БАЛА КЕЗДЕН БІРГЕ ӨСКЕН ЖАН ДОСЫМ ЕДІ…

БАЛА КЕЗДЕН БІРГЕ ӨСКЕН ЖАН ДОСЫМ ЕДІ…

Бала кезден бірге өскен жан досым Батырбек Құрманбекұлының қайтыс болғанын естіп есеңгіреп қалдым. Өзі үш-төрт жылдан бері инсультпен төсек тартып жатыр еді. Кейінгі бір жыл қимылсыз да қалған болатын. Ауылға соққан сайын міндетті түрде кіріп, жағдайын сұрап, қолдап кететінмін.

Бірақ бала кезден бірге өскен, мектепте бір партада отырған, Алматыға оқуға бірге келген досымның қатты ауырып жатқаны көңілімнен шықпайтын. Қайтыс боларынан бір күн бұрын да ойлап қойғанмын. Суық хабарды естігенде қатты қиналдым.

Естіген күні түнде ертеңіне Мәжілісте болатын маңызды жиыннан рұқсап сұрап, жарымыз Жәннат екеуміз шұғыл ұшып кеттік. Түнгі сағат екіде Шымкенттен түсіп, таңғы алтыда Шардарада болдық. Саған онда Қоссейітке де жеттік. Шардарадан аудандық “Өскен өңір” газеті бас редакторы, ақын Сәбит Лахан қосылды. Қоссейіттен әкімі, бізден бір класс жоғары оқыған, бала кезде бірге ойнап, бірге сиыр баққан Еркінбек Айдынбай “Досыңнан айрылып қалдық” деп көңіл айтып, күтіп алып, бірге бардық. 

Осындағы кластас достарымыз Өскенбай, Әбілхан, Болат, Гүлбану, Шымкенттегі Сансызбай, Асылхандар келіпті. Институтта бірге оқыған Дәулетхан бастаған біраз курстастары да жан-жақтан жетіпті.

Иә, Гүлзира бастаған кластастар өзіміздің чатымызда да, ауылда кездескен достар да, ағалар да “Досыңның иманы саламат болсын” деп көңіл айтып жатты. 

Көшеден бастап, досымның үйі толып кетіпті. Тоқсанға таяған анасы, әйелі Әлия, балалары мен бауырлары аңырап қарсы алды!..

Батыр досым ауыл-аймаққа қадірлі, абыройлы болды. Екеуміз 1979 жылы маусым айында мектеп бітіру кешіне қарамай, ол кезде Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжі оқуға ерте қабылдайтындықтан ауылдан ерте шығып кеттік. 

Бірақ екеуміз де колледжге түсе алмадық, есесіне институтқа түсіп кеттік. Мен ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетіне, ол Ауыл шаруашылығы институтына түстік. Абитуриент кезде бір пәтерде жаттық. Екеуміз екі институтта оқысақ та үнемі бірге жүрдік. Сондықтан студенттер кейде мені Ауылшаруашылығы институтында, оны ҚазПИ-де оқиды деп ойлайтын.

Бірінші курста жүргенде бір күні ол менен бұрын каникулға шығып, ауылға кетті. Алматыға ауылдан алғаш келіп, елді қатты сағынып жүрген кезіміз. Сонда ауылды аңсап, досыма сыр айту арқылы мұң шағып, “Елге кеттің. Досым Батырға” деген жыр жазған едім. Кейін тұңғыш кітабым “Керімсалға” шыққан, кезінде он сегіз жасымда жазылған сол өлеңімді досымды еске алу ретінде толық келтіре кетейін:


Тыңдашы, досым, тыңдашы, ұқ,

Ауылға кеттің тым қашық.

Баса алмайтұғын күш барлық,

Құштарлық сезім тұр басып!


Мен үшін шықшы қыратқа,

Асауын таңдап мін атқа.

Сәлем айт елге, сәлем айт,

Ұлынан жүрген жырақта!


Шаңқайған түстің шағында,

Жалаңтөс жүріп шағылда,

Шарпыған көкті жалындай,

Ілестік бұлдыр сағымға.


Қуалаймыз деп іздерді, 

Шарлар ек қалың жүзгенді.

Айтақыр - асық алаңы,

Іздер ме бүгін біздерді?!.


Аңызақ, аптап, не керек?!

Алқынып, терлеп келер ек.

Киіз үй, салқын іргеге

Құлай кетсең бір,

Керемет!


Мызғысаң жанды желдетіп,

Самауыр әні тербетіп.

Саңылауынан түндіктің,

Құйылар сәуле жерге тік.


