Азаматтығы биік болатын
2021 ж. 13 ақпан
14462
0
Қарымды қаламгер, белгілі сатирик қасиетті Отырар өңірінің тумасы Төпен Әмірбек өмірден озды. Марқұмның отбасының, туған-туыстарының, жақын-жұрағатының қайғыларына ортақтасып, көңіл білдіреміз. Азаматтығы биік абзал азаматты Алла панасына алсын деп тілейміз.
Төпен Әмірбек 1954 жылы 11 желтоқсанда бұрынғы Қызылқұм ауданы, Балтакөл ауылына қарасты «Көлқұдық» елді мекенінде дүниеге келген.
Төпен Әмірбек кәсіби шеберлігі жоғары, отандық ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгер еді.
Өзінің саналы ғұмырында ұлтық мүддемізді қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп, қазақ әдебиетінің дамуына да зор үлес қоса білді. Шығармашылық жолдағы еселі еңбегінің арқасында артына өшпес мұра қалдыра білген азаматтың жарқын бейнесі ел-жұртының жадында мәңгі сақталмақ.
Республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы Әмірбековтер әулетіне Көпен, Базарбек, Ерсұлтан сынды марқұмның бауырларына қазаға байланысты қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Төпен бауырымызды Алла панасына алып, жәннәттан дай нәсіп етсін!
Топкентай да кетті...
(Інім Төпен Әмірбекпен қоштасу)
ХХ ғ. басында Қаратаудың күнгейі мен теріскейінде Жастай жалындап, жүйрік ат мініп, қызды үйдің тысынан өлең айтып,домбыра ұстап айтысқа түскен Түкібайды жеңген ақын болмапты. Әттең-ай, бәйгеде жүріп, жиырма алты жасында аттан құлап мерт болыпты. Менің ағам, Сендердің әкелерің –Әмірбек Түкібайдан қалған жалғыз қара. Әмірбектен ұл-қыз он перзент. Соның бірі, ақ бейілі, сөз қонған, өнер ұялаған болмысы атамыз Түкібайға тартқан Сен де кетіп барасың бақилыққа!
Алыстан тамыр тартқан тектің бір тіні тағы да үзіліп түсті-ау қапияда.
Қу жетімдік. Мектепте жүріп те, Анамыздың орнына қарауыл болып жұмыс істеген жылдары Сені өзіммен ерте кетер едім. Ауылдың ту сыртында, айдалаға орналасқан құрылыс комбинатының (ПМК 7) ашық-шашық қоймасын, сөйтіп бірге күзетер едік. (Бірде Сені, бірде Сайранды ертіп) түн баласына арман жалына жармасып, әңгімелесіп шығар едік.
Мені Көпен Алматыға алып кетті де, Сен қара шаңырақты ұстап қалдың. Джонатан Свифт, Марк Твен, Б. Соқпақбаев шығармаларын шиырлап көп оқыған әсері болар, алтыншы класта оқып жүріп, Москваға «саяхаттап» кете барғаның... Бәрі де шығармашылық табиғаттан!
Бірақ, тағдырың оңай болмады Сенің! Сөйтіп, шығармашылыққа кеш оралдың. Кеш! Әйтсе де, айтқан ұтқыр сатираң ауыздан ауызға тарап, жазған уысойқы юмор, сатира шығармаларың республикалық, облыстық газеттерде жарияланып жатты. Өзің басқаратын, атын “Отырар алқабы” атап ағамыз Өзбекәлі Жәнібек қойған аудандық газетте болса да күн сайын жарияланып жатты.
Сенің Қарасай ауданы жігіттерімен танысуың да қызық. Сені ортаға алған (ондай да болады) олар әлімжеттік жасағысы келіп «Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылынан боламыз. Туысқанымыз Президенттің» деп қоқиланыпты-ау. Ал, Сен тұрып: «Болғаны сол ма? Ал мына Мен Нұрсұлтан Назарбаевтан емтихан Алған академик Өмірзақ Айтбаевтың ауылынанмын. Бауырымын Айтбаевтың!» деп салыпсың... Абдырап олар қалыпты. Бойыңды тік ұстап жүріп кетіпсің Сен!
Міне, Сен өмірде осындай өр мінез, қапияда сөз тапқыш, аузыңнан күміс күлкі төгілген, шуақты жан едің, Төпкәнтай! Жар сүйдің, перзент көрдің. Адам пенденің өмірде арттырары осы ғана!
Тағдырға не рәуа, Тәңірінің ісіне не дауа! Бүгін бетіңді бұрып, қараңды қаралы ауылға түзедің, інім! Алдың өзіңе пейіш, артың ұрпағыңа кеніш болсын!
Қош, жарығым!
Ағаң Құлбек Ергөбек!