Дәурен Абаев сайлауға бөлінетін 9,4 млрд теңге жөнінде пікір білдірді
2019 ж. 19 сәуір
2400
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сайлауға бөлінген 9 млрд 400 млн теңге жөнінде әлеуметтік желі қолданушыларының сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, сайлауды өткізуге әуелде 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлу көзделген еді. Бірақ Қаржы министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен талқылауынан кейін, шығындарды оңтайландырып, электоралды бюджетті 3 млрд теңгеге қысқарту ұйғарылды. Екіншіден, біз сайлау туралы оңай бас тартуға болатын даңғазалық ретінде айтпауымыз керек. Бюджет шығындары айтарлықтай қалыпты. Мәселен, Украинадағы сайлау бюджетін теңгемен есептесек, 30 млрд теңгені құрайды», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Оның үстіне, қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысын төлеуге кетеді. Яғни комиссия мүшелерінің басым бөлігін құрайтын дәрігерлер мен зейнеткерлерге, яғни бюджеттік қызметкерлерге төленеді.
«Сайлау бір күн болады. Бірақ оның алдындағы жұмыстар көп уақытты қажет етеді. Сайлаудан бір ай бұрын бюллетеньдердің жеткілікті болуы үшін учаскелердегі дауыс берушілердің санын анықтау қажет. Оларды сайлау өтетін орын туралы, учаскенің жұмыс кестесі және тағы басқасы жөнінде хабардар ету керек. Мұның барлығы - жауапты әрі қауырт жұмыс», - деді Д. Абаев.
Еске сала кетсек, 16 сәуірде ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің резервінен сайлауды өткізуге 9,4 миллиард теңге бөлінетінін мәлім етті. Аталған қаражат республика бойынша ашылатын 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады.