Азат Перуашев: ҚЫТАЙ, РЕСЕЙ және ӨЗБЕКСТАН компанияларына ЖЕРІМІЗДІ ЖАЛҒА БЕРМЕУ КЕРЕК!.

"Жер мәселесі бойынша комиссия ата-бабалардың  аруағынан ұят болмайтын  шешім шығаруы керек"

   Перуашев 2  Бұл туралы ол Жер реформасына байланысты құрылған республикалық комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді. «Қазақстандықтар  бәрінен бұрын Қытай компанияларынан қауіп күтіп, алаңдаушылық білдіруде» деді «Ақ жол» ҚДП төрағасы. «Бұлай деуге толық негіз бар. Біріншіден, біздің кең-байтақ жерімізді мекендеген адам саны аз, ал жанымыздағы көршілерде халық өте тығыз орналасқан. Екіншіден, біз ғана емес өзге де мемлекеттер, оның ішінде Австралия оларға жерлерін жалға беруден бас тартып отыр. Сол сияқты қытайлық компаниялардың Тәжікстандағы қайғылы тәжірибесін естен шығаруға болмайды. Бұл туралы қазір бүкіл дүниежүзі біледі. Одан қалды Қазақстанға келген қытайлық мұнай компанияларының іс-тәжірибесі де бізге сабақ болуы керек. Қытайлық инвесторлар біздің жергілікті жұмысшылар мен қызметкерлер, мердігерлер санын қысқартып, өз елінің көптеген адамдарын әкеліп кіргізгені белгілі» – деді Азат Перуашев. «Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді, сепаратизмге жол ашу қаупі де жоқ емес. Сондықтан бізбен шекаралас,  жақын орналасқан көрші елдерге жерімізді жалға бермеу туралы шектеулерді заңымызға енгізу аса қажет» – деп есептейді мәжіліс депутаты.  Қазақстан құрлықта Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанмен, ал Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанмен, Иранмен шектесетіні белгілі. "Ең алдымен, жер деген – Ана, жер - Мемлекеттілік, жер деген –Тәуелсіздік. Сондықтан жерімізді қалай пайдалансақ та, оған қауіп-қатер келтірмей, әрбір қадамымызды мұқият өлшеуміз қажет. Шетелдік инвесторларға келетін болсақ, жерді шетелдіктерге жалға беруден қорқатындарға мен де түстіністікпен қараймын. Шетелдіктер біздің жерімізге ізгі ниетімен келсе, дамыған әдістеме, заманауи технология әкелсе – жақсы болары белгілі. Ал олай болмаса ше? Сол себептен ел азаматтары бүгінгі Жер кодексіне байланысты шетелдік компанияларға берген мүмкіндіктерді қаншалықты дұрыс, қаншалықты өзіміздің ұлттық мүддемізге сай, болмаса қауіпті екен деп күмәнданса –  сөз жоқ, оны тағы да зерттеп, талқылауымыз керек деп санаймын" – деді мәжілісмен. "Жер мәселесі бойынша комиссияның қандай шешім болса да, елге тиімді, ата-бабалардың  аруағынан ұят болмайтын  шешім керек" – деп түйіндеді өз сөзін «Ақ жол» партиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. qazaquni.kz