«Эйр Астана» өз ұшағының Шереметьево әуежайында апаттық жағдайда қонғанын жоққа шығарды
2019 ж. 17 мамыр
2275
0
«Эйр Астана» әуе компаниясы өз ұшағының Мәскеудің Шереметьево әуежайында апаттық жағдайда қонғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әуе компаниясының Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағыты бойынша КС873 рейсімен ұшып шығуы тиіс болған ұшағы 40 минутқа кешіктірілді. Ол ұшақты талаптардың минималды деңгейінің шегінде пайдалануға мүмкіндік беретін кейінге қалдырылған жарамды ақауға байланысты», - делінеді әуе компаниясының хабарламасында.
Ұшақ экипажының командирі Шереметьево әуежайына қонардың алдында шектеулерді есепке алып, әуежайдан тежегіш жолдың барынша ұзын болуын қамтамасыз ету үшін, толық ұшу-қону жолағын сұраған.
«Әуе кемесінің командирі апаттық жағдайда қонатыны туралы хабарлаған жоқ. Қону штаттық тәртіпте өтті», - дейді әуе компаниясындағылар.
Еске сала кетсек, бұған дейін ресейлік және қазақстандық БАҚ-та «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы Мәскеудің Шереметьево әуежайында апаттық жағдайда қонғаны туралы хабарланған еді.