ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ӨМІРІ
2015 ж. 07 желтоқсан
28868
4
Әбілхан Қастеевтің аты өнерден алыс адамдарға да таныс. Ол Қазақстанның бейнелеу өнері тарихындағы жарқын құбылысқа айналған, болашақ ұрпаққа негіз қалап кеткен атақты суретші. Бірақ біз қазақтың бейнелеу өнерінің атасы туралы не білеміз? Атақты суретшінің қызықты өмірі мен керемет оқиғалары туралы қызы Гүлдәрия Абылханқызы Қастеева әңгімелеп береді.
-Менің әкем 1904 жылы Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Панфилов ауданы Шежін ауылында дүниеге келген. Үш жасында әкесінен айырылды. Отбасы үлкен болды, сондықтан шешесі мен кіші іні-қарындастарына көмектесу үшін, ерте жұмыс істей бастады. Жалшы болды, қой бақты, жер жыртып, қара жұмыс істеді. Сол кезде табиғаттың әдемілігін байқайтын болды. Ол қарапайым заттардың сұлулығын тани білді, оған ағаштың тамыры, тастар, сүйектердің қалдығы ерекше әдемі көрінетін. Сөйтіп әкем ұсақ-түйек жасай бастайды - ағаштан мүсін істейді, сырға, сақина жасайды. Ауылдың қыздары оны кешкі өрістен күтіп, әшекей жасауды өтінетін. Бір күні осы қызығушылығы үшін әкем ұрсыс естіпті. Ол мұсылман заңында тыйым салынатын адамдардың мүсінін жасай бастаған екен. Оған қоса, ол ауылдық молданың мүсінін жасапты. Оны естіген молда әкемнің сазайын тартқызған.
-Әкем отбасымен бірге Жаркентке көшіп барады, онда бір байдың жалшысы болады. Сол кезде оны фотограф Саламатова байқап қалады. Ол әкемнің жасаған бұйымдарын суретке түсіріп, жасырын түрде сол кездегі астанаға - Қызыл Ордаға жіберген екен. Ол жақта әкемді оқыту керек деп шешеді, бірақ оның оқитын ақшасы болмайды.
-Әкемнің алғашқы жұмыс орны Түрксіб темір жолының құрылысында басталды. Ауылдастарымен бірге ол сол құрылысқа қара жұмысшы болып орналасты. Бір күні демалыс уақытында әкем тасқа Лениннің суретін салған екен. Оны бастықтардың бірі көріп, авторды көрсетуді сұрапты. Осындай талант босқа жерде қалмасын деп, әкемді Алматыға оқуға жіберуді шешкен. Комиссия өткізіп, біреу әкемнің кедей екеніне күмәнданданған, тексеруге сұраныс жасаса, Әбілхан Қастеевтің кедей отбасынан шыққаны расталыпты.
Қастеев отбасы: Нұрғазы ағасы (1-ші қатар), Манап ағасы (2-ші қатар).
Қастеев жас кезінен білімге құштар болған. Ол өз бетімен арабша, кейіннен латынша оқып, жазуды үйренген. Ол Алматыға келіп, мектепке барғанда, басқа оқушылардан жасы анағұрлым үлкен еді. Ұялса да, 25 жастағы жігіт оқуын ары қарай жалғастырды.
-Мектеп директоры әкемнің басқа пәндерге қарағанда, бейнелеу сабағы көбірек қызықтыратынын байқап жүреді екен. Ол оны жас суретші Николай Хлудовқа таныстырады. Хлудов оны өзінің студиясына қабылдайды, сөйтіп әкем сол кездегі Жетісудағы ең танымал суретшінің сабағына қатысады. Хлудов әкемнің қабілетін бірден байқайды. Ол ауылдан шыққан баланың осыншама талантты болғанына таң қалады, - деп әңгімесін жалғастырды Гүлдәрия Абылханқызы.
Мәскеуде. 1930 жыл.
Хлудовтан дәріс алғаннан кейін, Әбілхан Қастеев досы Әубәкір Исмаиловпен бірге өнер жолын жалғастыру үшін Мәскеудегі өнер училищесіне аттанады. Ол жақта қазақстандық суретшілер ақшалай қиындықтарға тап болады.
