«АҚ ЖОЛ» «ЭЙР АСТАНАДАН» ақпараттық ашықтықты талап етті
2016 ж. 04 қазан
2129
0
«Ақ жол» ағымдағы жылдың көктемінде «Эйр Астананың» нашақор-ұшқышы ұсталғаннан кейін қабылданған нақты шаралар туралы ашық айтуды талап етті. Осыған орай партия төрағасы А.Перуашевтың қолы қойылған тиісті сауал Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің атына жолданды.
Белгілі болғандай, 2016 жылғы 2-наурыз күні азаматтық авиацияда жан түршігерлік оқиға болды. Сол кезде Алматы әуежайында «Мәскеу-Алматы» рейсті орындағаннан кейін «Эйр Астана» пилоты Р.Быков есірткі затпен ұсталды. Кейінірек анықталғандай, бұл ұшқыш жүздеген адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіріп, бірнеше рет марихуана қолданғаннан кейін рейске шыққан. Бұл жағдай үлкен қоғамдық резонанс тудырды және авиатасымалдаушының сенімділігіне және отандық авиация қауіпсіздігіне тұтастай алғанда күмән келтірді.
Осы оқиғадан кейін көптеген сарапшылар ұшқыштар құрамын тексерулерді қатаңдату қажеттілігі жөнінде пікір білдірді. Мәселен, қазақстандық авиатасымалдаушылардың Қауымдастығымен 90-шы жылдардың аяғына дейін болғандай, ұшқыштарды ұшуға бір сағат қалғанда медициналық тексеру тәртібіне оралу ұсынылды.
Сонымен қатар, 2016 жылғы 18-наурыз күні отандық авиацияның мәселелері бойынша өткен кеңесте ААК ұшуды пайдалану басқармасының жетекшісі Көпболсын Тоқбақбаев пилоттарды есірткі және психотроптық заттарды тұтыну тұрғысында тексеру енгізу жоспарланғанын хабарлады. Бұл ретте, Қазақстанда заң жүзінде ұшу алдындағы экипажды міндетті түрде тексеру жоқ, өйткені «бар жауапкершілік әуекомпания басшылығы мен ұшқышқа жүктеледі» деп атап өтілді.
Сонымен қатар, Мемлекетаралық авиация комитетінің есебіне сәйкес (2015 ж.). әуе апаттары мен әуе оқиғаларының 70% - ы дәл осы адами фактордың салдарынан болғаны көрсетілген.
Ағымдағы жылғы 28-маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен таныстыру барысында, инвестициялар және даму бойынша вице-министр Альберт Рау ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіндегі кемшіліктерді мойындады. Оның айтуынша, өткен жылы әуедегі тасымалдау жеке құрамына 80-нен астам жалған медициналық қорытынды берілген.
Сол таныстырылымда «Эйр Астана» АҚ ұшқышы қолданған есірткі фактісі анықталғаннан кейін азаматтық авиация Комитеті басшылығынан авиакомпанияның және ең алдымен – Комитеттің өзі қабылдаған нақты шаралар туралы хабарлауды «Ақ жол» фракциясының жетекшісі талап еткен болатын.
Сол кезде, «Осы саладағы бақылауды авиациялық әкімшілігіне жүктеу ұсынылады» дегенге сілтеме жасай отырып, Комитет басшылығы толық жауап ұсынуға дайын емес екенін білдірген-ді.
Алайда, мұндай жауап уәкілетті органның өзіне жүктелген, соның ішінде ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету бойынша жүктелген функциялардан қашқақтауын білдіреді. Сондықтан «Ақ жол» партиясының төрағасы Перуашев қойылған сұрақтарға негізделген жазбаша жауап беруді сұрады.
«Өкінішке орай, әлі күнге дейін, үш ай өткеннен кейін де жауап келіп түскен жоқ, – делінген хатта. – «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабының 6-тармағының негізінде депутат Үкімет мүшелеріне сауалмен жүгінуге және жауап қайтаруға қосымша дайындалу үшін қажет болған жағдайда, оны үш күн мерзімде алуға құқығы бар. Менің азаматтық авиация Комитетіне қойған сұрағымнан кейін, еске сала кетейін, 3 күн емес, 3 ай өтті.
Осыған байланысты, «ақжолдықтар» Министрден келесі ақпаратты беруді сұрайды:
1. Жолаушылар ұшағын ұшқыш-нашақор жүргізген жағдай бойынша қандай ұйымдық қорытындылар жасалды?
2. Осы жағдайға байланысты «Эйр Астана» авиакомпаниясы қандай нақты шара қолданды? Аталған компанияның ұшқыштарды қарайтын және рұқсат беретін лауазым иелерінен кім (ұшқыш-нашақордың өзінен басқа) жауапкершілікке тартылды?
3. Болашақта оқиғаның қайталануына жол бермеу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ААК қандай істер атқарып, тиісті шаралар қабылдады?
Сонымен қатар, хатта берілген заң жобасын таныстыру барысында депутаттың сұрағына жауап берудің мерзімін бұзғаны үшін жауаптыларды анықтаудың қажеттілігі атап өтілді.
«Ақ жол» партиясы және оның парламенттік фракциясы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысын жалғастыруда.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
qazaquni.kz