Қазір мектеп бітіру кеші "Кім қайда жасайды?" деген жарысқа айналды – Шәмшидинова
2019 ж. 16 сәуір
5248
1
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысында мектеп бітіру кештерін өткізу туралы өз ойын айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Бұрын бітіру кештері қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп қабырғасында өткізілетін.
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде мектеп бітіру кеші "кім қайда жасайды?" деген жарысқа айналды», - деді Күләш Шәмшидинова.
Шәмшидинованың пайымдауынша, мектеп бітіру кештері бұрынғы форматта ата-анамыз өткізгендей, яғни мектеп қабырғасында өтуі тиіс.
Себебі, мектеп бітіру кеші шын мәнінде мектеппен қоштасу және болашаққа жоспар құру кезеңімен сәйкес келеді.
Оның сөзінше, оқушылардың ата-аналары мен мектеп бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне назар аударуы керек.
«Кез келген іс-шара бірінші кезекте осы мәселеге сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Сол себепті, біз мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, тек мектептің аумағында ғана, еш артықшылықсыз өткізуді ұсынамыз және солай өткізу дұрыс деп есептейміз. Артық басқосулар және қымбат көйлектер ешкімге қажет емес. Бітіру кеші бір-бірінің сәнді көйлектерімен жарысу үшін өткізілмейді. Бітіру кеші балалар мен ата-аналардың «бұрын айтылмаған нәрсені айта алатын» тыныш атмосферада өтуі керек», - деді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі.
Бұған дейін Күләш Шәмшидинова 1 маусымнан бастап қай санаттағы мұғалімдердің жалақысы көтерілетінін айтқан болатын. Сонымен қатар министр еліміздегі мектептердің инфрақұрылым мәселесін сөз етіп, мектеп жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін алдағы үш жылда 190 жаңа мектеп салынатындығын жеткізді.