-Әбілхан Қастейұлы мен оның досы астанада тұрғанда ақшадан қысылыпты. Қазақстан диаспорасының өкілдері оларға көмектесуді шешіп, Н.К. Крупская атындағы өнер студиясының директоры Анна Фурмановадан сабаққа қатысуын өтініпті. Бірнеше жыл Қазақстанда тұрған әйгілі революционер мен жазушының жұбайы қазақтар жолдасына ақшалай көмек көрсету керек деген шартпен келіседі. Оқудан тыс кезде әкем мәскеулік мұражайларды, галереяларды аралап, советтік және шетелдік көрмелерге барады екен. Ол бірнеше картина салып, Шығыс Мұражайына сатуға ұсынады. Онда әкемнің жұмыстарын қуана қабылдайды. Ал жұмысының бағасын сұрағанда, әкем өте арзан баға ұсынған көрінеді, сонда да оған екі есе қылып төлепті. Әкем сол күні келіп жатақханадағы барлық қарыздарын төлеп тастаған екен.
Кеңес өкіметінің түрлі оқу орындарында оқыған Қастеевтің жерлестері.
Қастеев жұбайы Сақышпен бірге.
Әбілхан Қастеевтің жас шағы кейінгі өміріне әсер еткен қызық әңгімелер мен оқиғаларға толы болған. Ұлы суретшінің қызы сондай оқиғаның бірі, Қастеевтің жат жерде опат бола жаздаған бір оқиғасын есіне түсірді:
-Мәскеуде әкем қатты ауырып қалып, туған ауылына қайтуға тура келген. Тәуір болған соң, аздап азық табайын деп, ауылдастарымен бірге қауіпті сапарға - Қытай асуға аттаныпты. Ол жақтан тауар мен бидай алмақшы болған екен. Біздің шекарашылар ауыл тұрғындарының ауыр халін біліп, өткізе беретін, ал қытайлықтарға ол ұнамаған көрінеді. Әкем мен оның достарын қытайлық жандармдар контрабандистер деп түрмеге жауып тастайды. Онда оларға күні-түні жұмыс істеткізіп, аз тамақ береді екен. Содан әкем қатты ауырып, тұрмай жатып қалған. Ақыры ол қашып құтылыпты, бірақ баратын жері болмаған екен. Сонда әкемді базарда қауын-қарбыз сататын бір шал жеміс жегізіп құтқарған. Кейін, оны туыстары іздесе тауып алар деген үмітпен, күнде базарға апарады екен. Шынында да солай болды, әкемді тауып, шекара асырып әкелді. Ол үйге оралғанда, анам әкемді танымай қалған - есік алдында бүкірейген шал тұрған. Анам оған құрмет көрсетіп иіліп сәлем беріпті. Әбілхан Қастейұлы күйеуі екенін айтқанда, анам жылап жіберіпті.
1-ші қатар, солдан оңға қарай: Мәсім аға (өгей әкесі), шешесі Қалипан Шығынбаева, жұбайы Сақыш ұлы Әбілтаймен. 2-ші қатар: өгей бауыры Нұрғазы, Әбілхан Қастеев.
Әбілхан Қастеевтің жұбайы Сақышпен танысуы да өте қызық оқиға. Алғашында суретші ағамызды басқа қызға атастырып қойған екен. Бірақ ол қыз оны кедей деп менсінбепті. Мәскеуден қайтып келгенде, Қастеев сол қызға жаңа киімін киіп көрініпті. Ендігі Қастеевтің жаңа қалыңдығы - Сақыш - одан он жас кіші болған екен. Қазақтың дәстүрлері бойынша, ол алдымен күйеуінің үй-жайымен танысу үшін бірге тұрған. Содан кейін ғана Сақыш күйеуімен танысқан. Осыған қарамастан, қызының айтуы бойынша, олар бірін-бірі жақсы көрді және бірге бақытты ғұмыр кешті. Отбасында жылы қарым-қатынас пен түсінушілік болатын.
-Анам ылғи күйеуінің артынан Алматыға кетпесем, колхоздың Еңбек Ері болар едім деп айтатын. Анам жақсы жұмыскер болғандықтан, оны колхоздан жібергісі келмеген екен. Бірақ ол өмірін отбасына арнауды шешіпті. Әкем анамның арқасында тыныш жұмыс істейтін, өйткені анам үйдің барлық шаруасын өзі-ақ тындырған. Әкемнің келген қонақтарын қарсы алатын. Әкем де анама жаман сөз айтып көрмеді. Ол өте мейірімді адам еді.
Қастеев жұбайымен және тұңғыш ұлы Әбілтаймен бірге.
30-шы жылдардың ортасында Қастеевтің өнерінің шарықтау шегі еді. Оның алғашқы туындылары "Түрксіб", "Жас Абай" сияқты портреттері жарық көрді, сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрге арналған көптеген шығармалар салынды. Қастеев Алматыға көшіп, тұңғыш ұлы дүниеге келеді. Ал 1937 жылы Әбілхан Қастеевті СССР суретшілер одағына қабылдайды.