Қиялшыл көңіл көкті өрлер,

Есімде досым, өткендер!

Көңілге қылау түсірді,

Өмірде мынау өткелдер!..


Махаббат - мәңгі асыл сый!

Күмбірлеп кеудем, тасыр күй.

Туған жер төсін басқанда,

Тағзым ет, досым, 

Басыңды ій!

1980 жыл


Екеуміз де 1984 жылы институт бітіргесін ауылға қайттық. Ол Қоссейітке агроном болып, мен мектептің соңғы екі жылын оқыған Қызылқұм орта мектебіне мұғалім болып орналастық. 

Ауылда жүргенде де екі ауылдың арасы 60 шақырымдай болса да, бір-бірімізге жиі барып жүрдік.

Ол іскерлігіне сай 25 жасында бөлім меңгерушісі болды. Ол кездегі бөлім меңгерушісі дегеннің беделі де, құзыры да өте күшті еді. Кеңшардың өзі төрт бөлімге бөлінетін. Күрішке дәрі себуге келеті н АН-2 ұшақтарына дейін солардың, бөлім меңгерушілерінің қолында болатын. Сондай ұшақтарға мініп алып, көрші ауылдарға бара беретінбіз…

Атакенттің қызы Әлия екеуі төрт бала сүйді екі ұл, екі қыз. Үлкені Ержанның үйіндегі келін біздің қайын жұрт Жаркент жақтан болды да, құдалығына мен бастап бардым. Кейін тұңғыш немересінің атын Қазыбек қойып еді. Ауырып, сәби кезінде, періште кезінде шетінеп кетті, пейіште нұры шалқи берсін. Кіші ұл Ердан әке-шешесінің қолында болып, бар ауыртпалықты сол көтерісіп жүр.

Қыздары - Әсел ауылда мектепте мұғалім, Ажар елордада еңбек етіп жүр.

Батырдың әкесі Құрманбек те ауылдың мал фермасын басқарған, ақ көңіл кісі еді. Ол кісі де ерте кетті өмірден, иманы саламат болсын. Анасы да көпшіл, қонақжай кісі болатын. “Атамдатсаң да, Ботамдатпа” дегендей баласының артында аңырап қалды… Қайтсін енді?!. Алланың ісі де!

Батыр кеңшарлар келмеске кеткен кездерде, басынан “Ақ жол” партиясына өтіп, қоғамдық негізде көп жұмыс жасады. Мен 2004 жылы Парламент Мәжілісіне сайлауға түскенде Шардара, Арыс, Отырар аудандары және Мақтарал ауданында басым дауыс беріп, осы Қоссейіт ауылының тұрғындары 11 үміткердің ішінде маған 86 пайыз дауыс берді. Бірақ ол сандар әрине, биліктің бұрмалауымен өзгертілді. Менің “Ел сайлағанмен билік сайламады” деген мақалам “Жас Алаш”, “Дат”, “Заң”, “Қазақ үні” газеттерінен бастап, республикалық басылымдардың көбісіне шықты! Бұл Қоссейіттегі сайлаудағы күшті көрсеткішке де Батырдың сіңірген еңбегі мен ел ішіндегі беделі көп үлес қосты. Досыммен қоштасуға барған осы сапарда ауыл әкімі Еркінбек Айдынбай бастаған ауыл азаматтары Батырдың сол еңбегін еске алып, ризашылықпен айтып тұрды. 

Батыр кейін біраз жыл Алматыға келіп, біздің “Қазақ үні” газетінің офисін салғанда құрылысының басы-қасында жүрді.

Батырдың ауырып қалғаннан кейін біздің арамызда жадырап жүргені 2016 жылы Шымкенттегі кластастардың 37 жылдық кездесуі болатын. Төле би ауданының көрікті тауларындағы саялы мекенде болған кездесуіміз өте көңілді өткен еді. Мен Батырға мектептегі, студент кезіміздегі 

қызықтарымызды айтып, достарымыздың қылықтарын еске алып, шек-сілеміз қатып, әбден бір күліп едік-ау сол кезде. Бауырымыз жазылып бір серуен салып едік…

Кейін Шымкентте ауруханада жатып жүргенде де, жолым түскенде жолығып кетіп жүрдім. 

2019 жылы мектеп бітірудің қырық жылдығында Қоссейіттегі Сырдария мектебінде басшыларының бастамасымен, бастауыш сынып мұғалімі Әлияның күш салуымен менімен кездесу өтті. Ол кезде Батыр үйден көшеге шыға алмай қалған. Бірақ кешке Батырдың үйінде ауызашар жасағанда үстелге келіп отыруға мұршасы болды. Сонда Батыр мен Әлияға Саыағашқа шипажайға жолдама беріп кетіп едік.

