Дулат ШАЛҚАРБАЕВ, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жеңімпазы: СОЛ ҚОЛДЫҢ АЛАҚАНЫ (ӘҢГІМЕ)
2010 ж. 25 ақпан
2702
1
Кешеден бері Қыдырбайдың сол қолының алақаны қышып маза бермей қойды. Қышыған сайын ол алақанын қайта-қайта сүйіп, басын сипайды. Онысы шашымның көптігіндей олжа келсе екен деп ырым еткені. Әуелден сол алақаны қышыса болды, ұзамай мол ақша ұстайтын әдеті бар-ды. Және онысы қате кетпейтін еді. Бұл жолы қалай болар екен?
Қыдырбайдың әкесі кезінде дәулетті болған. Ол осы кенже ұлы дүние есігін ашқанда Қыдыр дарын, бай болсын деген үмітпен атын Қыдырбай қойған. Әкесінің сол тілегін Құдай қабыл алып, есейе келе Қыдырбай да олқы өмір сүрген жоқ. Туғалы бері тарығып көрмеген, ауданға белгілі дәулетті адамдардың қатарында жүрді. Жұртқа мәлім озат шопанның бірі атанып, талай марапатқа ие болды. Ленин ордені мен Құрмет белгісі орденін омырауына тағып, ауданның құрметті азаматы атанды.
Ол сөйтіп шалқып жүргенде заман өзгерді де, совхоз талапайға түсті. Мұның алдындағы отарды таратып алғанда ол өзінің меншігіндегі 150 саулық, бір үйір жылқы, бір табын сиырмен қалған-тұғын. Содан бастап мұның шаруашылығына қырсық араласты. Бір боранда ығып кеткен қойына даланың тағысы - қасқыр араласып, қойды қырып салды. Өрістегі жылқыны ұрылар тауысты. Қолда қалған сиырларын қос-қос «Камазбен» ауылды аралап, қиналған елдің тулағын қағып, пайда тауып қалғысы келген жытқыр, зымиян қуларға азық-түлікке айырбастаумен бітірді.
Ақырында мойнына жоқшылықтың қылбұрауы түсті. Қыдыр баба теріс айналып қыр асып кетті. Екі жылдан кейін бұрын өсіп-өркендеп, көгеріп-көркейген совхоз орталығына көшіп келіп еді. Жуырда ғана алапат соғыс болып өткендей ауылдың тас-талқаны шығып қирап жатыр. Мұнда адам тұрған үйден бұзылған үйдің саны көп. Халықтың дені күнкөрістің қамы үшін жұмыс іздеп қалаға көшіп кеткен. Әркім өз күйін күйттеуден әрі аса алмайды. Біріне бірі қарайласудың атасы өліп қалған сияқты. Қай үйге бас сұқса да ілдәлалап зорға отыр. Бір нәубет босағадан сығалап тұрғандай адамның пейілі де, реңі де өзгерген. Бәрі жүдеу.
Осыны көргенде Қыдырбайдың ыпыны қашты. «Қой, мына пәленің алдын алмаса болмас. Бір күні босқа қырылып қалармыз» деп ойлады ол. Сөйтті де «екі қолға – бір күрек» дегендей білегін сыбанып қалаға аттанды. Оған қалада жүргендер ақшаны күреп тауып жатқандай көрінді. Алақанының бірнеше күннен бері қышып, мазасын алып жүргені де оның үмітін оятты. «Ақша табудың басқа жолы жоқ».
Байқаса бұл да оңай тірлік емес екен. Күздің күні шытырман-тын. Түнеп шығатын үй іздейін деп қаланың шет жағындағы қазақы үйлерді жағалап келіп, бір жұпыны аласа үйдің дарбазасын қағып еді, арғы жақтан мұрты едірейген, кеуделі жігіт келді де:
-Сізге кім керек? – деді.
Қыдырбай оған алыстан, ауылдан келгенін айтып, бір қонып шығайын, - деп еді, әлгі жігіт:
-Бұл мейманхана емес, - деп теріс айналып жүріп кетті.
Оның мынау дөрекілігіне қорланған Қыдырбай:
-Ей, жігітім, тоқта!.. Жөндеп сөйлесейік та, - деп еді, әлгі дөрекі жігіт:
-Сөйлесетін ештеме жоқ. Жолыңнан қалма, - деді де есігі ашық тұрған сарайға еніп кетті.
-Оңбаған!.. Түгі бетіне шығып тұрған қандай сұмдық мынау? Бұл бір сұмдықдың басы шығар, - деп Қыдырбай өзінше бір күңк етті де аяғын сылбыр басып, әрі қарай беттеді.