Қастеев жас Абайдың портретін салып жатыр.
Қастеев Амангелді Имановтың портретін салып жатыр.
Мэтрдің қызы сол заманның ең танымал картиналарының бірін салу туралы:
-Әкем Амангелді Имановтың портретін салуға ұзақ дайындалды. Ол 1916 жылғы көтеріліс тақырыбын өзінің бірнеше туындыларында қозғаған болатын. Ол Торғай облысына әдейілеп барып, Амангелді Имановтың туыстарымен, сарбаздарымен сөйлесіп қайтты. Сарбаздың суреттері қалмаған, оның бейнесін көрген-білген адамдардың сөздеріне сүйеніп қана құрау керек болды. Ол сол жерде батырдың қолдарын, басының пішінін дәлме-дәл суреттеп қағазға түсіреді. Нәтижесінде, әкем суретті аяқтағанда, комиссиядағы көтерілісшіні тікелей танитын адамдар портреттің Имановқа қаттыұқсайтынына таң қалыпты.
Майданға киім-кешек жинауға шақыратын плакат.
Соғыс басталғанда, Қастеев майданға аттанбақшы болады, бірақ оған басқа бұйрық келді. Ол соғыс тақырыбына арналған плакаттарды салды. Суретші Алматыға бүкіл Одақтан эвакуацияға жиналған өнер қайраткерлерімен сөйлеседі.
Қастеев Алматыға көшіп келгенде жалдап тұрған саман үйдің қасында.
Табиғи кішіпейілдігі үшін суретшінің 40-шы жылдардың аяғына дейін өзінің жеке баспанасы болмаған. Кейін үлкен отбасы бұрын Мұхтар Әуезов тұрған кішігірім пәтерге көшіп келеді. Орын аз болғаны сонша, Қастеев өзіне шеберхана бөлетін орын таба алмаған. Ал 50-ші жылдары Қазақстанға шетелдік документалистер тобы келгенде, суретшінің үйін көргісі келеді. Арнайы түсірілім үшін пәтерге жиғаз бен кілемдер әкелініп, ал артынан бәрін қайта алып кетеді. Кейін 50-ші жылдардың соңында ҚазССР министрлер Одағының төрағасы Қонаевтың жеке өкімі бойынша суретші мен оның отбасына үй салып береді.
-Бекхожин көшесінен кішкентай көше жасалып, соның бойына бірнеше үй тұрғызылды. Жоба бойынша әкемнің үйі кірпіштен жасалу керек екен, бірақ прораб ұрлап, өзіне кірпіштен үй салды да, біздің үйдің қаңқасы қамыстан жасалды. Сонда да бұл үй біз үшін кең болды, әкемнің де жеке шеберханасы пайда болды. Ал прораб болса бәрібір сазайын тартты.
Қастеев өзінің үйінде достарымен бірге. Солдан оңға қарай: мүсінші Х. Науызбаев, суретшілер С. Романов пен У. Ажиев.
Қастеев үйінде қонақтар жиі болатын - әйгілі өнер қайраткерлері: мүсінші Хәкімжан Наурызбаев (Абай ескерткішінің авторы), Сахи Романов, Әубәкір Исмаилов, Жаңатай Шәрденов, Молдахмет Кәденов сияқты суретшілер. Олар суретшінің ауласында жылы ниетпен жиналатын еді.
Достарымен бірге Қастеев табиғат аясына да жиі шығатын - пленэрда сурет салу үшін алыс-жақын ауылдарға баратын.
Қазақ елінің тарихын, оның болмысын, туған жердің әсем табиғатын бейнелеу оның басты тақырыбы болды. Ол - туған жері мен өскен елін, халқының бірегей және ұмытылып кеткен дәстүрлерін шежіре ретінде көркемдеп жеткізген. Ол Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Амангелді Иманов, Біржан-сал, тағы да көптеген қазақ халқының ұлы тұлғаларының портреттерін салды.
-Әкем ауылда туып-өскен, ол ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын әрқашан сезіп жүрді. Жылқы мен қойдың шексіз далада жайылғаны оның жүрегін қуантатын. Әбілхан Қастейұлы бала кезінен тарихқа да құмар болған.
Қастеевтің суреттердің бағаларын белгілеген жазбасы.
