ӘПКЕ
2019 ж. 01 желтоқсан
4424
0
Гүлсара Өмірәліқызы туралы бір үзік сыр
Әпке, сіздің өмірден өткеніңізге сене алмай, елеңдеумен жүргенімізде жылжып жүз күн де өте шығыпты. Өмірдің өткінші екенін, мына бес күн жалғанға бәріміздің қонақ екенімізді білсек те, ойда жоқта өзіңізден айрылып қаламыз деген ой ешқашан да ойымызға келмеген екен... Амал нешік... Енді бізге Өзіңіздің сол бір жылы жүзіңізді көрудің өзі орындалмас арманға айналды... Күні бүгінге дейін Өзіңіз туралы қалам тербеуге қаншама рет оқталсам да, кеудеме тығылған өксіктен, жасқа оранған жанарымды сүртуден әріге бара алмадым... Сіз небәрі 55 жыл ғұмырыңызда аяулы ана да, асыл жар да, ардақты әже де, жанашыр бауыр да бола білдіңіз. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмірдің осынау өткелдерінде Өзіңізге берілген тағдырдың сынағы да аз болмады. Бірақ сіз қандай қиындық келсе де жасымай, қуанышқа тасымай, адами құндылықты жаныңызға серік етіп, ғұмыр кеше білдіңіз. Затыңыздың нәзік екеніне қарамастан, маңдай теріңізді төгіп, қара нардай қайыспай, еселі еңбек етіп өттіңіз... Өміріңіздің жалғасы болған қос ұлыңыз – Нұрланыңыз бен Рахымжаныңызға тәлім-тәрбие беріп, саналы азамат етіп өсірдіңіз. Рахымжаныңыз Заринадай алтын келін әкеліп, өзіңізге Райян мен Әзіреттей балдай тәтті немерелер сыйлады. Бал қылығымен баураған немерелеріңізді иығыңызға арқалап алып, айтқандарын орындаудан еш шаршамайтын әлемдегі ең қамқор апалардың бірі де бірегейі Өзіңіз едіңіз. « – Апам ауырып қалды, ауруханада жатыр. Ертееең жазылғасын келеді», – деген үлкен немереңіз Райянның елеңдеген жүзі әрбіріміздің ет жүрегімізді езіп жіберді. Өзіңізге әбден бауыр басқан, әлі тілі толық шыға қоймаған Әзіреттің «Апа, апа» деп әрбір бөлмеге кіріп өзіңізді іздегенін көргенде, көз-жасымызды тыя алмадық.*** *** ***
Өзіңізбен өткізген әрбір сәтім көз алдымда, Әпке! Осыдан он жыл бұрын өмірлік серігім Мақсатты жолықтырып, отбасын құрдық. Жас келін үшін жатжұртқа сіңіп кету де оңай іс емес. Бейтаныс ортада, ата-анамнан жырақта, Алматыдай алып қалада отбасылық өміріміз басталып та кетті. Шыны керек, ес білгелі жан серігім қағаз бен қалам болып, үй шаруасына аса бейім бола қоймадым. «Апасының» қызы деп, анам да аса жұмсай бермейтін. Өзіңізбен бір шаңырақ астында тұратындығымызды естігенде,жүрегімнің түкпірінде «көңілінен шықпай қалсам қайтемін?» деген алаңдаушылық болғанын да жасыра алмаймын.Бірақ Сіз маған қайынәпке секілді емес, туған әпкемдей болып кеттіңіз. Аз ғана уақыттың ішінде Өзіңізге қалай бауыр басып кеткенімді де білмей қалдым. Жасаған бір де бір ісіме мін тақпай, керісінше білгеніңізбен бөлісіп, жақсылығымды үнемі асырып жүрдіңіз. Бар дәмдіні алдымызға тосып, анамыздай қамқор болатын едіңіз. Отбасылық өмірдің алғашқы айларында Мақсат екеуміз бір-бірімізбен түсінісе алмай қалатын сәттер де кезігетін. Сондайда, үнемі менің сөзімді сөйлеп, қандай жағдайда да тек қолдау көрсетуден танбайтын едіңіз. Мұның бәрін әлбетте осы әулетке сіңіп кетсін деген шынайы ниетпен жасайтын едіңіз. Әлі есімде, жұмысқа енді ғана тұрған кезім еді. Жас маман болғандықтан, « –Бүгін менің туған күнім еді» деп жұмыстан сұрану да ыңғайсыз. Сонымен, жұмысқа таңертең ерте кетіп, кеш қайта бірақ оралдым. Үйге келсем, есік алдында кәуәп пісіріліп, іште бір қазан ет қайнап жатыр. Тіпті дастарханды да жайнатып жасап қойыпсыз. « – Бүгін сенің біздің әулеттегі ең алғашқы туған күнің ғой. Сондықтан, жақсылап атап өтейік деп жұмысқа бармадым» , – деп бәйек болып жүгіріп жүргеніңізді көріп, қатты ыңғайсызданып кеттім. Енді ғана босағасын аттаған жас келінге осыншалықты зор құрмет көрсету – Әпкем секілді аппақ жүректі ақкөңіл адамның қолынан ғана келетін шығар, сірә. Тұңғышымыз Нұрсәт өмірге келгенде де қатты қуанып әжелік махаббаттыңызды төгіп, бауырыңызға басқаныңызды қалай ғана ұмытамыз? Бүгінде Алланың қолдауымен он жылдық белесті артқа тастаған іргесі берік, ынтымағы жарасқан отбасыға айналсақ, бұған Сіздің қосқан үлесіңіз зор екенін айрықша атап өткім келеді.*** *** ***
