Алматы облысының әкімі "Алтын белгі" иегерлерін марапаттады
2017 ж. 21 маусым
4059
0
Бүгін облыс әкімі А.Ғ.Баталов жыл сайынғы дәстүр бойынша Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында облыстың жалпы орта білім беретін мектептерінің «Алтын белгі» белгісінің 590 иегерлерін құттықтап, олардың әрқайсысына төс белгіні өз қолымен табыстады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.«Алтын белгі» иегерлерін құттықтаған Амандық Баталов бүгінгі түлектердің әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақ екендіктерін, сонымен қатар, жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен міндеттер жүктелетінін атап өтті.
- Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың терең білім мен тәлімді тәрбие алуына өңірімізде қолайлы жағдайлар жасалған. Білім – таусылмас қазына, баға жетпес байлық. Ардақты ұстаздардан алған сапалы білімдеріңіз бен саналы тәрбиелеріңіздің арқасында, ел сенімін ақтап, қасиетті Отанымыздың нағыз патриоттары болатындарыңызға сенемін. Алдағы алар асуларыңыз биік, мұраттарыңыз асыл болсын! Сапарларыңыз сәтті болсын! – дей келе, А. Баталов түлектерді марапаттау рәсіміне көшті. Үздіктердің кеудесіне «Алтын белгі» тағып, гүл шоқтары мен планшеттер сыйға тартты.
Кешке арнайы шақырылған «Алау» тобының әншілері өнер көрсетіп, «Білім шарлары» ұшырылды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.