қара жұмысшыдан комбинат, зауыт басшысына дейін өскен, ауданның атқару комитеті мен облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған ағамыз қай салада болсын қайрат танытып, өзін өрден көрсете білген. Мамандығы  ғалым -зоотехник  ағамыз ғылым саласында да өзіндік ізін қалдырды.  1985-1995 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ауылшаруашылығы саласында ғылыми мекемелерге жетекшілік жасады. Атап айтқанда, 1987-1995 жылдары облыстық ауылшаруашылығы тәжірибе станциясының директоры, Шымкент ғылыми – өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарған.    Ғылыми орталықтарға төрағалық еткен Боранбек Шүкірбекұлы экономика ғылымының кандидаты, доцент, 3 монографиялық кітап, 5 авторлық куәлік, 132 баспа табақ көлемінде ғылыми еңбектердің авторы. Кеңестік кезеңде санаулы ғана саңлақтар ие болатын  ең  жоғарғы еңбек марапаты  -  Социалистік Еңбек Ері  атағына ие болды. 1984-1989  жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Сонымен бірге екі мәрте Ленин ордені, Еңбек қызыл ту ордені және басқа да орден-медальдармен марапатталды. 1983 жылдың КСРО Орталық сайлау комиссиясына мүшесі болды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ауылшаруашылығы қайраткері. Қазақстан Республикасы Премьер-министрі сыйлығының лауреаты (1991 жыл). 1995 жылдан Қазақстан Республикасының айрықша зейнеткері. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы және  Арыс қаласы, Ордабасы, Сайрам аудандарының Құрметті азаматы. Боранбек Шүкірбекұлы еліміз Тәуелсіздік алып, ер етігімен су кешкен жылдары да, қашанда  халықтың қайнаған ортасынан табылып,   қайраткерлік көрсете білді. Бірлік пен ынтымаққа шақырған түрлі  қоғамдық-саяси, рухани  шаралардың  басы-қасында  жүрді. Денсаулығы қиындап жатқанда да, ем алуын доғарып, елдік шараларға араласып кетіп жүргеніне де талай куә болдық. Ордалы Оңтүстікте қордалы мәселелер шешуде де ел ағасы ретінде еңбегін сіңіре білді.  Жолында жүк қалдырмас нартұлға ағамыз еді... Талмай шапқан тарланымыз да енді ана дүниеге аттанып барады... Алла алдыңыздан жарылқасын! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болып, иманыңыз салауат болсын!

Ислам Әбішев,  Қасқабай Асанов, Жаханша Мырзалиев,

Мырзагелді Кемел, Шағырбай Тілегенов,  Қазыбек Иса, Мақсұт Исахов