ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ БЕЙНЕСІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
2020 ж. 07 наурыз
2524
0
Дүйім жұрт, тұтас ауылдың ардақты ағасы, ұлағатты ұстазы, ал біздей орта буын оқушыларына аяулы әкедей болған Ахмади Жетпісбаевтың қазасын естіп, қоңырайып қалдық. Иә, о кісінің кескіні әрдайым көз алдымызда, әсіресе, еңселі мұғалім ретінде көбірек сақталғандай екен. Әрқайсымыз орта мектепті бітірген соң өмірдің сан тарау жолдарымен тұс-тұсқа тарап кетсек те, кішкентайдан қатар өскен құрбы-құрдаспен кездескен сайын алдымен осы Ахмади Сүлейменұлы сынды ардақты ұстаздарымызды еске алар едік. Алаңсыз балғын шақтың қызықты сәттерін әңгімелеп, жанымызды шуаққа бөлер едік...
Қарап отырсақ, сол аяулы ағайларымыздың да қатары біртіндеп сиреп барады екен. Енді, міне, Ахмади ағаның да бақилық болғаны туралы хабар көңіл құлазытты. Жарықтық өте ақынжанды адам-тын. Мектепте өтетін кейбір кештерде сирек те болса ашылып, өзінің әуел баста әдебиет пәнінің мұғалімі болғысы келгенін айтып, ағынан жарылатын-ды. Сондайда ерекше мейірленіп, әрқайсымызды мұңды жанарымен ұзақ аялай шолып тұрып әрбір шәкіртінің өздері таңдаған салада әрқашан биіктен көрінуін қалап: «Талмай ізденіңдер, балаларым! Оқыңдар, үйреніңдер! Қазір озық технологияның, ғажайып ғарыштық жаңалықтардың дәуірі. Заман – сендердікі! Біз көрген қиындықтарды сендерге көрсетпесін. Аштық зобалаңынан кейін дүниеге келген біздің балалық шағымыз сұрапыл соғысқа тап келді. Қиындықтан көз ашпадық. Сонда да жақсылықтан, жарқын өмірден үміт үзбедік. Тас шайнап жұріп, тырмысып, еңбектендік. Адалдыққа, тазалыққа ұмтылдық» деп тебіренер еді.
Ахмади Жетпісбаев 1932 жылы наурыздың 18-і күні Алматы облысы Панфилов ауданы Қызылжиде ауылында дүниеге келіпті. Бірақ ат жалын тартып мінгеннен еңбек жолын Нарынқол ауданы Саржаз ауылында есепші қызметінен бастайды. Ағамыз, ең ғажабы, сол жылдары ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен танысып, дос болған. Біздің ақындық, жазушылыққа талпынған қатарластарымызды, әсіресе, Ахмади ағай өмірінің сол кезеңі қатты қызықтырып, мұғалімді ұдайы сөзге тартатын. Сонда ағайымыз бізге өзінің де әуелден өлең жазуға талпынғанын айтар еді. Расында, да о кісінің бірқатар жырларын өізімз де оқыдық. Солардың ішінде шоқтығы биігі – туған жерге арналған «Қоңырөлең» өлеңі болар. Дегенмен, Ахмади ағай көп ұзамай ҚазПИ-дің тарих факульетіне түсіп, осы жоғары оқу жақсы түгескен соң елдегі ұстаздық қызметін бастайды. Ахмади Сүлейменұлы біздің Қоңырөлең ауылына 1965 жылы көшіп келгеннен 1993 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарды.
Еңбекқор ізденімпаз ұстаз оқытушылық салада ұдайы алдыңғы қатардан көрініпті. Ол 1983 жылы «Қазақ КСР-ның үздік мұғалімі» деген медальмен, қисапсыз грамота, дипломдармен марапатталды. Біздің бір білетініміз, Ахмади ағай тарих пәнінен сабақ берсе де тіл, әдебиеттен қол үзген жоқ. Шығарған өлеңдері арагідік аудандық, облыстық газеттерге шығып жататын. Отбасында тоғыз бала тәрбиелеп өсірген асыл әке, аяулы ұстаз Ахмади Сүлейменұлы ұлттың, мемлекеттік мүдденің де үлкен жанашыры еді. О кісі зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстардан ешбір қол үзген жоқ. Бұл ретте біз шәкірттері сол үйдегі қымбатты анамызға, Ахмади ағаның ұл-қыздарына, кластас достарымыз Әлия мен Берікке, марқұмның басқа да туған-туысына зиялы, мейірбан ағайымыздың қазасына қайғырып көңіл айтамыз. Ағайымыз тек ұлағатты ұстаз ғана емес, Қоңырөлең мектебінде ол кісіден білім алған оқушылардың бәріне әкеміздей болды десек артық емес. Әр баланың мінез-құлқына қарай жұмыс істеп, бойындағы ұстаздық зор қасиеттерін оқушыларға жете сіңдіре білген жан, шынында да, өте мейірлі жан еді. Мұғалімнің өте еңбекқорлығы мен бала тәрбиесіндегі бай тәжірибесі артындағы ұрпақтарына мәңгілік үлгі болып қалатыны анық. Жарқын жүзді ағайымыздың бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Қайғыны бөліссең азаяды дейді. Ұстаздың алды пейіш, арты кеніш болсын. Ұлағатты ұстаз бейнесі ұмытылмайды.
Алматы облысы, Панфилов ауданы, «Қоңырөлең» орта мектебін 1982 жылы «В» класын бітірген түлектеріңіз атынан:
Жәннат МЫРЗА
ҚОҢЫРӨЛЕҢ – МЕКЕНІМ
Көңіл жетсе, ат жетер бұл ауылға,
Ойнап-күліп жүрейік, бір ауылда.
Алыс-жақын жүрсек те, тілеулес боп,
Ниеттес болшы, тілеулес бір қауымда.
Қайырмасы:
Қоңырөлең –мекенім!
Ұстаз болып келгенмін.
Ынтымағы жарасқан бұл ауылда
Бала оқытып, болашаққа сенгенмін.
Ынтымағы жарасқан елім менің,
Бірлігіне сай берген пейілдерін...
Ақкөңілдің ары азып, тоны тозбас...
Деген сөзі үлкендердің емес тегін.
Қайырмасы:
Өсірген бізді ата-ана,
Тәрбиесінде жоқ қата.
Тілегі бір ауылға,
Алла жар болсын қауымға!
Қоңырөлең – ынтымақты ырысты елім,
Білімге күш салуды дұрыс дедім.
Жатсынбай жайды құшақ маған ауыл,
Көңілге әрқашанда ыстық жерім.
Қайырмасы:
Қоңырөлең – мекенім,
Жанға жәннат жер едің,
Келгендерге кең болып,
Өсіре білген мерейін.
Ахмади ЖЕТПІСБАЕВ