Одан соң ол екінші үйге, одан кейін үшінші, төртінші үйге барды. Бәрі қазақ, бірақ қондырмады. Қала қазақтарының мына қылығынан түңілген Қыдырбайдың еңсесі түсіп қатты мойып келе жатты «Құдайы мейманмын» деп келгенде есігін айқара ашпайтын қазақ барма еді...» Бабаларымыз: «қазақтың бір бірінен еншісі алынбаған» деген сөзді осы негізге сүйеніп айтқан ғой. Енді сол мейманмен барын бөлісіп жейтін мамыра жай қазақтың сыңайы мынау. Бара-бара не болып кетер екенбіз? – деп ойлаған Қыдырбай:
-Қазақшылықтың да құруға айналайын дегені ме? Бұл не деген масқара! Пейілі бұзылған елге бір нәубет көрінетін еді. Басқадан аулақ, өздеріңмен кетіңдер, оңбағандар, жексұрындар,- деп жерге кіжіне бір түкірді де қаладағы шағын автобекетке қарай беттеді. Онда келіп бос орындыққа отырғаны сол еді, бір шелек ұстаған егде әйел келді де:
-Сіз мұнда неғып отырсыз? –деді.
-Қонғалы отырмын.
-Қонуға болмайды. Қазір мен есікті құлыптап кетемін. Басқа жер тауып алыңыз, -деді әйел үні қатқыл шығып.
-Бұл қалада менің танысым жоқ. Қайда барамын?
-Онда менің шаруам қанша? - әйел шелегін бір бөлмеге қойып шықты да, кетуге ыңғайланды. Қолына қалтасындағы кілтті алып, есік алдына барды да:
-Кәне, болыңыз!..- деді.
-Шырағым-ау, жаңа сізге айтып едім ғой, баратын жерім жоқ деп. Әрісі мұсылман, берісі қазақсың ғой. Бір түн үйіңе қондырсаң қайтеді?..
Әйел шошып кетті.
-Құрып кет әрі! Мен үшін тентіреп жүрсің бе? Бол дереу! Үйді босатыңыз. Әйтпесе мілиса шақырамын. –деді дауысы қатқыл шығып.
Қыдырбай орнынан шүйіле зорға тұрып, сыртқа шықты. Әйел есікті долдана сарт еткізіп жауып құлыптады да жөніне кетті. Өзінен өзі бүлініп жүрген бір көқдолы сияқты. «Құрып кетсін, кәпір. Бетіне сідігі шапшып тұр екен пәдеріңе нәлеттің» деп ойлаған Қыдырбай біраз аңырап тұрды да, беті ауған жаққа қарай ілби аяндап келе жатты. Кенет ол арық жиегіндегі бір үйіншектің қасында жатқан фургон «Москвичтің» ескі қорабына тап болды. Қорап іші ықтасын екен. Еденін біраз сыпырып, қолындағы ауылдан алып келген көнетоз сөмкесін басына жастап қисайды. Әрі-бері дөңбекшіп жатып ұйқтап кетті. Таң атқанда бірақ оянды. Денесі серігіп жақсы дем алыпты. Омырауындағы екі ордені көтерілген күнмен шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Пәленбай жылғы табысты еңбегі мен маңдай терінің өтеміндей болған бұл екі орден оған Құдай сыйлаған баға жетпес керемет дүниедей көрініп, оның омырауында жарқ-жұрқ етіп жүргенін дәтке қуат, мақтан ететін. Ол оны солай бағалағанымен қаладағылардың бәрі соқыр адамдай көзге ілетін емес. Оған біреуі де пысқырып та қарамайды.
Осы ескі қорап сол күннен бастап оның кең сарайдай мекеніне айналды. Күндіз қала аралап, жұмыс іздеп келеді де, кешке осында дем алады. Мұнда адам мекендейді деп ешкімнің қаперіне енбейтін тәрізді. Қауіпсіз жер, Қыдырбай осы «үйіне» жұрт көзі ілінгенде зып береді. Дорбасын жастап, шалқасынан жатады да алуан-алуан қиялға кетеді. Сөйтіп жатып көз іледі. Осында жатқанына бір апта болса да, әлі жұмыс табылған жоқ. Қалада жұмыс табу оңай сияқты көрінбейді. Біреуден барып жұмыс сұраса, ол саусағын шертіп отырып ақша сұрайды. Ондай ақша мұның түсіне де енетін емес. Ауылдан алып шыққан тиын-тебені таусылып, бұл екі күн базар алдындағы қайыршылар қатарына да қосылып еді, оның да бастығы бар екен, үшінші күні қуып шықты. Сөйтіп дел-сал болып келе жатқанда бір танысы кездесіп, бір түрік байшыкешінің үйіне алып келді. Құдай жарылқады. Төрт адам бірігіп, оның сарайын, тауық қорасын жөндеп, «Мерседес» машинасына гараж салып бермекші болып келісті. Еңбекақысы айтарлықтай көп емес. Әйтеуір талғажау...
