СІМ Шри-Ланкадағы терактіге қатысты мәлімдеме жасады
2019 ж. 22 сәуір
2036
0
ҚР Сыртқы істер министрлігі Шри-Ланкадағы лаңкестік актілерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан 2019 жылы 21 сәуірде Шри-Ланка астанасы Коломбода, сондай-ақ Негомбо және Баттикалоа қалаларында бейбіт адамдардың өмірін қиған террористік актілерді қатаң түрде айыптайды», - деп жазылған ҚР СІМ мәлімдемесінде.
Сонымен қатар онда Қазақстан терроризмнің барлық түрін айыптайтыны және әлемдік қоғамдастықтың осы зұлымдыққа қарсы күресінде ұжымдық әрі батыл іс-қимылдарды қабылдауын қолдайтыны атап өтілген.
«Осы адамгершілікке жат акцияларды ұйымдастырушылар анықталып, тиісті жазасын алуы керек деп санаймыз. Лаңкестік салдарынан қаза болғандардың жақындарына, Шри-Ланка халқы мен Үкіметіне қайғырып көңіл айтамыз», - делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шри-Ланкадағы жарылыс кезінде қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Соңғы мәліметтер бойынша Шри-Ланкада сегіз жарылыс болды. Шетелдік БАҚ-тың мәліметтінше, қаза болғандардың саны 180-нен асты, тағы 500 адам зардап шекті. Көз жұмғандардың арасында шетел азаматтары да бар.