БӘРІН ЖҮРЕКПЕН ҚАБЫЛДАЙТЫН ЖҮЙРІК АҚЫН ЕДІ...
2020 ж. 30 наурыз
1938
0
БӘРІН ЖҮРЕКПЕН ҚАБЫЛДАЙТЫН ЖҮЙРІК АҚЫН ЕДІ...
Суық хабар! Қазақтың көрнекті ақыны Аманхан Әлімұлы ағамыз өмірден өтіпті... Иә, бәрін жүрегімен қабылдайтын жүйрік ақын еді, жүрегіне жүк түсті ме екен ағамыздың?!. Аңқылдаған ақкөңіл еді... Терең білімді еді... Ұлттық мүддемізді қорғауда қайсарлығы мен қайратын қаламымен көрсетіп жүретін еді... Ондай мақалалары біздің "Қазақ үні" газетінде жиі жарияланып тұрды. Соңғы жылдары Ақиқатшыл қаламгердің "Ақиқат" журналын басқаруы да уақыт талабы еді...
Алматыға арман қуып келгенде алғаш алдын көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған арқалы ақын, ардақты ағаларымыздың бірі еді...
Кеше түн ауа фейсбук парақшасында Көпен Әмірбек ағасын жетпіс жасымен құттықтап, жылы лебізді мақала жазған екен. Өзінен бір-екі жас қана үлкен Көпен Әмірбекті "көке" дегенінен де Аманхан ағамыздың ақкөңілі, үлкенге ізеті үзілмеген інілігі, оңтүстікке тән бауырмал кішілігі мен кісілік қасиеті аңғарылып тұр екен... Бұл Аманхан ағамның соңғы мақаласы болса керек...
Таңғы төрттерде бұрын парақшасына қойған "Өлең оқиық достар" жазбасына қайта оралып соғыпты. Қайтпас сапарға кетіп бара жатып, қаншама жыл жансерігі болған қара өлеңге қайта бір қайырылып, соңғы рет қарағаны екен де...
Мынандай қиын кезеңде кетіп қалғаны да қиын болды... Қалың ел қоштасып қалатын, басына барып топырақ салатын ақын еді... Алла ісіне амал жоқ!... Арты қайырлы болсын!
Отбасына, Күләй жеңгемізге, туған-туыстарының ауыр қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз... Алды пейіш, арты кеніш болғай. Алла алдынан жарылқасын. Ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр берсін.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні