Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауы басталды
2016 ж. 20 наурыз
3178
10
ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауына орай 9840 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.
«Бүгін 20 наурыз күні таңертеңгі сағат 7-де елімізде Парламент Мәжілісінің депутаттарына дауыс беру басталды. Сонымен қатар облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарына да дауыс беру басталып отыр. Осы уақытқа дейін барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары, мемлекеттік органдар сайлауды материалдық-техникалық ұйымдастыру жағынан қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады. Сайлау комиссиялары бүгін толығымен сайлауды өткізуге және дауыстарды санауға дайын», - деді ол.
ҚР ОСК мүшесі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде дауыс беру өтетіндігін, мұнан бөлек шетелде 65 сайлау учаскесі жұмыс істейтіндігін атап өтті.
«Бүгін 9 791 165 қазақстандық дауыс берушілер тізіміне енгізілген. Сайлаушылар тізіміне енгізілмеген адамдар арнайы анықтама алып келетін болса, бұл сан өсуі де мүмкін. Вашингтонда, Нью-Йоркта, Оттавада 21 наурыз күні таңы сағат 6-да сайлау учаскелері жабылады. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы БАҚ өкілдеріне күні бойы жедел ақпараттар беруге дайын», - деді Л.Сүлеймен.
Айта кетейік, саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде алты саяси партияның атынан 234 кандидатты тіркеді.
ҚР-дағы сайлауды 964 халықаралық байқаушы қадағалайтын болады. Сонымен қатар ол дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауға кандидаттар мен партиялардың сенім білдірген адамдары, қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат