Нақты деректі кітап - партия туралы шынайы көрсеткіш
2013 ж. 12 шілде
2064
4
Әбдіразақ Сұлтанов, «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің хатшысы
Саясат сахнасында саяси науқан кезінде ғана белсенділік танытып, саңырауқұлақтай жарыса жөнелетін қоғамдық ұйымдар мен партиялар, қозғалыстар біздің елде жеткілікті. Алайда өзіндік ұстанымы мен айтар ойы бар салиқалы партиялар да жоқ емес. Солардың бірі, қанша қиыншылықты басынан өткерсе де, арандатушылықтарға да мойымай, халық сенімін иелене білген «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы деуге болады. Оған дәлелдер де жоқ емес. Соның бастысы - соңғы кездерде Парламент Мәжілісіндегі түрлі бастамалар жаршысы болып жүрген аталған партияның фракция депутаттары.
Биыл «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылуынан бергі 10 жыл ішіндегі тыныс-тіршілігінен ешқандай қоспасыз, нақты құжаттар негізінде сыр шерттетін «Ақ жол» партиясы құжаттарда» - «Ак жол» в документах» атты үш томдық жинақ оқырманға жол тартты. Осы құжаттық кітап турасында «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің хатшысы Әбдіразақ Кенжебекұлы Сұлтанов мырзамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. - Әбдіразақ Кенжебекұлы өз бастамаларыңызбен қолға алынып отырған құжаттық еңбектің маңыздылығы неде? - Кітап біздің партияның мемлекеттілігіміздің қалыптасу және дамуы кезеңіндегі Қазақстан қоғамының көптеген маңызды проблемалары жөніндегі басқа саяси және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-әрекеттерін көрсететін бірқатар құжаттарды (меморандумдар, шарттар және келісім шарттар) құрайды. Кітапта партия мүшелерінің өздері де, сол сияқты кез-келген қызығушылық танытқан оқырман да өткен он жылдықтағы көптеген өзекті мәселелерге жауап таба алады. Себебі, жинақ негізіне 2002 жылдың 16 наурызында өткен «Ақ жол» партиясының Құрылтай съезінің құжаттарынан бастап, партияның фракция депутаттары ретінде Қазақстан Республикасының Ү шақырылымындағы Парламент Мәжілісінің жұмысына қатысуындағы мәліметтері жатады. Жинаққа партияның негіздік құжаттары: Жарғы және Бағдарлама, съездер отырыстарының, Партияның Орталық ұйымдарының, (Орталық кеңестің, ОК Президиумының, оның Саяси атқару комитетінің) хаттамалары, қаулылары, стенографиялық есептері, партияның жоғары және басқарушы органдарының мәлімдемелері және Үндеулері, сондай ақ Сайлау және БАҚ реформалары туралы жобалар кірді. Бұл кітап арқылы кез-келген оқырман партияның құрылуы, қалыптасуы, өсу кезеңдеріне, орталық пен аймақтар арасындағы өткір пікірталастарға және ақырында партияның жаңа белеске шыққан – ақжолдықтардың ҚР Мәжілісіндегі және жергілікті мәслихаттардағы – сындарлы жұмыстарына бұрмаланбаған, күні бұрын кесіп – пішілмеген, тікелей түпдеректер негізінде өзінің бағасын бере алады. - Демек, бұл нақты деректік еңбек арқылы, партия жөніндегі кейбір негізсіз алып-қашпа әңгімелерге толық тосқауыл қоюға болады деген сөз бе? - Дәл солай. Себебі, осыған орай партияның тартыстық кезеңдерінде БАҚ беттерінде түрлі алып-қашпа әңгімелер еш дерексіз негізде көбейгені рас. Сол арқылы партия ең қиын кезеңдерді бастан өткізді. Оның бәрінен де өтіп, партия қазір өзінің жаңаша даму кезеңіне бет алды. Бұл ұсынылып отырған кітапта «Ақ жол» партиясының 10 жыл ішіндегі тіршіліктерінен еш қоспасыз, қаз-қалпында, боямасыз құжаттар негізінде толық жауап алуға болады. Кезіндегі “Ақ жол” туралы мақсатты түрде қасақана әдейі қолдан ұйымдастырылған жалалы өсектерге осы нақты документтер мен жиындар стенограммаларына, қаулыларға сүйеніп жазылған деректі кітап нүкте қояды.Яғни, нақты деректі кітап - партия туралы шынайы көрсеткіш дей аламыз. - Расында бұл жұмыстарыңыз игі бастама екен. Кітаптың құрылымына қысқаша тоқталып кетсеңіз. - Кітап негізі төрт томнан тұрады: І томда – 2002 жылдан 2005 жылдың қаңтарындағы құжаттар; ІІ томында – 2005 жылдың ақпанынан 2006 жылдың желтоқсанындағы құжаттар жарияланды; ІІІ томында– 2007 – 2010 жылдардағы, сондай ақ «Ақ жол» ҚДП-ның 3-ші шақырылымындағы Парламент Мәжілісінің жұмысына қатысуындағы мәліметтер (депутаттық сауалдар, жауаптар) берілді; ІҮ томда – 2011-2013 жылдардағы құжаттар орналастырылады. Одан кейінгі томдары да жалғасын табатын болады болашақта. - Бүгінгі күніміз - ертеңгі тарих. Тарихта қалу үшін де осы секілді құжаттық еңбектерді ғылыми айналымға енгізу қажет-ақ. Сол жағы қарастырылды ма? - - Әрине. Осы істеліп жатқан шаруалардың өзі шынайы тарих деп білеміз. Тарихпен өрілген партияның өткенін баяндайтын бұл жинақ республикадағы ЖОО, Ұлттық және Орталық кітапханалар мен ғылыми мекемелерге толықтай жеткізілуде. Біздің партия өмірі еліміздің өмірімен біте қайнасып жатыр. Сондықтан да, аталған мекемелердегі зерттеушілер мен ғалымдар, ізденушілер болашақта міндетті түрде талай зерттеу жұмыстарына біздің қолдағы құжаттарды өзек етіп алады деген сеніміміз бар. Себебі бұған дейінгі тәуелсіздік жылдары тарихына қатысты еңбектерде «Ақ жол» партиясының еліміздің саяси өміріндегі орны туралы жазылып келеді. Қоса кететін тағы бір ескерту, аталған үш томдықтың электрондық нұсқасын «Ақ жол» партиясының сайтынан жүктеп, пайдалануға болады. - Әбдіразақ аға соңғы сұрақ, қолға алынған іс жалғасын табатын шығар... Басқа да осындай тың бастамаларыңыз бар ма тағы? - Бұл бсталған іс. Енді жерде еліміздің саяси өмірінде маңызды орын алатын «Ақ жол» демократиялық партиясының болашақтағы тың серпілістері, дәл осылай сериялы түрде жалғаса береді. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде, БАҚ беттеріндегі «Ақ жол» демеократиялық партиясы туралы мағлұматтарды осы шығарылған құжаттық материалдар негізінде саралап, жинақтау жұмыстарын да қолға алу жоспарымызда бар. - Сұхбатыңызға рахмет. «Ақ жол» партиясына әрдайым Ақ жол тілейміз!Пердехан МҰСЫРМАНҚҰЛ,
www.qazaquni.kz