2017 жылы 55 жасқа толғанда арнайы келіп құттықтап, “Ақ жол” партиясының Қазақ хандығына 550 жыл медалын тағып кетіп едім.

Жыл сайын елге барғанда халын біліп тұрдым. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Мәжіліс депутаты ретінде алғаш елге сапарға шыққанда, алдымен Батыр досыма барып жағдайын білген едім. Онда да орнында отыра алатын. Ал тамыз айындағы депутаттық каникулда елмен кездесуде барғанда төсектен тұра алмай жатып қалған екен. Азып кетіпті. Жүдеулігін көріп, жүрегім ауырып тұрса да, көңілін көтеретін әңгімелер айтып кетіп едім. Екі айдан кейін енді міне, досымды соңғы сапарға шығарып салуға келдім... 

Батыр досымызды Шардара ауылындағы зиратқа, әкесінің қасына жерлеп келгенде жан-жары Әлияның: “Қазыбек, досыңды қара жерге қалай қыйып тастап келдің?!.-деп жоқтау айтып, зарлағанда сай-сүйегіміз сырқырады… Ең қиыны да осы екен!

Еркөңіл досым Батырдың жаназасына ел көп жиналыпты. Сондықтан жаназаға көшеге шығып тұруға тура келді. Ауыл молдасы жаназа шығарарда маған сөз беріп, досыма қоштасу сөз айтуға шақырды.

-Қадірлі жамағат, бүгін мен үшін ең ауыр күндердің бірі болды. Кезінде елім деп еңбек еткен, шындық үшін күрескен айтулы азамат, қадірлі досымыз Батырбек Құрбанбекұлы ортамыздан кетіп, бақилық болды. Біз секілді достары ғана емес, оны құрмет тұтатын қалың жұрт соңғы сапарға шығарғалы жаназасына жиналып тұр.

Бұл жалғанға келгенде екі дүниенің есігі болады. Пәнидің есігінен кірген адам екінші есіктен бақи дүниеге шығып кетеді.

Алладан үкім келді, амал жоқ, ол орындалады. Батыр жан досым еді! Бірге ойнап өстік, бір партада отырдық, ауылда бірге мал бақтық. Алматыға ауылдан қол ұстасып бірге аттанған досым еді. Қайтейін енді! Өмір солай! Келген адам кетеді. 

Ел қамы, жер қамы үшін тынымсыз еңбек еткен, ауыл шаруашылығына айтулы еңбек сіңірген, “Ақ жол” партиясының туын көтеріп, талай сайлауда әділдік үшін күрескен Батырдың жақсы қасиеттері көп еді! Аузын ашса, көкірегі көрінетін ақкөңіл ер еді. 

Досым десе ақырғысын бөліп берер айтулы азамат еді!

Қоссейіттің тұрғыны, қоғамдық-саяси істерге белсене араласқан, “Ақ жол” партиясына Ақ тілеулес болып өмірден өткен Батыр досымыздың қазасына партия төрағасы Азат Перуашев бастаған Мәжіліс депутаттары қайғырып көңіл айтуда. 

Ауыр қайғы, Әлия, берік болыңдар енді, қайтеміз, Алла ісіне амал жоқ! Иә, қатарымыз шетінен кетіп, сирей бастады. Естігенде шыдай алмадым! Жайсаң еді, жақсы азамат еді! Ақ көңіл еді, адал дос еді! Қайтейін енді! Түнде шығып кетіп, жаназасына қатысуға, бақұлдасу сөзін айтып, топырақ салуға жетіп тұрған жайым осы.

Артыңда аңырап қалған анаңа, Ержан, Ердан балаларыңа, Сырлыбай, Қыдыр бауырларыңа көңіл айтамын. Алла сабыр берсін! Мынау жаназаңа жиылып, көше толған көпшілік елге көңіл айтамын! 

Өзіңді бағып-қаққан, қанша жыл қараған, емдеткен аяулы жарыңа, ұлың Ердан мен келінге көп рахмет, ризалығыңды, батаңды алды. Алла разы болсын!

Алла алдыңнан жарылқасын досым! Алдың пейіш, артың кеніш болсын! 

Ұрпақтарыңа құдай ұзақ ғұмыр берсін!

Жаның жәннаттан жай тауып, топырағың торқа болсын!

Иманың саламат болып, Алла панасына алсын!

Бақұл бол!

Қош бол, досым!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні