Ауылдағы ағайын жәрдемақыдан неге қағылуы тиіс?
2019 ж. 18 мамыр
3076
4
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың назарына!
«Қазақ үні» газетінің редакциясына газет президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға Ақмола облысы Зеренді ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Марат Оспановтан бүгінгі күні елдің бәрін толғандырып жүрген көпбалалы аналардың жәрдемақысына байланысты хат келді. Өзекті мәселеге үн қосқан қарияның хатын оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік. Мен Ақмола облысы Зеренді ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Марат Оспанов Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тұрмысы төмен азаматтарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын. Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек. Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын», – деген «Нұр Отан» партиясының сьезінде айтқан тапсырмасының бүгінгі күні ел ішінде қалай орындалып жатқанына құзырлы орындардың назарын аударғым келеді. Елбасымыздың өзі шегелеп тұрып айтқан халықтың болашақта емес бүгін сезінуге тиіс игілігін көрсетудің орнына бұл тұрғыда түрлі кедергілерді ауылдағы әрбір отбасының алдына кесе көлденең қойып отырған жергілікті биліктің әрекеті бәріміздің зығырданымызды қайнатып отырғанын жасыра алмаймын. Осы мәселемен бетпе-бет келіп отырған біздің отбасымызда 8 адам тұрып жатырмыз. 5 немерем бар. Ең үлкені 14 жаста. Менің зейнетақымды, қорадағы малды есептегенде әр жан басына шаққанда, 21 500 теңгеден асады екен. Неге қорадағы малдың кірісі ғана есептеледі? Мал ұстаудың өзі қаншама шығын екенін неге есепке алмайды. Ең бірінші малды ұстауға, қора керек, малға шөп-жем, аспаннан түспейді. Қиын тазалау да жұмыс. Осының бәрін есептесең, малдың кірісі өзін-өзі ақтай алмайды. Сиыр әрі кетсе 6 ай сауылады, қалған 6 ай оған күтім керек. Ал енді қалада, аудан орталығында тұратын көпбалалы отбасындағылардың көпшілігі мал ұстамағандықтан, жәрдемақыға қол жеткізіп жатыр екен. Мал ұстап, күндіз түні жұмыс істейтін ауыл тұрғындарына тиынның тимеуі әділетсіздік қой. «Ауыл – елдің алтын бесігі», «Ауылды көрекейту керек» деген сөздің барлығы жәй ғана жалған ұран болып қалғаны ма? Осыдан кейін ауыл қалай тоқырауға ұшырамайды, айтыңыздаршы?! «Дипломмен ауылға» атты аты дардай бағдарламаның да жастарға берері шамалы. Ауылға келіп, күн көріс үшін мал ұстағандарға ақша берілмейді. Сондықтан, олар да ауылға келгілері келмейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ауылда тұратын көп балалалы отбасылардың үйіндегі ата-анасының зейнетақысы кіріс ретінде есепке алынбауы керек. Қарт кісілер мен олардың балаларын бір-біріне кереғар қылып қою кімге керек? Осыдан кейін, ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтін, қалаға қарай үдере көшкен жас отбасылардың қатарын одан әрі көбейтуге жол ашып жатқандарыңызды білесіздер ме? Осы тұста халық қалаулылары мен Президенттікке үміткер канидаттар ауыл-ауылды аралап, халықты толғандырған мәселелерге құлақ түрсе екен деймін. Құрметті Бердібек Машбекұлы, жоғарыда айтылған мәселеге назар аудара отырып, ауылдағы көпбалалы аналардың алуы тиіс жәрдемақысы бойынша, қорадағы бардың бәрін тайлы-таяғымен санамай, зейнеткерлердің зейнетақысын кіріс ретінде есептемеу мәселесін қайта қарауыңызды сұраймын. Елбасының тапсырмасын тындырымды атқару үшін көпбалалалы аналардың жағдайына бей-жай қарамай, барлық мүмкіндікті қарастыруларыңызды сұраймын. Құрметпен: Марат ОСПАНОВ С.Сейфуллин ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақмола облысы Зеренді ауданы qazaquni.kz