Шымкентте этномәдени бірлестіктер арасында алғаш рет ұлттық тағам фестивалі өтті
2015 ж. 14 желтоқсан
3766
0
Шымкентте алғаш рет қазақтың ұлттық тағамы — ет асуға байланысты фестиваль өтті. Облыстағы 20 этномәдени бірлестік 20 қой сойып, 20 қазан көтерді. Өзге ұлт өкілдері өнерлерін ортаға салып, қазақтың қонақ күту дәстүрінен сынға түсті деп хабарлайды kz.otyrar.kz.
Асүйдегі қарбалас қазан қайнатудан басталды. Қыз-келіншек қағаздай қып қамыр жайып, қазақтың жілік дәстүрін бес саусақтай білетін байсалдылар қазы-қарта мен жал-жая жасап, етті жайғастырды. Сорпа мен тұздықтың да бабы ұмыт қалмады.
Ерекше ас мәзірін ұсынған славян мәдени орталығы дастарханның қамына жаппай кірісіп кетті.
Бірі тұздығын әзірлесе, енді бірі етін жіліктеп жатыр. Ұлттық асқа тәнті болған аспаздар қос ұлттың аспаздық өнерінде ұқсастықтар бар дейді.
Қатысушылардың бірі асылған етті ұлттық салатпен ұсынып, тәбет ашпақ. Енді бірі тұздықтың дәміне ерекше көңіл бөліп жатыр. Әр ұжымның өз құпиясы бар.
Ырысты ынтымақ пен берекелі бірлікті паш еткен шара достық пен этносаралық келісімді нығайтады дейді ұйымдастырушылар. Қазақы салт-дәстүрге, ас төресіне көрсетілген құрметті сарапшылар бағамдап көрді. Ұсынылған дәмнен ауыз тиген әділқазылар үміткерлердің кемшін тұстарын сол сәтте-ақ түзетіп берді.
Әрине, 20 түрлі тағамға, әрбір бірлестіктіктің қонақ күту дәстүріне баға беру оңайға соқпады. Ұлттық әдет-ғұрпымызға ілтипат көрсетіп, көңілден шыққан орталықтар келгендерді сүйсіндіріп жатса, енді бірі қарапайым ғана қағидаларды білмей, сыннан сүрінді.
Ал кәрістер жарады. Жілікті жіктеп, қазақтың табақ тарту дәстүрін көрсете білген ұжым оқ бойы озық шықты. Ал үдеден шыққан ұйғырларға бірінші орын бұйырды. Армяндар мен тәжіктер де жарады. Қос бірлестік жүлделі екінші орынды өзара бөлісті.