Шығыс Қазақстанда «WorldSkills Shygys» төртінші рет өткелі тұр
2019 ж. 14 мамыр
2115
0
Өскеменде шаштараз, механик, дәнекерлеуші мен жүргізушілер жарысқа түседі. Бұл туралы бүгінг «WorldSkills Shygys - 2019» аймақтық чемпионатын өткізу аясында ұйымдастырылған брифингте облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлімдеді.
«WorldSkills Shygys – 2019» аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және «Jastar» жастар жылы аясында аймақ колледждері мен жоғары оқу орындарының 270-тен астам студенттері мен түлектерінің қатысуымен 18 ден 22 жас аралығындағы студенттер мен жұмысшы жастар арасында 43 құзыреттілік бойынша өткізілмек.
Сонымен қатар, чемпионат аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Шаштараз ісі», «Ақпараттық технологиялар» және «Сән технологиясы» құзыреттіліктері бойынша I аймақтық «Abilympics Shygys - 2019» кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.
Шығыстың бас шаһарында бастау алып, үш күнге созылатын чемпионат жеңімпаздары республикалық додаға жолдама алады.
– Біздің өңірдің жастары шын мәнінде білімді, білікті. Сөзімізге өткен жылғы чемпионат қортындысы дәлел. Әлемдік додада 8 өреніміздің жеңіске жеткенін білесіздер. Сол себепті барлығы біздің аймақтан үлкен нәтиже күтеді. Екінші қырынан, біз жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың өз ісінің шебері болып қалыптасуына зор ықпал етудеміз, – деді ШҚО әкмінің орынбасары Әсем Нүсіпова.