ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ
2017 ж. 02 мамыр
2791
1
Ұлағатты ұстаз, абзал азамат Нұрахмет Әділбеков 1936 жылы Жетісу өлкесіндегі Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі бұрын «Октябрь» совхозы аталған Қоңырөлеңде мал бағып, жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп-қонып жүрген нағыз еңбекқор адамдар болатын.
Нұрахметтің өзі Қоңырөлеңдегі интернатта жатып бастауыш мектепті бітірді. 7-сыныпты аяқтаған соң Көкталдағы Абай атындағы мектеп-интернатта оқыды. Он жылдықты жақсы бітіріп, аттестат алды. 1958-1963 жылдары Семей қаласындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқиды.
Жоғары оқу орнын түгескеннен кейін Көкталдағы өзі түлеп ұшқан орта мектепте сабақ береді. Төрт жылдан кейін Қоңырөлең орта мектебінде де орыс-қазақ сыныптарына физика пәнінен дәріс берді. Аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған шәкірттері көп. Сондай үздік оқушылары ұстаздарына үнемі хат жазып, алғыс сезімдерін білдіріп тұратын-ды. Нұрекеңдей ардақты ағайларының жолын қуған да бірнеше шәкірті бар. Нұрахмет Әділбекұлы республиканың білім саласында өзіндік із қалдырған білікті маман ретінде шәкірт тәрбиелеумен ғана шектелген жоқ. Кеңес Одағы бойынша шахматтан үздік шыққан ол ұлттық өнердегі сал-серілердің лайықты ізбасары болған үлкен өнерпаз да еді.
Сондай-ақ, Нұрахмет Әділбековтың бірнеше орден-медальдардың иегері атанғанын да атап өткеніміз артық болмас.
Ауыл-ағайын мен ел-жұрттың сый-құрметіне бөленген жанның жарқын бейнесі көзкөргендер жадында ұзақ сақталатыны анық.
Өнегелі жан үміті ақталған,
Әлі талай түседі олар еске сан,
Сан шәкірттің жүрегінде сақталған,
Аты өшпейді ұстаздардың ешқашан!
Артында өнегелі шәкірттері барда, ұлағатты ұстаз рухы әрқашан биікте тұрады, шырағы сөнбейді деп сенеміз.
Еске алушылар атынан, зайыбы Гүлжаxан Әлпейісова
qazaquni.kz