Тапсырыстардың негізгісін суретші фабрикалар, заводтар, совхоздар мен колхоздардың мәдениет үйлері үшін орындайтын. Тапсырыс суретшілер Одағына түсетін, одан кейін олар тапсырысты орындайтын суретшімен келісім шартқа отыратын. Суретшінің жұмысы сол кезде өте жақсы төленді. Кейбір құжаттарға сүйенсек, акварельмен салған суреттері үшін Қастеев орташа есеппен 200-ден 300 рубльге дейін, ал майлы бояумен салынған ірі картиналар үшін тағайындалған гонорар екі-үш мыңға дейін жететін. Әрине мұндай жұмысқа уақыт көп кететін.
60 жылдығына орай Т. Шевченко атындағы галереяда Ә. Қастеевтің көрмесінің ашылуы.
Қастеев Одақтың көптеген қалаларында өтетін түрлі көрмелерге, іс-шараларға, қазақ өнерінің онкүндігіне жиі баратын. Оның екі жеке көрмесі өтті: біреуі Мәскеуде, екіншісі Қазақстанда.
Суретші билік өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болды. Арасында ешкіммен дос болмаса да, жұмыс бабымен көп араласатын болған.
Қазақ мемлекеттік театр-көркемөнер училищесінің түлектерімен бірге диплом жұмыстарын талқылау.
Өнерден бөлек, Қастеев оқытушылық және қоғамдық жұмыстармен де айналысты. Ол екі мәрте (1955 және 1959 жж.) Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы атынан Қазақ ССР жоғары совет депутаты болып сайланды. Әбілхан Қастейұлы ауылдық мектептерді, ауруханаларды, балабақшаларды салуға көп еңбегін сіңірді. Өңірлердің көркеюіне ат салысты. Көмек керек адамдарға қолынан келетінін аямайтын. Бірнеше рет Қастеев жазықсыз қамалғандардың бостандыққа шығуына да септігін тигізді.
Суретшінің соңғы жылдары өткен шығармашылығы өте жемісті өтті. Оның тапсырыстары көп болды. Әбілхан Қастеев "Медеу" мұз айдынының, Қапшағай СЭС-ң, Соколов-Сарыбай кенті құрылыстарының аяқталуын қағаз бетіне түсірді. Абай жерінің пейзаждарын салды.
-Сол жылдары әкем мен оның бірнеше қызметтесі Мәскеу мен Ленинградта оқып келген жас суретшілер арасында жанжал туды. Олар жоғары білімдері жоқ өздерінен үлкен әріптестерін менсінбей жүр екен. Әкем олармен қатал сөйлесіп, жанжалдың арты жақсылықпен аяқталды.
Еңбек сіңірген мұғалім Зағира Нүсіпбекова өзінің портретімен.
Қастеев шығармаларының кейіпкерлері танымал адамдар емес, көбінесе қарапайым кісілер болатын: мұғалімдер, жұмысшылар, өндіріс озаттары мен Еңбек Ерлері болды.
Қастеевтің сүйңктң иті - Барыс.
Қастеев қартайған шағында бірнеше инфаркт өткерді. Суретші 1973 жылы 2 қазанда дүниеден өтті. Ол артынан өшпес мұра қалдырып кетті. Қастеевтің соңғы жұмысы - әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің портреті - аяқталмай қалды.
Туған жерінде Қастеевке арналған ескерткіш.
Өнер Мұражайында Ә. Қастеев атындағы мемориалдық залдың ашылуы.
1976 жылы Қазақ ССР-ң Мемлекеттік өнер мұражайында Әбілхан Қастеев атындағы мемориалдық зал ашылды. Ал 1983 жылы мұражайға Қастеев аты берілді.
Қастеев отбасымен бірге Орталық мәдениет және демалыс саябағында демалуда.
Қастеев отбасымен бірге.
Қастеевтің тоғыз баласы болған. Олардың көбісі әкесінің ізін қуып кетті, кейбіреулері өнерге жақын мамандықты таңдады. Үлкен ұлы Әбілтай Қастеев ВГИК-ті бітіріп, оператор болып жұмыс істеді. Ол "Там, где цветут эдельвейсы", "Мәншүк туралы дастан", "Мадам Вонг құпиялары" сияқты картиналардың түсіріліміне ат салысқан.
Ұлы Нұртаймен бірге.
Ә. Қастеев ұлы Нұртаспен бірге.
Жұбайы мен қызы Гүлнәзиямен бірге.
Жоңғар немересімен бірге.
