Мемлекет мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына ықпал ететін саясатты іске асыруға мүдделі - Б.Смағұл
2016 ж. 28 сәуір
3404
5
Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке бірнеше депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Skifnews.kz басылымы хабарлайды.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтіп жатқан жас Қазақстан үшін тіл мәселесі мемлекеттің болашағымен, елдің елдігімен ұштасып жатқан маңызды мәселе. Сондықтан да біз тілдің тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Бұл ретте мемлекет елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтай отырып, мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына ықпал ететін саясатты іске асыруға мүдделі», - дейді Бақытбек Смағұл.
Бүгінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі аяқталуға жақын.
Депутат сондай-ақ, Сағадиевке білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңа реформаларға қатысты да сауалдарын жолдады. Олар мынадай:
- «Астана» телеарнасына берген сұхбатыңызда сіз: «Үштілділіктің негізгі мәні – Қазақстан халқының бірінші кезекте қазақ тілін меңгеруі. Себебі, орыстілді мектептерді бітіріп шыққан түлектер мемлекеттік тілде сөйлемейді. Сондықтан біз 2017 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, орыс тілді мектептердегі қазақ тілін оқыту методологиясын елеулі түрде өзгертуді бастамақпыз» дедіңіз. Бұл бағытта қандай өзгерістер болмақ?
- 2019 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, 11-ші, артынша 10-шы сынып оқушыларына математика, жаратылыстану пәндерінің бірін немесе бірнешеуін ағылшын тілінде оқыту жаппай қолға алынатынға ұқсайды. Осы мақсатта еліміздегі 7,5 мыңдай мектептер кітапханаларының барлығы бірдей үш тілді ресурстармен, ағылшын тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілген бе? Тілдерді терең меңгерген мұғалімдер даярлау мәселесі қалай шешілген?
- Ауылдағы білім ордаларында маман тапшы екені мәлім. Ал бұларда балаларды ағылшынша оқытатын мұғалімдерді табу одан да қиын. Бұл мәселе ауылдағы мектеп бітірушілерінің математика-жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерінің төмендеуіне соқтырмай ма?
- Мамандардың айтуынша, бүгінде білімнің іргетасы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қаланады. Ендеше тек мемлекеттік қана емес, барлық жекеменшік балабақшаларда бүлдіршіндердің қазақ тілін меңгеруіне баса маңыз беру керек. Осылайша, жастарды мемлекеттік тілге баулу балабақшада бастау алып, ары қарай мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орындарында тереңдетіле жүзеге асырылғаны жөн. Осы арқылы біз 100% қазақ тілін меңгерген азаматтарды тәрбиелейміз. Бұл мәселе қалай шешілуде?