Ата-бабамыз мұраға қалдырған қасиетті қара жерді сақтау – бүгінгі біздің міндетіміз!
2016 ж. 01 маусым
12613
50
Қадірлі оқырман қауым!
Біздер – қазақ басылымдары, «Жас Алаш», «DAT» (Общественная позиция), «Қазақ үні», «Президент және халық», «Қазақ елі», «Ашық алаң – Трибуна» газеттерінің, «Аңыз Адам» – «Жұлдыздар отбасы» журналы ұжымдары сіздермен бірлесе отырып, жерімізді бейбіт жолмен қорғау бастамасын көтермекпіз.
Жер заңнамасындағы мемлекеттік, ұлттық мүдделерімізге орасан зор залалын тигізетін қиғаштықтарды күзеп тастауға үкіметтегілерде құлшыныс жоқ. Оны президенттің мораторий жариялағанда құрған жер комиссиясының жұмысынан анық байқадық. Биліктегілердің ойынша, жерді сату мен шетелдіктерге 25 жылға жалға берудің қажеттілігін, пайдасын халық түсінбей жатқан көрінеді. Алдағы алты-жеті айда үгіт-насихатты үдетіп, көңілдердегі күдікті кетірмек. Комиссияның ұсыныстары ескерілді дегенді көлденең тартып , сәл-пәл өзгеріс енгізген болып, ақырында дегендеріне жетпек.
Әккі билік халыққа өз сөзін айтқызбау, талабын қойғызбау үшін барлық амалдарды қолданып жатыр. Азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқын аяққа таптап, митингі өткізуге рұхсат бермеді. Тіпті қала тұрғындарының арнайы бөлінген алаңдарға барып, өз пікірлерін білдіру ниетінен жаманшылық іздеді. 21 мамыр күні бүкілқазақстандық бейбіт шеру ұйымдастыруға ұйытқы болған қоғамдық белсенділерді заңсыз қамауға алды. Алматыда және басқа да қалаларда орталық алаңдарды полицейлер қоршап алып, адамдардың ол маңда жүруіне тиым салды. Бірнеше мың адамды күш қолданып, автобустарға тиеп, полиция бөлімдеріне әкетті. Онда бірнеше сағат ұстап, түсінік жаздырып, кейбіріне әкімшілік жаза бергізу үшін соттарға тартты. Қызметтік міндеттерін атқарып жүрген журналистерді де ұстап әкетті. Мұндай заңға қарсы әрекеттердің не үшін істелгені әркімге аян: жер мәселесіне қатысты халықтың талабы айтылмауы керек! Өйткені ол Қазақстанды билеп-төстеушілердің жоспарына кереғар келетін таудай тосқауыл!
Халық қалай да өз сөзін Қазақстан үкіметіне, парламентіне, президентке жеткізуі, өзінің пікірін ашық білдіруі керек. Комиссия құрамындағы саусақпен санарлық азаматтарға қалың қауым өз атынан сөйлеуге өкілеттік берген жоқ, олардың шырылын саны көп ләппайтақсырлардың даусы басып кетеді. Осыны ескеруіміз керек.
Мұндай жағдайда не істейміз?
Біздіңше халықтың талабы біреу:
- «Жер сатылмасын!
- Шетелдіктерге жалға берілмесін!»
- Егер осы кесімді әрі соңғы сөз болса, онда бұл талапқа қосылатындардан, қолдайтындардан қол жинайық!
№ Аты-жөні | Куәлік нөмірі | Мекенжайы | Қолы |