-Бір аптада бітіресіңдер ме, бір айда бітіресіңдер ме ерік сендерде. Менің беретінім екі мың доллар, - деді түрік кекжие шіреніп тұрып. Көнбеске шара жоқ, көнді. Олар жедел жұмысқа кірісті. Осындағы сарайдың бірінде жатып, таңның атысы, күннің батысы демей ындынын салып жұмыс істеді. Жұмыс ауыр. Бұрын мұндай жұмыс істемеген Қыдырбайға оңай соқпады. Оның үстіне ауылдағыдай көл-көсір тамақ та жоқ. Бәрі тақ-тұқ. Әйтеуір түлкі құрсақ жүрек жалғайтын бірдеңе. Жұмыс басталар алдында бай түрік бұлардың бар құжаттарын сыпырып алып, екі мың теңгеден «аванс» деп ақша берген де:
-Осыны үнемдеп жаратыңдар, қалғанын бәрі біткеннен кейін аласыңдар, - деген.
Үнемі таза ауада ет жеп, қымыз бен айран-қатық ішіп дағдыланған Қыдырбай қоңылтақсып жүрді. Бірақ сыр берген жоқ. Әйтеуір ауылға мол ақша алып барса болғаны да. Ол сонау күні сол қолының алақаны қышығанынан әлі дәмелі. ӘЙТЕУІР БІРДЕ МОЛ АҚШАНЫ КҮРЕП АЛАТЫНДАЙ СЕЗІНЕДІ ӨЗІН. «Кедей түсінде байиды» дегеннің кері бұл. Бірақ қалаға келгелі алақанының қышығаны да сап тиылған. Ол есіне түскенде «мұнысы қалай?» деп анда-санда басын шайқап та қояды. Сөйтіп жүріп бұлар бір ай шамасында міндетіне алған істі тап-тұянақтай етіп орындады да, еңбек ақысын сұрап еді. -Келесі аптада аласыңдар. Қазір ақша жоқ – деді түрік.
Келесі аптада зыр етіп жетіп келді. Түрік енді басқа әуенге басты.
-Сендерді тентіреп жүргендеріңде қанша күн асырадым. Менің осы жомарттығыма рахмет айтыңдар, - деп қасқайып тұр. Беті шылп ететін емес.
Әрі салғыласты, бері салғыласты, ештеме өнетін түрі жоқ. Әрі-беріден соң түрік доңайбат көрсете бастады. Ол үйіне кіріп қосаусыз мылтық ұстап шықты да, бұлардың көзінше екі оқ салды. Қыдырбай бетіне қарап еді, түсі бұзылып кеткен екен. Көзі шатынап, қою қара мұрты жыбырлап тұр.
-Кәне, тайып тұрыңдар! Енді менің көзіме көрінсеңдер атып тастаймын. Үйді тонағалы келген баспанашылар деп полицей шақырамын – деді тісін шақыршұқыр қайрап.
-Мынау нағыз кесіп алса қан шықпайын мүттайым екен. Мынадан алған ақша бізді ешқайда апармас, - деп түгілген Қыдырбай қасындағыларға жағалай бір қарап алды да: «Мен кеттім!.. Сендер өздерің біліңдер... Мұндай бәлені бұрын кім көріпті... Беті аулақ кәпірдің!.. Берісі түріктен, әрісі адамнан садаға кет, найсап!» - ол осы сөзді кіжіне айтты да, қолын бір сермеп, адымдай басып кетіп бара жатты.
Ақырында төрт қазақ бір түрікке жем болып, өз жөндеріне тарасты. Төбесінен мұздай су құйғандай сүмірейген Қыдырбай ымырт үйіріле өзінің үйреншікті «үйіне» келді де кең көсіліп жатқаны сол еді, сол жақ қолының алақаны тағы да қышыды. Кеше қышығында «еңбекақымды аламын ғой» деп үміттенген еді, ол болмады. «Енді атаңның басына қышып жатырсың ба. Қышығаныңа бір ай болды, әлі өніп жатқан ештеме жоқ. Бұрын қате кетпеуші еді, заманға сай сен де айнығансың ба? Неменеге далбасалап қыши бересің найсап!» - деп Қыдырбай оң қолының жұдырығымен сол қолының алақанын екі-үш рет түйіп-түйіп жіберді. Содан соң алақанының қораптың мұздай жақтауына сүйкеді. Біраздан кейін алақаны тағы қышыды. Бұл жолы дуылдай қышыды.
- Мынаны-ай ә!.. Не болды саған?.. – деп күбірледі де, бұрынғы дағды бойынша алақанын тағы да сүйіп алғанын өзі де аңламай қалды.
