Қазақтың шапанын киген Николас Кейдж ҚАЗАҚ халқына БАС ИДІ (ФОТО)
2017 ж. 26 шілде
3963
6
Николас Кейдж, Эдриан Броуди, Джон Малкович... Астанаға әлемдік кино жұлдыздары келгенін отандық БАҚ ғана емес, шетелдік ақпарат құралдары да жарыса жазды. Тіпті, ресейдің 360tv арнасы Кейдждің шапанды Қазақстанға өзі киіп келгенін де айтып айды аспанға шығарды.
Жалпы, соңғы жылдары елімізге шетелдің танымал тұлғалары көптеп келуде. Ішінде, сөз жоқ, ұлықтауға лайықтысы да бар, келді не, кетті не, онша әсер қалдырмайтындары да бар. Жоғарыда аты аталған әртістер біріншілердің қатарына жатады-ау.
Мәселен, Николастың фильмдерін көрмеген қазақстандық кемде-кем шығар. Ал, Эдриан Броудидің әйгілі "Пианисті" ше? Бұл әлемдік киноның шедеврі ғой. Мұндай дәрежедегі әртістердің елімізге келуінен біздің ұтарымыз көбірек секілді. Мысалы, дамымай жатқан отандық киноға әсері. Соның ішінде кино саласындағы жастардың қалыптасуына әсер етеді. Әлемдік жұлдыздар арқылы Қазақстанға бүкіл жаһанның назары түседі.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде Николастың шапаны мен бір құшақ гүлі сөз бопты. Осы біздің өзге шаруасы жоқ интернет-батырлар кейде ойларының қысқалығымен таң қалдырады. Әртіске бір құшақ гүл бергенді құдды бірінші рет көргендей, "бөрінің артындай шуладық-ау"...
Осы біздің елде айтылатын әңгіме жоқтай, енді гүл мен шапанды сөз ететін деңгейге жеттік пе? Шетел әртісі ақыры елімізге келген екен, қайта шапанымызды киіп, қымызымызды ішіп, елімізге бас иіп кетуі қандай жарасымды. Осы біздің блогерлер шетелдік БАҚ біткен шапан киген Кейджің суретін жариялап жатқанын неге мақтанышпен айтпайды екен?
Себебі... Үй сыртында да үй бар. Артына бес блогерді қосақтап алып, әлдебір лауазымды шенеуніктің сөзін сөйлейтіндер елді шатастыру үшін, сол арқылы өздерінің алып отырған ақшаларын ақтау үшін, яки, әлдебір тұлғаға кесірін тигізу үшін қолынан келгенін істейді. Қате айттым-ау. Аузына келгенін айтады.
“Әрине мен Қазақстан мен Астана туралы тек жақсы нәрселер айта аламын. Бұл жерде 24 сағат ғана болғаныма қарамастан, мен бұл қаланы сүйемін. Айналамның бәрі мейірімді, қонақжай, мен мұндай жылы қарсы алуды тұңғыш рет көріп отырмын. Мен бүкіл әлем бойынша сапарлатамын, енді өзгелерге Астана мен Қазақстанға баруға кеңес беремін”, – дейді актер.
Айтар, айтпас. Ол басқа әңгіме. Біз Николасты айтамыз деп, шапанымызды түсірмейік. Кейде ойлаймын, осы бей-берекет әңгімелерді әлеуметтік желілерде жазатындардың дені теріс діни ағым өкілдері ме екен? "Шапан кигізбейік, гүл сыйламайық, қымыз бермейік, қазы жегізбейік" деп кете беретін сөздері бейшаралықтың озық үлгісі емес пе? Бұлардың басты мақсаты "Қырықтың бірі - қызыр" дейтін қазақтың қонақжайлылығын ұмыттыру ма деп қаласыз... Қазақтың санасына у құйып, әбден шатастыру. Қазақты қазаққа қарсы айдау.
Масқара болмайық. Ақыры елге осындай тұлғалар келген екен, елдігімізді көрсетейік.
Алтай Сағидолда,
Қазақ үні