Екінші ұлы, Нұртай Қастеев, сурет училищесінде оқыған. Ол әкеден озып туған бала болған көрінеді. Оның картиналары әкесінікіне ұқсайтын, бірдей бағаланатын. Оған қоса, домбыра, гитара, мандолинде ойнап, ән де салған. Бірақ оның таланттары аяғына дейін ашылмай қалды. Өкінішке қарай, бар-жоғы 16 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды. Қастеевтің үшінші ұлы Нұртас та суретші болды, мектептерде сабақ берді, теледидарда істеді, циркке арнап афишалар салды. Нұртілеу Қастеев суретші-безендіруші болды. Ал Нұрхат - тастан мүсін жасайтын суретші болды. Қыздарының бірі Гүлнәзия Строганов училищесін бітірді, қазір өнер Академиясында сабақ береді. Суретшінің немерелері де атасының жолын қуды.
Суретшінің қызы Гүлдәрия Әбілханқызы Қастеева.
Осы жылдың қаңтар айында суретшінің туғанына 110 жыл толуына орай Алматыда оның үй-мұражайы ашылды. Онда Қастеевтің өмірі мен дүниені сезінуі туралы бізге жеткізіп бере алатын көптеген жеке заттары сақталған.
Бөлмеде суретшінің болмысымен байланысты көп зат жиналған. Киім салынған үлкен сандық, жасау ретінде келген ескі самаурын, кілемдер.
Жол жүргенде Қастеев өзімен бірге қажетті заттар алып жүретін. Ықшам үтік киімдерін қалыпқа келтіруге көмектесетін, қойын дәптері - маңызды заттарды ұмытпауға, ал фотоаппарат - орнында салып үлгермеген сәтті түсіріп алуға қажет болды.
Суретшінің шеберханасында әлі күнге дейін өнердің иісі шығып тұр. Мольберттер, жұмыс үстелдері, орындықтары, бояу жаққыштары, төсек - осының бәрі Қастеевтің жұмысына ыңғайланып жасалған.
-Әкем түрегеп тұрып қана сурет салушы еді. Ол эскизді үстелге қойып, мольберттегі суретті жарыққа қарай бұрып, сағаттап сурет салды. Ол таңертең тұрып, кешке дейін жұмыс істейтін. Арасында ол төсегіне жатып демалатын да, радио тыңдайтын, одан соң қайта суретке кірісетін.
Жұмысына керек-жарақтың көбісін суретші өз қолымен істеген. Ол табиғатқа шыққанда өзімен бірге алатын мольберт пен этюдшіні жасады. Артиллерия снарядының астыңғы бөлігінен бояу жаққыштарын салатын ыдыс жасапты.
Сөрелерде Қастеев пен оның балаларының жасаған және достары сыйлаған заттарын көруге болады. Астында суретшінің жеке кітапханасының бір бөлігі орналасқан.
Музейде кішігірім реставрациялық шеберхана жұмыс істейді. Оның меңгерушісі тәжірибелі реставратор Сара Тілеуқұлқызы Досходжаева, қазір ол Қастеев туындыларын қалпына келтірумен айналысып жатыр.
-Картиналарды кейде маған өте нашар күйінде әкеледі. Дақтар түсіп, шеті жыртылып, тіпті егеуқұйрықтың да ізі кездеседі. Алдымен мен бетін жақсылап тазартамын. Одан кейін картинаны сумен жуып, химиялық реагенттерді қолданамын. Одан кейін тазарған сумен шайып, үстін ауыр затпен бастырамын. Осылай бірнеше күн тұрады. Ары қарай картинаның жоғалған бөліктерін бірте-бірте қалпына келтіру керек - бір реңге келтіру. Тура сондай қалыңдықтағы қарандаш табу керек, немесе сондай түстес бояу керек болады. Жыртылған жері болса, тура сондай қалыңдықта және текстурасына сай қағаз табу керек, - дейді Сара Тілеуқұлқызы.
Қалпына келтірудің алдында, алдыңғы және соңғы нәтижесін салыстыру үшін, барлық картиналарды суретке түсіреді.
-Менің үстелімде Қастеевтің Волгоград пен Ресейдің басқа қалаларына барған кездегі акварельмен салған бірнеше керемет туындылары жатыр. Өкінішке орай, көрмеден кейін оларды тозған күйінде жеткізді, - деп жалғастырды сөзін реставратор.
Қазіргі кезде мұражайда суретшінің түпнұсқа суреттері жоқ. Топтаманың көп бөлігі Қастеев атындағы Өнер мұражайында сақталып тұр. Суретшінің туыстары отбасының жеке топтамасында сақталып тұрған мэтрдің бірегей туындылары, уақыт өте келе үй-мұражайында да ілінеді деген үмітте. Сол кезде ол Әбілхан Қастеевтің мұрасын сақталатын басты мұражай болып саналады.
voxpopuli.kz