Ол өзімен өзі болып мына заманға кіжініп жатыр. «Қайда барсаң өз елінде, кіндік қаны тамған жерінде сорлап, нан таба алмай жүрген қазақ. Базарға барсаң да, қайыр сұрап отырған да қазақ. Қазақтың зіңгіттей-зіңгіттей жігіттері қоларбаны сүйретіп, кімкөрінгеннің жүгін тасып, жалданып құл есебінде жүр. Соларды көргенде зығырданың қайнайды. Кім байып жатыр? Байып жатқан келімсектер. Олардың көзінің еті өскені сонша адам екен деп қарп маңайына жолатпайды. Мына шеттен ауып келген түріктің істеп отырғаны мынау, айылын да жимайды. Өз елімізде жүріп біздің осынша мүсәпір болуымызға жол болсын. Баяғы арыстандай айға шабатын ар-намысымыз қайда? Азғындап кеткеніміз бе?» деп кіжінеді ол.
Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткен екен, әлде кім оны жұлқылап түртіп қалғандай болды да, оянып кетті. Дүрсілдете жүгіріп осылай қарай екі адам келе жатыр. Қыдырбайдың жүрегі атша тулады, дүрс-дүрс етеді. Бірақ қыбыр еткен жоқ. Әлгі екі адам тұсына келе бергенде біреуі:
- Қолыңдағыны лақтыр ана жаққа, -дегені сол еді, бір зілмауыр зат дүрс етіп Қыдырбайдың үстіне келіп түсті.
Қыдырбай қыбыр етпей жатқан күйі демін ішке тартып, әріге көз тастап еді, әлгі екеуін төрт полицей қуып келеді екен.
- Әне, анда кетіп барады, - деді бір қарлыққан дауыс.
Екі рет мылтық атылды да, төрт полицей де ышқына жүгіріп қарасы өшті. Қыдырбай кеудесін кере дем алып, «уһ» деп бір күрсінді. Алқынған жүрегі орнына түсіп, басын көтерді. Сәлден соң бөксе жағында жатқан жаңағы затқа қолын созды. Іші толы саквояж екен, өзі әжептеуір салмақты. Жан-жағына аңыстай бір қарап алды да, қолы қалтырағандай болып саквояжды ашты. Қолына әуелі майда ұнтақ салынған бірнеше салапан қалта, содан соң ортасы буылған бірнеше купюрлық ақша ілікті. Солкезде оның есі шығып, жүрегі алқымына тығылды. «Алла!...Алла!...» дей берді.
Сонан соң абыл-құбыл қимылдап, саквояжды төңкеріп тастады да, ондағы бел ортасы буылған купьюрлерді өзінің көнетоз сөмкесіне ауыстырып сала бастады. Санап салып жатыр. «Бір... екі... үш... он бес... жиырма!..». жиырма купюр екен. Әрқайсысы мың доллардан 20 мың доллар. Қыруар ақша. Дем арасында қыдыр дарып, байыды да қалды. «Біз қанша тентіресек те таба алмай жүрген ақша қайда десек, қулардың, жанкешті есірткішілердің қолында жүрген екен ғой» деп күбірлеп, басын шайқаған ол, осынша ақшаның өзіне бұйырарын алдын-ала білген сол қолының алақанына риза болып, оны қайта-қайта тағы да сүйе берді. «Рахмет саған!» деді ол күбірлеп.
Енді бұл жерде жатудың қажетсіз екенін түсінді. Жаңағы қашып бара жатқан екеуі есірткі сатумен айналысып жүргендер екені белгілі болды. Олар аман құтылса бұл жерге қалайда бір айналып соғады деп ойлаған ол бірнеше күн баспана болған құтты құжырасын лажсыз тастап, қараңғы түн қойнауына еніп, кетіп бара жатты. Кеудесі көріктей гулеп, көңілді күй тартып келеді.
Қыдырбай сол қолының алақанына тәнті. «Оған сездірген де Құдай шығар. Бәлі Алланың ырқында. Туғалы бері кісінің ала жібін аттап көрмеген едім. Мұны мен біреуден не ұрлап, не тартып алғаным жоқ. Есірткі сатпағаным тағы аян. Не болса – о болсын, ақша өзінің баратын жерін жаңа тапты. Мұны Алла маған бұйыртайын деген болар. Құдайдың мұнысына шүкір. Алла енді осыны бойға құт қылсын... Адал ас ете гөр, жаратқан» - деп іштей Аллаға жалынып егіліп келеді. Кенет сол қолының алақаны ерініне жақындап қалған екен Қыдырбай оны тағы да еміреге сүйіп-сүйіп алды. «Рахмет саған!.. Рахмет» - дейді алқына сөйлеп. Содан соң дымқыл алақанын тершіген маңдайына басты.
Айнала жым-жырт. Заводтардың биік мұржаларынан будақтап шыққан түтінге оранған қала – жан-жағын қымтанған бикештей былбырап ұйқтап жатыр.