Алғыс айту күнін 90 ұлттың өкілі атап өтті (фото)
2016 ж. 02 наурыз
3991
0
Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Алғыс айту күніне орайластырылған салтанатты шара болып өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен алыс та жақын шетел азаматтары, этноұлттық бірлестіктердің өкілдері, студент жастар және т.б. белсенді түрде қатысты.
- Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы мен басты жетістігі Қазақстанды мекендейтін халық пен этностардың достығы және бірлігі деп әрдайым айтып жүреді. Біздегі Ұлтаралық келісімді қалыптастыру тәжірибесін бүгінде өзге мемлекеттер зерттеп, өз тәжірибелеріне енгізіп жатыр. Республика Президентінің бастамасымен Алғыс айту күні атап өтіле бастады. Бұл мереке қазақстандықтардың жас буыны өз елінің тарихын жадынан шығарып алмауы үшін, еліне деген махаббат пен сыйластық рухымен тәрбиеленуі үшін енгізілген, - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мерекелік шараға келгендерге қарап.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы аумағында 90-ға тарта ұлт пен ұлыс өкілдері мекендейді.
Қазақстан кәрістер қауымдастығы Ақтөбе флииалының төрағасы Константин Цхай қазақ халқына өзінің шексіз алғысын жеткізді.
Оның айтуына қарағанда, 2012 жылдың мамыр айында Қазақстан кәрістер қауымдастығы кәрістер алғаш шоғырланған Алматы облысы Үштөбе ауылы маңындағы Бастөбе тауының шатқалында «Қазақстан кәрістерінің атынан Алғыс» деген жазуы бар монумент орнатты. Осыған ұқсас ескерткіш сәл кейінірек Орал қаласында да тұрғызылды. Констанстин Цхайдің айтуына қарағанда, тек кәрістердің емес, жалпы Қазақстанға қоныстанған өзге халықтардың да атынан алғыс білдіру монументі алдағы уақытта Шымкентте пайда болуы керек.
- Бұл мереке, мән жағынан, Тәуелсіздік күні іспетті, өйткені біз бүгін Қазақстанға жер аударған өзге этнос өкілдері атынан атынан қазақ халқына алғыс айта аламыз. Қазақстан біздер үшін нағыз отанымызға айналды. Кәрістерді де кезінде саяси репрессия жалмап өткен болатын. 1937 жылы 400 мыңнан астам кәріс Қиыр Шығыстан, негізінен, Қазақстан мен Өзбекстанға жер аударылды. Ақтөбе облысының аумағына алғашында 1100 кәріс көшірілді. Қиындықты бастан өткеріп жатқан халықтан жергілікті тұрғындар көмек қолын аямады, - дейді Константин Цхай.
Айта кетейік, 2009 жылы өткізілген ұлттық халық санағына сәйкес Қазақстан аумағын тұрақты түрде 125 ұлт пен ұлыс өкілі мекендеп келеді.
qazaquni.kz