"Пекин Паластың" "паласының" астына түсіп кеткен 40 млн. үкіметке қайтарыла ма?
2016 ж. 16 сәуір
2654
0
Депутаттардың қонақүйіне қазынадан кеткен шығын 8 миллион емес, 51 миллион теңге деп хабарлайды 31 арна.
Бірқатар БАҚ конкурстың хаттамасын жариялап, жаңа сандарды айтты. Алайда парламенттің шаруашылық басқармасы бірер күн бұрын шығынды 8 миллионнан аспады деп сендірген еді.
Марат Бопазов өзін "тәй-тәй басқан депутатпын" дейді. Талдықорғаннан келгеніне екі айдан аспаған халықтың немесе "Нұр Отанның" қалаулысы елордаға енді үйреніп жатыр екен. "Пекин паласта" тұрған он бес күні үшін мемлекеттің қанша төлегенінен бейхабар. Тек жұрттың даурығып депутаттардың ішкен-жегені мен тұрмысын талқылап жатқанына ренжулі.
"Ешқандай алып кетіп бара жатқан артықшылығымыз жоқ. Комиссия шешімі түсті, бұрыннан тұрған жиһазбен берді. Актімен қабылдап өткізді, мен қабылдап алдым. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан", - деп мысал келтірді парламент мәжілісінің депутаты Марат Бопазов.
Ал Астана ғалымдары депуттарға ренжіп жүр екен. Депутаттардың қонақүйі үшін қазынадан кеткен 50 миллион деген соманы естігенде "төбе шашым тік тұрды" дейді ғалым Бақыт Алтынбасов. 10 жыл сабақ беріп, Астанада пәтер жалдап күнелткен оқытушы "ғалымдар жатақханасына" әрең қолы жетіпті.
"Депутаттар жағдайы нашар халық емес. Олардың барлығының жағдайы өте жақсы. Өздерінің үйлері де бар алып қойған. Сондықтан олардың жылағандығы болмас. Ғалымдар күнін әрең көріп жүр. Қай жақтан 129 мыңға нөмір. Әрең жүр", - дейді ғалым Бақыт Алтынбасов.
Жұрттың бәрі осылай наразылық білдірген соң, "Пекин паластағы" 31 депутаттың 15 күніне небәрі 8 миллион кетті деп парламенттің шаруашылық басқармасы айтқан. Бірақ БАҚ өкілдері соманың шын мәнінде 51 миллион теңге екенін тағы жазды.
"51 млн-ға келісімшарт жасасқан. Факті бойынша, 8 млн-ға төлем жүргізілген. Қалған ақша үкіметке қайтарылады", - дейді маман.
Басқарма, бұл соманың бір жыл үшін есептелгенін айтты. Себебі сатып алу, 12 айға жүргізіледі екен. Бірақ депутаттар бар болғаны жарты ай тұрып, 40 миллионнан артығын "үнемдеп" алдық деген шаруашылық, қалған қаржы міндетті түрде қазынаға қайтарылады деп сендірді.