ӘПКЕ, Сіздің нұрлы бейнеңіз бен мейірім төккен бауырмал қалпыңыз Асыл Анаңыздың, бауырларыңыз бен ағайын-туғанның жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Сіз жұмыс барысымен Алматыдан өзге елге кеткенде, өзімізді құдды бір айдалада қалғандай сезінген едік. Бірақ қайда жүрсеңіз де бізді бір сәт те ұмытпай жиі хабарласып, іздеп тұрушы едіңіз. Ауылға келіп, ағайын-туғанмен қауышып, немерелеріңізге қамқор әже болып, бақытты өмірді бастан кешіп жатқанда, тосыннан келген ажалға араша бола алмай қалғанымыз өзегімізді өртейді. Сол бір жайдары жаздағы араға жылдар салып, Өзіңізбен жүздескен сәтімізде қатты қуанып, қапсыра құшақтағаныңызда өзімді бақытты сезініп едім. Сіз Алматыға оралатыныңызды айтып, көңілімізді көтеріп қоюшы едіңіз. Сол жолғы ауылға барған сәтімде, өзіңіздің мейірім шапағатыңызға шомылып, дәмді шайыңызды ішіп, өзіңізге еркелеп, мауқымды біраз басқан едім. Бірақ осынау бақытты сәттің қайта айналып келмейтінін білсемші, шіркін? Ауылдан Алматыға аттанарымда да сол баяғы қамқор қалпыңыздан таймай, билетіме дейін алып, ақ жол тілеп, шығарып салып едіңіз. Сонда автобус қашан жүріп кеткенше қол бұлғап ұзақ қарап тұрған едіңіз. Әттең сол кезде осы жолы соңғы рет қоштасып тұрғанымызды білмеген едік... Өзіңізге қатты бауыр басқанымыз соншалықты бір-екі күн хабар алмасақ көңіліміз алаң болатын. Бірақ сіз үнемі бейнебайланыс арқылы сөйлесуді құп көретінсіз. Байланыс нашарлап кететін сәттерде жай ғана хабарласа берейін дегенімде: «бір-бірімізді көріп сөйлескеніміз жақсы ғой» деуші едіңіз... Өміріңіздің аз ғана қалғанын сездіңіз бе екен әлде? Телефон арқылы осылай хабар алмасатын сәттердің бәрінде балаларымыз – Нұрсәт пен Әлиханды көріп, айналып, толғанып болып, мені де ұмыт қалдырмаушы едіңіз ғой. Құдды бір кішкентай балаларды еркелеткендей еркелетуші едіңіз. Күйбең тіршілігі мол осынау өмірде осындай жылы сөздерден ғана қуат алып, жаным жадырап сала беруші еді. Құдды бір алыс сапарға кетеріңізді сезгендей, соңғы сәттерде бұрынғыдан да мейіріміңізді еселей түскен едіңіз... Амал нешік... Ауылға қайта айналып келгенде Сіздің сол бір нұрлы жүзіңізді бір көруге зар болып, аурухананың есігіне телмірумен ғана отырдық. Бірақ үмітімізді үзбеген едік... Ойлап едім, Жеңіс күні өмірге келгендіктен, қандай қиындықты да қайыспай жеңіп шығатыныңыз сияқты, төтеннен келген бұл дертті де жеңіп шығады деп сенген едім... Бірақ сол бір сеніміміз ақталмады... Сіз тілге келместен, Мәңгілік сапарға аттанып кете бардыңыз... Жаратушы Иеміздің жарлығы солай болса, көндіккеннен басқа бізде не шара? Бүгін міне, алғашқы күннен-ақ, қыс қаhарына мініп тұр. Қыстың осындай суығында Сіздің жылы жүзіңіз бен жылы сөзіңізді қатты аңсадым, Әпке! Ағайын-туғанның арасында сіздің орныңыз біздің отбасымыз үшін ерекше болып қала бермек. Жатқан жеріңіз жайлы болып, Өзіңізге Жәннәттан жай бұйырсын деп тілейміз, ӘПКЕ! Біз үшін бұл сөздерді айтудың қаншалықты ауыр екенін білсеңіз ғой... Гүлмира САДЫҚ Qazaquni.kz